Амангелді Айталы: Қазаққа тілдік маркетинг керек
Көрнекті ғалым, философия ғылымдарының докторы, қоғам қайраткері, ІІ, ІІІ шақырымдағы Парламент Мәжілісінің депутаты болған Амангелді Айталы былтыр 21 желтоқсанда, 83 жастан асқан шағында дүние салды. Ұлтжанды азаматтың отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдаған Мемлекет басшысы «қажырлы қызметімен еліміздің өркендеп дамуына сүбелі үлесін қосып, соңына жарқын із қалдырған Амангелді Әбдірахманұлының есімі мен бейнесі ұмытылмайтынын» жеткізді. Осы тұста назарларыңызға айтулы тұлғаның «AIQYN» газетіне берген соңғы сұхбатын ұсынып отырмыз.
– Қоғамда ұлттық саясатқа қатысты басты екі көзқарас бар. Бірі – біртұтас ұлт қана болуы керек, елдің әр ұлтқа бөлінуін ынталандыратын Қазақстан халқы Ассамблеясының қажеті жоқ десе, екіншісі – әр ұлттың, этностың дамуына жеке мән беру қажет деп табандайды. Ортадан шығатын ортақ тоқтам қандай?
– Кеңес одағының күйреуі, әлем елдеріндегі этносаралық қайшылықтар демократия мен ұлт мәселелерінің өзара байланысын, адам құқығымен бірге этнос құқығының маңызын, әр адамның ана тіліне, мәдениетіне ұмтылысы еркіндік пен демократия принциптерімен үйлесетінін мойындатты. Дегенмен бұл ақиқат бірауыздан қолдау тауып отыр деп айтуға болмайды. Сондықтан екі түрлі көзқарас қалыптасты. Бірінші көзқарасты қолдаушылар түптің түбінде бір ұлттың мүддесі басқаларын ығыстыратынын, ұлт мәселесі саяси ахуалға зиянын тигізбей қоймайтынын баса айтады. Ресейдің бір премьері: «Біздің барлық ұлттық проблемаларымыз – соған назар аударғаннан. Назар аудармасақ, айналыспасақ – ұлттық проблемалар да болмайды» деген. Оны қолдайтындар Қазақстанда да табылады. Олар ұлт мәселесін көтеретіндерді «национал-патриоты» деп кекетеді. Бірақ ұлт мәселесі шешілді, ондай проблема жоқ делінген «халықтар достығының лабораториясында» 1986 жылы жарылыс болғанын, КСРО ыдырауы ұлттық қозғалыстардан басталғанын естен шығарғандаймыз.
Екінші көзқарас – демократиялық процестерді ұлттық мәселелерден ажыратуға болмайды дегенге саяды. Демократияны тек сайлаумен, саяси реформалармен ғана шектеу демократияның аясын тарылтады. Бір жағынан, этностардың құқын жүзеге асыру, ұлтаралық келісімнің үйлесімді жолдарын табу қажет, сонымен бірге қазақ ұлтының мүддесін де ілгерілету керек. Ұлтаралық келісімді қазақтарды басу арқылы орнатуға болар, бірақ ұзақ ұстап тұру қиын. Билік назар аудармаса, ұлттық мәселені шешу ісін халық өзі қолға алуы мүмкін.
Дәл қазіргі кезде біз ұлтаралық мәселелерді шешудің кілтін таптық деу – жаңсақтық. Бүкіл адамзат ізденіс үстінде. Себебі тарихи дамудың әр қадамы ұлтаралық қатынастарға жаңа мән мен мазмұн беріп отырады. Әр заман, әр кезең өз шешімін талап етеді. Ең бастысы, біз тәуелсіздік арқасында жоғарыдан таңылған, бұйрыққа негізделген «мәжбүрлі достықтан» шынайы кісілікке негізделген тату қоғамға бет алудамыз. Ұлтаралық қатынастардың астары терең, мазмұны ауқымды.
– Бұрын бізде «жаһандануға жұтылу» тіркесі сәнді болатын, енді ол ауызға алынбайды, өзектілігін жойғаны ма? Бүгінде қай құбылыс басым: жаһандану ма, әлде ұлттану ма?
– Жаһандану және оның ұлт тағдырына ықпалы – бүгінгі ғылымдағы ең даулы мәселелердің бірі. Жаһанданудың іргетасы XIX-XX ғасырларда қаланды, ол барлық мемлекеттерді интеграцияға, еркін саудаға бірдей жұмылдырады. Әр мемлекеттің ұлттық, техникалық құндылықтарының бүкіл адамзатқа қызмет етуі, өзара алмасу, әлемдік рухани байлыққа өзіндік үлес қосу барысында ұлтардың бір-бірімен жақындасуы, араласуы, өзін өзгемен салыстырып, өзгенің жақсысынан үйренуі, жаманынан жиренуі – заман талабы. Алаңдататыны – басқа жағдайлар. Егер бұрын адамды жұмыс берушілер қанаса, бүгін мемлекетті мемлекеттің қанауы болуда. Қытай Африканың ен байлығын сүлікше сорып отыр. Дамыған елдер дамушы елдерді қанайды. «Алтын миллиард» елдерінде әлем халқының 15 пайызы ғана тұрады, олар планетамыздағы байлықтың 80 пайызын иеленеді. Сондықтан жаһандану – отарлау саясатының жаңа түрі. Бұл АҚШ монополиясы, батыс қаруы, Голливуд, тағы басқалар арқылы жүреді. Оның орнына батыс озық технологияларымен көп бөлісе қоймайды.
Жаһандану – ұлттық мәдениеттерді жоюдың, мемлекеттердің ішкі ісіне араласудың жолына айналды. Ол араласудың қарқыны күшеюде. Мысалы, біздің Парламент депутаттары бұрын ЛГБТ насихатына ашық қарсы тұра алатын, қазір ЕҚЫҰ сынайды деп мұндай мәселелерді көтеруге рұқсат бермейтін көрінеді.
Жаһанданудың тиімді жағын айта келіп, глобалистер: ұлттар мен ұлттық мемлекеттер бірте-бірте тарих сахнасынан ығыстырылады деген ойды алға тарта бастады. 20 ірі трансұлттық топ дүниежүзінде өндірілетін тауарлар, автомобильдер, ұшақтар, электрондық жабдықтардың жартысынан астамын өндіреді, олар сондай-ақ әлемдегі телекоммуникация жүйесінің 70%-ына дейін бақылайды. Көптеген шағын мемлекеттің тәуелсіздігі сөз жүзінде ғана, олардың болашағы аянышты. Әлемнің қай түкпірінде өмір сүруіне қарамастан, барлық мемлекет пен ұлт жаһандық азаматтық қоғамға айналуы ықтимал.
Жалпы, жаһанданудың қазаққа да кесірі бар. Оның либералды идеологиясы әр адам төл таңдауымен, өзі білгенше өмір сүруі керек дегенді уағыздайды. Мысалы, әр тегі қазақ қай тілде сөйлеп, қай дінді таңдаса да ерікті дейді. Ол отбасы, ата-анасы, ұлты алдындағы парыздан бас тартуға құқылы, еркектің еркекпен, әйелдің әйелмен отбасын құруға, тіпті, өз еркімен өмірден кетуіне құқылы дейді. Мұны құптамасаң, сен демократиялық ел емессің, сайлауыңды қанша жерден таза өткізсең де, оны демократияға сай емес деп танимыз дейді. Мұндай қалып шынымен ұлтты ыдыратады. Себебі, қазақты қазақ етіп отырғаны – ортақ ұлттық құндылықтар, әдет-ғұрпы, салт-санасы, Отан, ұлт, ата-ана алдындағы парыз ұғымы. Оның бәрі жойылса, бізде не қалады? Бұлай бара берсе, жүз жылдан соң қазақ деген ұлт бола ма?
Іріткі салудың басқа да жолдарын жас мемлекеттерге енгізуде: жастардың талғамы мен назарын ұлттық дәстүр мен құндылықтардан аластатып, дүниеге, ақшаға, ойын-сауыққа аударуда, ата-баба өсиетінен гөрі интернет, әлеуметтік желідегі кеңеске бұруда. Әлеуметтанушы Ю.Хабермас «демократия мен ұлттық құндылықтар арасында тікелей байланыс жоқ, этникалық тіл, мәдениет мәселелерінде барлық азаматқа ортақ құндылықтарды пайдалану орынды», – дейді. Демократияның ұлты жоқ, жеке азаматтар тек сол қалыпты қолдаса болды дейді. Назарбаев тұсындағы «қазақстандық ұлт» концепциясы да осы теорияға еліктеудің бір көрінісі болды. Жаһандану ұлттар тағдырына нақты қауіп төндіреді. 114 мемлекет пен ұлттық автономияда ағылшын тілі іс-қағаздар мен іскерлік тілге айналып, олардың ұлттық тілдерін ығыстырып жатыр. ХХІ ғасырдың соңында жаһандану апатынан қазіргі 4-5 мыңдай ұлттан небары 600-ге жуығы ғана аман қалады деген болжам бар. Адамзат тығыз қабысып, біртұтас қоғамдастық болып қалыптасу процесі дамитыны анық. Жаһандық құбылыстардың негізінде жаһандық сана, идеология, көңіл-күйі қалыптасып, нигилизм, шовинизм, космополитизм сияқты психологиялық құбылыстар кең тарады. Австралияда жүз ұсақ ұлыс жойылды, тағы жүзі жойылу қарсаңында.
– Көрші Ресей Батысқа қарсы риторикасында да ұлт болып сақталып қалу үшін жаһандануға қарсы күресетінін мәлімдейді, сонымен дәйектейді. Бұл популизм емес пе?
– Жаһанданудан дәл қазір барлық ұлт құриды деген сөз жоқ. Дәл қазір жаһандану әр ұлтты бәсекелестікке шақырып тұр: қай мықтысы жеңеді. Ресей жеңілген елдердің бірі, өйткені идеологиясының экономикалық ұстыны әлжуаз. Сондықтан бұл бәсекелестікте ол демократиядан гөрі зорлық-зомбылық, күш қолдануға бейім тұрады. Өйткені жаһанданудың салдарынан Ресей де қатты сескенеді. Сарапшылар арасында «Ресей тіпті қауқарсыз және оны енді қуатты ел ету қиын» деген пікір бар. Жалпы, Ресейдің ықпалы Қазақстан, бұрынғы бірқатар одақтас республикалар сияқты бірнеше жас мемлекеттің ортасына ғана тараған, сонымен шектеледі. Оның өзі бірте-бірте азайып келеді. «Жаһандану және орыс мәселесі» бүгін ресейліктер үшін ең өткір, алаңдаушылық туғызып отырған мәселе. «Орыс әлемі» тұжырымдамасы содан туындаған. Яғни, ең құрығанда, орыстың қалған ықпалын сақтап қалудың қарекеті. Бірақ тартымдылығы зор жұмсақ күшке емес, қатыгездікке құрылғандықтан, оның болашағы жоқ.
Ал қазақ әлемінің мәселесі неде? Жаһандануға икемделу қазақтан материалдық байлықтар мен рухани құндылықтарға деген көзқарасты ой иелігінен өткізуді талап етіп отыр. Байлық қазақ халқына қай заманда да мұрат болмаған. «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген қазақ ақшаны ардан жоғары қоймаған. Сонымен бірге енжарлық, бос қиял, еркіншектік, жауапкершілікті жоғары жаққа аудару сияқты психология қазақ арасында да кең тараған. Кедей болған сайын енжарлық басым, енжар болған сайын кедейлік жайылған. Сол енжар, қанағатшыл, еріншек халықтың арасында аузын ашса жүрегі көрінетін, адал, ақ ниеттілер де басым. Шүкіршілік философиясы қазақты екіұдай қырынан көрсетіп, оның жан дүниесіндегі диалектикалық қайшылықтарды ашады. Бір жағынан, шүкірлік қиындықты көре тұра мойымау, тіпті мойындамау, ескермеуді білдіреді. Қазақ мұны тауқыметті жеңудің басты амалына айналдырған. Қазақ еш уақытта болашақтан үмітін үзбеген халық. Шүкіршіліктің екінші жағы – барды қанағат тұтып, шектелу, одан әріге ұмтылмау, ал қолда болса шашу, дарақылық.
Н.Назарбаев бірде «қоғамымызда ысырапшылдықтың асқынғаны сонша, шенеуніктер арасында қайтыс болған жақындарын ақтық сапарға шығарып салудың өзі жарасымсыз бәсекеге айналған» деген. Сөйте тұра, байларымыз қайрымдылыққа сараң. Кедейлеріміз байға еліктейді.
Біз дұрыс «жаңа қазақты» тәрбиелей алмадық, соны қалыптастыруға тиіспіз. Бірақ «жаңа қазақ» дегеніміз – заңсыз байлық жиған, астындағы көлігі мен үстіндегі сарайы өз абыройынан, парасатынан да қымбат қазақтар емес, бұлар – жаңа технологиялы заманға бейімделген алғыр, іскер, істеген ісі ақылға сиымды, өз ұлтына мақтанышпен де, сын көзбен де қарай алатын, өзінің ұлттық келбетін сақтаған адамдар болуы тиіс. Бүкіл білім жүйесі соған бағдарлануы керек, ол оған сәйкес болмай тұр.
– Сонда жаңа Қазақстан жағдайында ұлт мәселесін ушықтырмай шешу үшін не істеген жөн?
– Билік те, халық та мынаны түбегейлі ұғынғаны дұрыс: қазақ ұлтының өз тілін, мәдениетін, дәстүрін сақтайтын, дамытатын отаны жалғыз, ол – қазақ жері. Ресейде 1,5 миллиондай қазақ тұрады, бірақ Ресей барлық қазақ мектебін жауып тастады. Біз ең құрығанда, Қазақстанда қазақ тілін дамытуға жан-жақты, жете көңіл бөлуіміз қажет. Тіпті, Африка, Азияда да бірде-бір ел дәл қазақтай ассимиляцияға ұшыраған жоқ. Басты себептің бірі – отарлаушы ұлт пен отарланған ұлттың іргелес қоныстанып, мидай араласуы, орыстандыру саясаты. Біз отарлау салдарларынан қазіргі митың қарқынмен арыла алмауымыз мүмкін.
Бүгінде орыс диаспорасының кейбір өкілі ұлт мәселесінде демократияны өзінше түсініп, орыстардың құқығы бұзылуда деп байбалам салады. Кеңес заманынан үстем болған орыс мектептерінің, орыс тілі сағаттарының азаюы, қазақ мектептерінің көбеюі, елді мекендердің қазақшалана бастауы, іс қағаздарының қазақ тілінде жүргізілуі орыс тілділер тарапынан қазақтарға шектен тыс артықшылық беріледі деген сияқты сындарға түрткі болды. Орыс халқының бір сөзі бар: «злой не тот, кто злится, а тот, кто злит». Ол пікірлер қазақтарды ашуландырады, ашындырады, ағат қимылға итермелейді. Астамшылық психологияның тамыры тереңде, бұл сыншысымақтар – соның құрбаны.
Сонымен бірге өзге ұлт өкілдерінің бойында қазаққа деген құрметті қалыптастырған жөн. Кеңес заманында қазақтар азамат ретінде де, ұлт ретінде де кемсітушілікке ұшырады. Қазақ азаматтарын сыйлағанның өзінде адам ретінде сыйлады да, мәдениеттің, тілдің, ұлттық құндылықтардың иесі ретінде сыйлау жетіспеді. Қазақты ұлт ретінде сыйлап өспеген сол ұрпақ қазақ ұлтының сана-сезімінің оянуына күмәндана қарайды. Қазақ «ұлт» десе, ұлтшылдыққа берілді деп күдіктену кең тараған. Сондықтан болар, өзімізге жылы қарағанның бәрін қолдап жатамыз. Кейде баспасөз бетінде орыс өкілінің белгілі тұлғалары «қазақтардай соғым сояды», «қазақша ет асады», «жусанды сағынады» екен деп мақтап жатады. Солардың бір аяғы Ресейде, екінші аяғының ұшымен ғана Қазақстанда тұрғанын білеміз. Шынайы ықыласты сыртқы көрініспен шатастырмайық. Қазақы құндылықтарды шын сыйлайтын ұрпақты мектеп қабырғасынан тәрбиелеу керек.
– Ұлт тағдыры тіл тағдырына тікелей байланысты. Сіздің ойыңызша, қазақ тілінің болашағы бұлыңғыр ма, әлде жарқын ба?
– Әлеуметтік лингвистика ғылымында тілдің өміршеңдігі деген ұғым бар. Яғни, тілді меңгергендердің үлесі көп болса, ұлттың келешегі де зор болады деп болжайды. Бірақ тілді меңгеру деңгейі әртүрлі: санақ бойынша қазақтардың 99,6 пайызы ана тілін қазақ тілі деген. Дегенмен тілді мойындаумен ол тілді меңгеру екі бөлек. Білмесе де намыстанып, ұлттық сана сезіміне байланысты ана тілім қазақ тілі дегендер бар екені белгілі. Тілді игерудің әртүрлі деңгейлері барын ескерсек, қазақ тілінде білетіндерді көбейтуге де, азайтуға да болады.
Оптимистер санаққа сеніп, тілін білмейтін қазақ жоқ, қазақтар саны елде басым, демек, тіл мәселесі өзінен-өзі, бірте-бірте шешіледі деседі. Ал пессимистер қазақтардың шынында 40 пайызы ана тілін жөнді білмейді дейді. Бұл пікір де қоғамда кең тарап, біреулерді ашындырса, енді біреулерді ұлт тағдырына немқұрайлы қарауға итермелейді. «Қазақтың өзіне қажеті жоқ тілді басқа ұлттарға таңу елде араздық туғызады» дейтін шенеуніктер табылады. Кейбір жағдайда қазақ емес ұлттардың өкілін қазақ тілінің қарсыласы, тіпті көтерілуге дайын тұрған ықтимал экстремистік топтар ретінде санайтындар да бар.
Ұлттың болашағы, оны ұлтсыздану дертінен сауықтырудың басты бір жолы – мемлекеттік тілде білім мен тәрбие алуында. Қазақ ұлтының болашағы бүгін білім мекемелерінде шешіліп жатыр десек артық болмас.
Ұлттың өміршеңдігінің өлшемі тілінің тек білім саласында ғана емес, сонымен қатар БАҚ, әкімшілік іс, өнеркәсіп, сот ісінде, әлеуметтік, экономикалық, саяси өмірде кеңінен пайдаланылуында. Заң, мемлекетаралық келісімшарттар, хабарландырулар, арыз-шағымдар, тергеу құжаттары және басқасы әлі де түпнұсқада орысша, қазақшаға тек аудара салады. Мәжіліс пен Сенат мемлекеттік тіл мен орыс тілін аралас қолданады. Үкімет тек баяндамаларын қазақша оқиды, жабық жиындары негізінен орысша жүреді. Лауазымды қызметтерде мемлекеттік тілді білмейтіндерді де алатынын көргенде, түңілу сезімі тереңдейді. Олар халық арасында шыққанда қазақ тілділермен қалай сөйлеседі? Әлде олармен сөйлесу міндетті емес деп санай ма?
Терминдердің әлі күнге жетілдірілмегені, салғырттық психология, көзбояушылық, нигилистік көзқарас, орыс тілділердің белсенді қарсылығы ақыр соңында қоғамды қазақ тілі мемлекеттік тіл қызметін толыққанды атқара алмайды деген ойға итермелейді. Қазақ тіліне қоғамда сұраныс көп болмағандықтан балаларын, немерелерін ата-аналар қайтадан орысша, ағылшынша оқуға бере бастады. Әкімдерден орысша мектеп ашуды талап ететін қазақтар қаптады. Бірінші сынып оқушыларының 70 пайызының ғана ата-аналары қазақ тілді мектептерді таңдаған. СҚО-да оқушылардың 21% ғана қазақша мектептерге барады. Петропавлда небары 6 қазақ мектебі бар, ал орыс мектептерінің саны 31. Бес есе көп. Қазақ мектептерін ашуда батылдық таныту маңызды.
– Демократияландыру мемлекеттік тіл мен ұлт мәселесін ысырып қоюға соқтырмай ма? Бұған демографияның ықпалы қандай?
– Бүгінде онсыз да орыс тілділерінің құқығы мен талаптарын барлық қазақстандықтардың сұранысына теңеу, телу белең алған. Тиісінше, билік орыс тілділердің мүддесінен шығу – ұлтаралық келісім мен татулықтың ұстыны, этникалық алауыздықтың алдын алудың тиімді жолы деп біржақты ойлайды. Ұлтаралық келісімді бүркемелеп, астамшылық пен нигилизмді уағыздау қауіпті. Орыс тілділер қысым көрдік деп шетелге кетіп қалады деп қорқудың керегі жоқ. Қазақстандық славян текті диаспоралар өкілдерінің басым көпшілігі соңғы 15-20 жылда талай жағдайды ой елегінен өткізді. Ресейге көшкеннен Қазақстанда тұру тиімді екенін біледі. Көршінің азаматтығын алып, бізде қалғандар көп.
Жарлықпен, нақты межелеген уақытта ұлт мәселесін шешіп тастау мүмкін емес. Сонымен бірге уақыт барлығын өз орнына қояды дейтін эволюциялық жол салғырттыққа соқтыруы ықтимал. Мемлекетімізде ұлт мәселесі туралы әңгіме бола қалса, біздің қоғам толерантты, ұлттар арасындағы мәселелер біржола шешілген дегендей пікір айтылады. Бұл ұлт мәселесіне кеңес дәуірінен қалған конъюнктуралық көзқарастың салдары. Тек ши шыққанда, билікке қауіп төнгенде ғана себептерін іздеп, оның төңірегінде ойлана бастаймыз. Ал оның алдын алу туралы күнібұрын бас қатырмаймыз.
Сол бұрынғыдай, Қазақстан көпұлтты мемлекет, 100-ден аса ұлттың өкілі тұрады деп жүрміз. Олардың кейбіреулерінің саны 200 адамнан аспайды, кейбірі 10 адамға да жетпейді. Қазақтардың үлесі жетпіс пайыздан асты (2021 жылғы соңғы санақ бойынша Қазақстан халқының 70,4%-ы – қазақтар, 15,5%-ы – орыстар. Ірі диаспоралар арасында өзбектер – 3,2%, украиндар – 2%, ұйғырлар – 1,5%, немістер – 1,2%, татарлар – 1,1%, авт). Ұлт, тіл мәселесін бүгін соңғы жылдары жаңарған демографиялық ахуалға байланысты жаңаша талдаған жөн.
Демографиялық жағдай өзгерген тұста тіл саясатына да басқа қырынан қарайтын уақыт туды. Алдымен қазақтардың өзінің, содан соң еліміздегі салмағы басым, тілі ұқсас түркі тілдес ұлттар өкілдерінің мемлекеттік тілді жүз пайыз меңгеруіне қол жеткізген жөн. Мұның сыртында славян тектес және басқа да еуропалық этностардың тәуелсіздікпен құрдас жастарының тілді үйренуіне мол жағдай жасау қажет. Ал орыс тілді аға ұрпақтан тілді білуді талап ету пәлеге жолықтырмаса, ештеңе шешпейді.
– Мемлекеттік тілдің өрістеуіне не кедергі? Ол тосқауылдардан қалай арылуға болады?
– Мемлекеттік тілге деген бетбұрыс бар. Алайда биліктің мемлекеттік тіл саясаты қазақ тіліне қажеттілік туғыза алмай отыр. Қандай да бір тауардың нақты бір мақсатқа пайдасы барын алдын ала білмесе, тұтынушы оны сатып алмайды ғой. Сол сияқты егер мемлекеттік тіл адамдарға қызметінде, оқуында, басқа мұқтаждықтарын өтеуде қажет болмаса, оған сұраныс болмайды.
Яғни, қазаққа тілдік маркетинг керек. Сұранысқа ие тілде ғана ата-аналар өз баласын оқуға береді. Қажеттілік қамшыласа ғана тілге жол ашылады. Лауазымды қызметтегілердің, барлық шенеуніктер мен әкімқаралардың 100 пайыз мемлекеттік тілді білуін талап етіп қоятын уақыт келді.
Тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттік тілдің өрге баспауы – қазақтардың ынтасының төмендігі. Басқа ұлт өкілі қазақ тілінде сұрақ қойса, орысша жауап беретін қазақтар жетерлік. Германиядағы еврейлер: «түзде неміспіз, үйде еврейміз» дейді екен. Біздің қазақтар түзде де, үйде де орыс болып кетті. Қазақтардың өз тіліне енжарлығын білген орыс тілділер беталысын өзгертуге асықпайды. Әр ұлт өзін өзі сыйлағанда ғана оны басқалардың сыйлайтыны өмір заңдылығы.
Тіл білу денсаулық саласында аса маңызды. Америкалық ғалымдар Роберт Малгада мен Джузеппе Константино дәрігер мен пациенттің сөйлеу тілінің диагноз қою үшін өмірлік маңызды екенін дәлелдеді. Дәрігерлер 149 испан тілділердің әрқайсымен оңаша ағылшын, кейін испан тілінде қатар сөйлескен. Испан тілділер өзімен тек испанша сөйлескенде, ауруларының жай-жапсарын толыққанды айта алған. Тиісінше диагноз дәл қойылған. Бізде дәрігерлердің біразы медициналық терминдерді қазақша түсіндіре алмайтындықтан, диагноз дұрыс қойылмауы, қазақтар қалай емделу керектігін жете түсінбеуі мүмкін.
Қазақстанның азаматтығын алғысы келетіндерден мемлекеттік тілді білуін талап ететін кез жетті. Бірақ оған басқа елдердегідей тілді меңгеруге белгілі бір уақыт берілуі керек. Тілді меңгерудің деңгейін анықтайтын критерийлерді, аттестаттау, сертификаттау жолдарын жетілдіру талап етіледі. Ата заңымыздың 93-бабында «Үкімет, жергілікті өкілді және атқарушы органдар Қазақстанның барлық азаматы мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі үшін қажетті ұйымдастырушылық, материалдық және техникалық жағдайдың бәрін жасауға міндетті» делінген. Ол міндетін орындау орнына Үкімет Тіл үйрету орталықтарын жекешелендірді, жете қаржыландырмады.
Жағдайды түзеу үшін мемлекет келесі бағыттарда тілдік инвестиция салуы қажет: біріншіден, қазақша балалар әдебиетін өзге этностардың арасында тарату: ал бізде ең қымбаты – балалар әдебиеті. Екіншіден, мемлекеттік тілде білім алам деуші басқа ұлт өкілдеріне мемлекеттік гранттар беріп, тегін білім алуына мүмкіндік жасау. Үшіншіден, қазақша оқулықтар мен сөздіктер авторларын, аудармашыларды, баспаларды ақшалай, басқалай қолдау, жеңілдіктер беру. Төртіншіден, қазақ тілінде оқытатын педагогтерді ынталандыру. Бесіншіден, тіл үйренгісі келетіндер үшін тегін тіл курстарын қаржыландыру. Алтыншыдан, мемлекеттік тілді компьютерге толық бейімдеу. Жетіншіден, елді мекен, көшелердің атын, жер-су атауларын қазақшалау. Сегізіншіден, терминология жұмысына инвестиция бөлу. Тоғызыншыдан, ұлттық компаниялар, банктер, жеке кәсіпкерлер өз қызметшілерін мемлекеттік тілге оқытуды, іс-қағаздарын қазақ тіліне аударуды қаржыландырғаны жөн. Оныншыдан, мемлекеттік тілге қарсы шыққандарды, тілді қорлап, ұлттың намысына тиетіндерді заң жүзінде жазалаған абзал.
Қазақ өзін сыйлағанға барын беруге дайын тұратын халық: егер биліктің мемлекеттік тілді дамытуға шындап кіріскенін көрсе, отаншылдығы артып, билікті құрметтей түседі, қызу қолдайды. Израилде иврит тілінің жандануына ықпал еткен Элиэзер Бен-Йехуданы халқы қадір тұтады. Түрік тілінің дамуына белсенді үлес қосқан Ататүріктің Түркия үшін орны бір төбе. Ал қазақтар үшін Ахмет Байтұрсынұлы қымбат.
Тіл саласына инвестиция салу, оның өрісін кеңейту – халықтың ашу-ызасының алдын алудың да кепілі екенін ұмытпағанымыз жөн.
– Әңгімеңізге рақмет!
Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/single_core.php on line 656
Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/single_core.php on line 657
Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/single_core.php on line 658