Маңғыстауда семіздікке шалдыққандардың асқазанын кішірейту үшін екі ота жасалды

0
263

Маңғыстау облыстық ауруханасында шеберлік сағаты өтті. Шеберлік сабақтың мақсаты – 2 типті қант диабеті мен семіздікті хирургиялық емдеу, тәжірибе алмасу. Бұл туралы облыстық аурухананың баспасөз қызметі мәлімдеді, – деп хабарлайды zamandas.kz сайты mangystaumedia.kz сайтына сілтеме жасап.

Маңғыстау облыстық ауруханасында жасалған отаға профессор, «Қазақстан бариатриялық және метаболикалық хирургтар қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Орал Оспанов, хирург Талғат Мұқантаев пен Медет Жиғанғалиев, анестезиолог-дәрігер Жасталап Дүйсекенов, операциялық медбике Жазира Ештаева қатысты.

«Қант диабетімен ауыратын науқастардың салмағы 120-дан 160 келіге дейін. Екеуінде де семіздік ауруы бар. Бұл – денсаулыққа өте қауіпті, себебі, кез келген мүшеге әсер етуі мүмкін. Атап айтқанда, қан қысымының көтеріліп, қандағы қанттың жоғарылауына, инфаркт қаупін арттыруға және қатерлі ісіктің кейбір түрлеріне әкелуі мүмкін. Операцияның маңыздылығы – асқазанның көлемін кішірейту және тамақтың ішек арқылы өту жолын қысқарту. Жіңішке ішектің төменгі бөлігі қысқартылған асқазанға тігіледі. Осылайша, жеген тағамның сіңімділігі төмендеп, адам салмағын азайтады», – дейді дәрігер Талғат Мұқантаев.

Маңғыстау облыстық ауруханасы хирургия орталығының хирург дәрігері Талғат Мұқантаевтың айтуынша, артық салмақ мәселесін өз бетімен жеңе алмайтындар үшін бұл операция – ең тиімді әдіс.

«Операция эндоскопиялық әдіспен, яғни тіліксіз жасалады. Жалпы анестезиямен іштің алдыңғы қабырғасын төрт-бес тесу арқылы орындалады. Соның арқасында науқастар үш-төрт күннен кейін жазылады. Операция кеше жасалды, ал кешке қарай науқастар палатаны өз бетінше аралап, өздеріне қызмет көрсете бастады. Науқас операциядан кейін үш-төрт апта ішінде асқазанға қажетсіз салмақ түсірмеу үшін диетаны қатаң сақтауы керек. Одан әрі шектеулер асқазанның көлеміне байланысты болады», – дейді Талғат Мұқантаев.

Айта кетейік, бұл операциялар ауруханада міндетті медициналық сақтандыру аясында тегін жасалды. Портал арқылы жоспарлы түрде семіздік диагнозы қойылған науқастар қабылданады. Мұны істеу үшін сіз эндокринологпен бірге операция қажет не қажет еместігін анықтап алуыңыз керек.

Айта кетейік, аталған операциялар Медицина ғылымдарының кандидаты, еңбек ардагері Сүлеймен Бердәулетовтың 80 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция аясында жасалды. Сонымен қатар Облыста балалар ауруханасында, облыстық перинаталдық орталықта Қазақстанның басқа аймақтарынан онлайн қосылған дәрігерлердің қатысуымен шеберлік сабағы өтті.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ