Zamandas.kz ақпараттық агенттігі
ЖаңалықтарЗаң мен тәртіпҚоғам

«Ол өзгенің нұсқауымен әрекет етуге болмайтынын түсінді»: Ұлан Нүсіпқожаның адвокаты клиентінің өкінгенін жеткізді

Санжар Боқаевқа қатысты сот процесінде тараптардың жарыссөзі өтті. Боқаевтың жеке мобилографы Ұлан Нүсіпқожаны қорғап жүрген адвокат Мәди Әуекенов өз сөзінде қорғауындағы адамның кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінетінін мәлімдеді.

Әуекенов соттан бұл мойындауды жай ғана формалды мәлімдеме ретінде қабылдамауды сұрады. Оның айтуынша, Нүсіпқожаның сөзінің артында өз қателігін түсіну және жасаған әрекеті үшін жауапкершілік алуға дайын болу жатыр.

Адвокат сөзінің негізгі бөлігін қылмысқа қатысушылардың рөлдерін ажырату мәселесіне арнады. Ол Нүсіпқожаның мобилограф болып жұмыс істегенін және тек техникалық жұмыстармен айналысқанын еске салды. Оның жұмыс берушісі Боқаев болған, ал Нүсіпқожа оның тапсырмаларын әдеттегі жұмыс міндеттері ретінде қабылдаған.

Адвокаттың айтуынша, қорғауындағы адамның рөлін тапсырма берген, жұмыстың мазмұнын айқындаған және дайын материалдардың тағдырын шешкен тұлғаның рөлімен теңестіруге болмайды.

Қорғаушы «Атакент» пен жерасты өткелдеріне қатысты эпизодқа да ерекше тоқталды. Оның сөзінше, бейнероликтердің мәтіндерін, скриншоттарын және ақпараттық негізін Боқаев дайындаған. Ал Нүсіпқожа дайын материалдарды алып, тек техникалық жұмыстарды орындаған. Ол жарияланымдардың мазмұнын анықтамаған, оларды жариялау туралы шешім қабылдамаған және әлеуметтік желілердегі парақшаларды басқармаған.

Адвокат соттан қорғауындағы адамның ақпараттану деңгейіне және қылмыс құрамының субъективтік белгілеріне баға беруді сұрады. Оның пікірінше, бейнероликтерді жасауға техникалық тұрғыдан қатысудың өзі мұндай бағалауды автоматты түрде алмастырмауы керек.

Адвокат сөзінің тағы бір бөлігі Нүсіпқожаның тергеу кезіндегі әрекеттеріне арналды. Қорғаушының түсіндіруінше, сотталушы өзіне «ештеңе есімде жоқ» деп айтуды ұсынған Боқаевтың ықпалында болған. Кейін оған мүлде үндемеуге кеңес берілген. Соның салдарынан Нүсіпқожа кейінгі жауап алуларда айғақ беруден бас тарту құқығын пайдаланған.

Адвокат соттан оқиғалардың бірізділігіне назар аударуды сұрады. Оның айтуынша, өзі сенген адамның ықпалында болған Нүсіпқожа ақырында шындықты жасырмау туралы шешімді өз бетінше қабылдаған.

Қорғаушы айыпталушының жеке басына да тоқталды. Нүсіпқожа бұған дейін сотталмаған және жауапкершілікке тартылмаған. Оның бұрынғы некесінен кәмелетке толмаған баласы бар, ол оған материалдық көмек көрсетіп келген. Сондай-ақ, қорғаушының айтуынша, ол өгей баласын да өз баласындай қабылдап, тәрбиесіне атсалысқан.

«Айыпталушының үйіне оралуын асыға күтіп отырған, олар үшін мұның маңызы зор адамдар бар», – деді Әуекенов.

Адвокат соттан кінәні мойындауы мен өкінуін, кәмелетке толмаған балаларының болуын қоса алғанда, жазаны жеңілдететін мән-жайларды, әр эпизодтағы қорғауындағы адамның жеке рөлін, бұрын сотталмағанын және қамауда өткізген мерзімін ескеруді сұрады. Сондай-ақ, заңда көзделген негіздер болған жағдайда жазаны жеңілдететін нормаларды қолданып, нақты бас бостандығынан айырумен байланысты емес ең жеңіл жаза тағайындауды сұрады.

Сөз соңында Әуекенов сот алдында кімге сенуге болмайтынын кеш түсінгенін ұғынған және түзелуге мүмкіндік сұрап отырған адам тұрғанын айтты.

Сәйкес жаңалықтар

Қолынан келсе, қонышынан басуға тырысады

zamandas_kz

Известный юрист предложил исключить риски политизации религии в Казахстане

zamandas_kz

Астаналық зейнеткерлер қол күрестен сынға түсті

zamandas_kz