Zamandas.kz ақпараттық агенттігі
ЖаңалықтарСаясатЭкономика

Олжас Бектенов Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында: «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыру Қазақстанның тұрақты экономикалық дамуы үшін жаңа негіз қалайды

Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің (ШИК) аралық отырысын өткізді. Онда халықаралық бизнестің инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға қатысуы, инвестициялық саясатты жетілдіру және кәсіпкерлік қызметті жүргізу кезіндегі жағдайларды одан әрі жақсарта түсу мәселелері қаралды.

Олжас Бектенов шетелдік инвесторлармен өзара іс-қимылдың, соның ішінде Мемлекет басшысы еліміздің инфрақұрылымын жаңғырту бойынша қойған стратегиялық міндеттерді жүзеге асырудағы маңыздылығын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жуырда өзінің Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің инфрақұрылымын ауқымды түрде жаңартудың стратегиялық бағытын айқындады. Осы орайда республиканың барлық өңірін қамтитын «Халықтық құрылыс» бағдарламасына айрықша мән беріліп отыр. Алдағы 2027 жылдың Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялануының символдық мәні зор. Белгіленген мақсаттарға қол жеткізу үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлу көзделген. Жүзеге асырылып жатқан жобалардың маңызы мен ауқымы жекелеген нысандардың құрылысымен шектеліп қалмайды. Шын мәнінде, Қазақстанның алдағы онжылдықтардағы орнықты экономикалық дамуы үшін жаңа негіз қалануда. Бұл ретте осындай ауқымды міндеттерді жүзеге асыру халықаралық әріптестер үшін кең мүмкіндіктерге жол ашады», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Жиында Қазақстанның озық инженерлік шешімдерге, құрылыстың заманауи стандарттарына және тиімді басқару тәжірибелеріне, сондай-ақ экспорттық әлеуеті мол құрылыс материалдары, жабдықтар мен жинақтауыштардың бірлескен өндірісіне мүдделі екені атап өтілді.

Үкімет Президент тапсырмаларын орындау аясында инвестиция тарту және сүйемелдеу жүйесін жаңартуда. Бұл ретте «Бәйтерек» ҰИХ негізінде инвесторлармен жұмысты бірыңғай үйлестіру, сондай-ақ Kazakh Invest ұлттық компаниясын холдинг құрамына беру және бірыңғай фронт-офис құру көзделген. Бұл инвестициялық жобаларды кешенді сүйемелдеуге және инвесторлардың қаржыландыру құралдарына қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар Сыртқы істер министрлігі шетелдік компанияларды тарту бағытындағы белсенді жұмысын жалғастырады. Инвестицияларды құқықтық қорғау мәселесіне, оның ішінде Мемлекет басшысының халықаралық озық тәжірибені қолдана отырып, Алатау қаласында инвестициялық сот құру жөніндегі бастамасына ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бахтияр Мұхаметқалиев шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-ші пленарлық отырысының хаттамалық тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндады. Инвестициялық саясат, энергетика, мұнай-газ саласы, еңбек заңнамасы, цифрландыру, денсаулық сақтау және фармацевтика бойынша жұмыс топтарының есептері тыңдалды.

«Қазақстанның шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығының басқарма төрағасы, EY компаниясының Орталық Азия және Кавказ елдеріндегі басқарушы серіктесі Ерлан Досымбеков салықтық және кедендік әкімшілендіру мәселелері, оның ішінде экспорттаушылар үшін ҚҚС қайтарудың жаңа тәртібін енгізу, реэкспортқа салық салу және кедендік транзит мәселелері бойынша атқарылған жұмыстың нәтижелерін таныстырды.

Eni Kazakhstan компаниясының төрағасы әрі басқарушы директоры Сегер Хойтинк құбыр желілерін инспекциялау кезінде тәуекелге бағдарланған тәсілді қолдану және мұнай-газ саласында парниктік газдар шығарындыларына арналған қосымша квоталарды бөлу жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстарын білдірді.

Air Liquide Munay Tech Gases бас директоры Габриэль Константин жоғары білікті кадрлар тарту жағдайын жақсарту бойынша бірлескен жұмыстың нәтижелерін атап өтті. Олардың қатарында халықаралық кәсіби сертификаттарды тану және шетелдік мамандардың компания ішіндегі қызметтік ауысуына жағдай жасау тіктерін дамыту бар.

KPMG  компаниясының Орталық Азия және Кавказ елдеріндегі басқарушы серіктесі әрі атқарушы директоры Сәкен Жұмашев цифрландыру бойынша атқарылған жұмыстар туралы мәлімдеді: Кеңес компаниялары көлік, өнеркәсіп, энергетика, телекоммуникация және корпоративтік үдерістерде ЖИ енгізу кейстерін ұсынды. Басым бағыттар қатарында жобаларды кеңейту және есептеу инфрақұрылымына инвестиция салу бар.

«Химфарм» АҚ (Santo, Polpharma Group) бас директоры Адам Алексеюк фармацевтика саласын дамыту мақсатында өнімнің сапасына, қауіпсіздігіне және тиімділігіне қойылатын талаптарды сақтай отырып, инвестициялық келісімдер шеңберінде локализацияланатын дәрілік препараттарды сүйемелдеу үшін «жасыл дәліз» тетігін енгізу жөнінде ұсыныстар айтты. Өндірістерді локализациялау кезінде адами капиталды дамытудың маңыздылығы атап өтілді.

Сондай-ақ халықаралық компаниялардың қосымша бастамалары қаралды. Polpharma компаниясы экспорттық әлеуеті бар жаңа дәрілік препараттарды локализациялау үшін инвестициялық келісімдерді кеңейтуді ұсынды. Anadolu Group (Coca-Cola) қант қосылған сусындар нарығын реттеу мәселесіне тоқталды. Beeline Kazakhstan (VEON) әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылысын қаржыландыруға жеке инвестициялардың қатысуы үшін мүмкіндіктерді кеңейту бойынша ұсыныстар айтты.

Ұлттық экономика, Энергетика, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Жасанды интеллект және цифрлық даму, Денсаулық сақтау министрліктерінің басшылары пікір білдірді.

Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министр Үкіметтің өзара тиімді әріптестікті нығайтуға бағытталған сындарлы диалогке ашық екенін атап өтті. Жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдарға «Қазақстанның шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығымен бірлесіп, айтылған барлық ұсыныс пен ұсынымдарды жан-жақты қарастыру тапсырылды.

Сәйкес жаңалықтар

Алматы Орталық Азиядағы медициналық туризм орталығы ретіндегі позициясын нығайтып келеді

zamandas_kz

Қазақстанда 2025 жылы 33 жаңа өнеркәсіптік кәсіпорын іске қосылды

zamandas_kz

Токаев госслужащим и полицейским: «Ваши знания и опыт должны служить на благо народа»

zamandas_kz