Қымбатшылық қайда апарады?

0
234

Соңғы үлгідегі смартфонға деген халық сұранысы жаппай өссе, онда оның бағасы қымбаттай түседі. Өйткені сұраныс бар. Оған қандай баға қойсаң да сатылады. Ал халық алмай қойса ше? Не болмаса, алуды азайтса, яғни сұраныс төмендесе. Жоқ, сонда да әлгі тауарыңыздың бағасы тым қатты арзандай қоймайды. Жұрт қазір азық-түлікті де, киім-кешекті де баяғыдай топырлатып алмайды. Көлік пен пәтер жайын сөз етпей-ақ та қоялық. Соған бола «сылқ» етіп құлап жатқан бағаны көрмейміз.

Былтыр жыл соңында жылдық инфля­ция 20,3 па­йыз болды. Әсі­ресе азық-түлік және азық-түлік­тік емес тауарлар инфляцияға қатты үлес қосып жатыр. Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов­тың айтуынша, халықтың инфля­циялық күтуі әлі жоғары күйінде қалып отыр. Инфляциялық күту дегенді де түсіндіре кетелік, бұл – инфляцияның өсуіне не баяу­лауына қатысты халықтың көзқарасы. Азаматтардың көбі келесі айда инфляция өседі-ау деп қауіптенсе, онда осы айда азық-түлік пен басқа да тұрмыстық қажетті заттарды молынан алып тастайды. Бұл өз кезегінде сол өнімдерге деген сұранысты арттырып жібереді де, былай айтқанда, қымбатшылық қолдан жасалады. Міне, сөйткен инфляциялық күту деңгейі жоғары болып тұрған көрінеді. Бірақ 2022 жылдың басы мен орта шеніндегі ажиотаждың қазір әжептәуір бәсеңдеге­нін ескерсек, күту деңгейі құ­лай бастауға тиіс. Супермаркет пен базарлардағы клиенттің де азаюы – түрлі тауарларға деген сұраныстың біршама төмендегенін аңғартпай ма?!

Finprom сарапшыларының хабарлауынша, ел тұрғындары былтыр базар мен дүкендерде 16 трлн теңгеге сауда жасаған. Сөйтіп, бөлшек сауда көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 18 пайызға артық болып тұр. Алайда жалпы ішкі саудадағы бөлшек сауда үлесі 2021 жылғы 31,7 пайыздан 2022 жылы 31,1 пайызға дейін азайған. Базар мен супермаркет атаулыда адам қарасы азая бастаған секілді дегенімізді осы статистика да растай түссе керек. Тағы да қайталай кетейік, соған қарамастан, баға басын имейді.

Picodi зерттеуінше, 2023 жылы ел­дегі баға өсімі минималды жалақы өсімінен де асып түскен. Са­рап­шылардың ақпараты бойын­ша біздегі «таза» минималды еңбекақы көлемі (қолға тиетін қаражат мөлшері) – 61 467 теңге. Былтырғыдан 16,6 пайызға (52 701 теңге) көп.

Зерттеушілер шартты түрде азық-түлік себетін қалып­тас­тырып, оның бағасын ең төменгі жалақымен салыстырып көрген. Себетте нан, сүт, жұмыртқа, күріш, сыр, ет, жеміс және көкөніс секілді өнімдер бар. Шамамен 10 литр сүт – 4 310 теңге, 10 бөлке нан – 1 540 теңге, бір жарым кг күріш – 650 теңге, 20 дана жұмыртқа – 990 теңге, бір кг сыр – 3 180 теңге, 6 кг ет – 14 350 теңге, 6 кг жеміс-жидек – 4 110 теңге және 8 кг көкөніс 2780 теңге тұрады деп есептеген. Осылайша, 2023 жылдың басындағы азық-түлік себетінің жалпы құны 31 910 теңге болып шығады және бұл былтырғы бағадан 20,6 пайызға көп. Мұндай азық-түлік себеті – салық төлемін алып тастағанда минималды жалақының (61 467 теңге) 51,9 пайызына тең. Былтыр пайыздық қатынас 50,2 пайызға тең болған. Сонда елімізде баға өсімінің минималды жалақы өсімінің алдына шығып кеткенін аңғаруға болады. Яғни жоғарыда атап өткеніміздей минималды жалақы өсімі 2022 жылғыдан 16,6 пайызға ғана өсім көрсеткен.

Жалпы, Қазақстанда жалақы көтеріл­мей жатқан жоқ емес. Бірақ оны көлеңкеде қалдырып тұрған басты фактор – бағаның тым қатты өсіп жатқаны. Әйтпесе, еңбекақыны бағалауда тәп-тәуір оңшыл ниет байқалады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, биыл 600 мыңға жуық азаматтық қызметшінің жалақысы 20 пайызға артады. Алдағы үш жылда тағы екі есе өспек. Биыл 1 қаңтардан бастап әлеуметтік қамтамасыз ету саласындағы 38 мың жұмысшының жалақысы 25 пайызға көбейді. 2022 жылы желтоқсанда орташа айлық жалақы мөлшері 319,9 мың теңгені құраған. Бір жыл ішінде номиналды еңбекақы 12,2 пайызға өскен, ал халықтың нақты табысы 6,7 пайызға құлдыраған. Табыстың құлдырайтын себебі жалақыға қосылған үстемеақы инфляцияға қауқар көрсете алмай, жұтылып кетеді. Ер Төстік сияқты күн санап «ержеткен» инфляцияға айында, жылында бір қосылған үстемеақыны қылғытып жұта салу түк қиындық тудырмайды. Тап осы жерден тағы бір мәселенің құлағы қылтиып шыға келеді. Өндіріс. Отандық өндіріс жайы.

Отыз жыл бойы өндіріс және ауыл­шаруашылығы саласына қатыс­ты саусақ ұшын қимыл­датпа­ған елдің тірелер тығырығы осын­дай болмақ. Жоқ, істемедік емес, істедік. Бірақ атал­ған екі сала бо­йынша біздің істеген шаруа­мыз­дың барлығын жиып-теріп қос­қан­ның өзінде дамушы елдердегі қар­қынмен салыстыруға келмейді.

Экономика әртараптанған жоқ. Негізінен мұнай экспортына иек арттық, құлай сенгеніміз сонша, мұнайымыздың 90 пайызын экспортқа шығарып беретін құбырдың өзін Ресеймен бірігіп салып, басқа бағыттарға көңіл бөле қоймадық. Бүтін елдің тағдырын бір тауар, бір бағыт, бір елге байлап қойғанның зардабын былтыр тартудай-ақ тарттық. Ол қауіп әлі сейілген жоқ. Әлдеқан­дай себеппен Каспий құбыр консорциумы (мұнайымызды Еуропа нарығына шығарушы құбыр желісі) жұмысының тағы тоқтап қалмасына еш кепілдік жоқ. Былтыр жанталасып басқа бағыттарды белсенді іздеуге көш­кен едік. 2000 жылдардың орта шенінде кейін ықылас бермей қойған Баку – Джейхан – Тбилиси бағытына көңіл аудардық және Президент Транскаспий бағытын дамытуға тапсырма жүктеді. Тап осы Транскаспий бағыты біздің басты экспорттық қақпамызға айналуға да тиіс.

Мұнайдың ізін ала сырт елдерге мұнай өнімдерін, ферро­қорытпа, табиғи газ, уран, темір, әйтеуір жер астынан қазып алынатын тауардың бәрін тасуды әдетке айналдырдық. Соларды өзімізде өңдеп, қорытып, дайын өнім жасап, біртіндеп шикізаттық экспортты дайын өнім экспортына алмастыруды қолға алған жоқпыз. Соның салдарынан тұтынушылық тауарларды шетелден қымбатқа аламыз, сөйтіп тауармен бірге инфляцияны да қоса импорттаймыз. Үлкен кәсіпкерлердің өзі өндіріс саласына машықтанған жоқ, негізінен алыпсатарлықты үлкен ауқымда жасаумен ғана шектелді. Соның салдарынан бізде өндірістік өркениет, өндірістік мәдениет қалыптаса алған жоқ, тиісінше қазір біз қандай да бір нақты Қазақстанның өнімімен мақтана алмаймыз. Шығарылып жатқан өнім сапасы шетелдік аналогпен бәсекеге түсуге қабілетті емес.

Ауылшаруашылығына ұдайы субсидия, жеңілдетілген кредит ұсынылып жатады, бірақ гүлденген агроөнеркәсіп кешенін көрген жоқпыз. Жердің басым бөлігі латифундистердің қолында. Мемлекет енді ғана жерді мемлекет меншігіне қайтаруға кірісіп, арнайы сайт ашып, бір ізге түсіруге тырысып жатыр.

Экономика дегеніміз – түр­лі адам­ның баюға деген ұмты­лыстарынан қалып­тасып, құра­латын айрықша құндылық және ол жерде адал бәсекемен қатар сұмпайы мүдде де болмай тұр­майды. Оңай баю жолын игерген адам көп әрі олардың қулығына құрық бойламайды. Түрлі жолмен мемлекеттен ақша алу да олар үшін аса ауыр жұмыс емес. Сон­дықтан жылдар бойы түрлі салаға қара­жат бөліп, кредит беріп экономика­ны, агроөнеркәсіпті дамытамыз деу – тесік ше­лекпен су тасып, үлкен бөшкені тол­тыруға талпынғанмен пара-пар дүние.

Жақында Ұлттық банк бір деректі жария етті: жыл басындағы жағдай бо­йынша екінші деңгейлі банктердің таза кірісі 13 пайызға өскен (2022 жылдың бас кезімен салыстырғанда). Таза кіріс көлемі – 1,47 трлн теңге. Банктер, әрине, негізінен жеке тұлғаларға несие ұсынғанның арқасында байып отыр. Азаматтардың жалақысы аз, сосын несие рәсімдеуге мәжбүр. Әрі қазір несиенің де түр-түрі шыққан, қол созбасыңа қоймай көздің жауын алып тұрады. Былтыр Ұлттық банк бірнеше рет базалық пайыздық мөлшерлемені көтерді, бірақ одан да шыққан нәтиже шамалы. Әсілі, Ұлттық банк банктердің пайыздық мөл­шерлемесін қымбат ету үшін базалық мөлшерлемені көтереді – сонда азаматтар несие алуды, сәйкесінше қалтасын қампайтып базарға баруды, сөйтіп тауар бағасын аспандатуды доғаратын шығар деген логикамен жұмыс істейді. Бірақ қазір ол ұстаным өзін ақтап жатқан жоқ деуге болатындай. Өйткені азықтан қысылған халыққа қымбат мөлшерлеме де кедергі емес. Қазір шамамен 8 млн адамның 8 трлн теңгеге жуық несие қарызы бар. Демек экономикалық белсенді халықтың барлығы банк алдында берешек деген сөз. Мемлекет солардың жүктемесін азайту үшін жеке тұлға банкроттығы туралы заң қабылдап отыр. Бұл да қуанатын емес, мәжбүрлі қадам. Одан қалды, дүкендегі киімді, базардағы  азық-түлікті, мейрамханадағы кешкі асты банк картасы арқылы бөліп төлеуге болады. Бұл қаржы институттары үшін ұтымды амал шығар, бірақ халықтың еңсесін басып, ертеңін бұлыңғыр етерлік бастама екеніне ешкім дау айтпас.

Айтпақшы, жоғарыдағы әңгіменің де жауабы осы жерде шығады. Нарықтағы түрлі тауар мен өнімге деген сұраныс азайса да, баға төмендемейді. Біз «жоқ, ақыры ештеңені сатып алмай қойсақ, қымбатшылық түбі тоқырауға ұрынуға тиіс» деп ойлаймыз. Алайда бұл жерде нарықтың өзге сегментіндегі кәсіп иелері қарап жатпайды. Мәселен, банк­тер, микроқаржы ұйымдары және та­уарды сататын дүкен, базар басшылығы. Олардың 6 ай, 12 айға бөліп төлеу бағдарламалары, несие жобалары, түрлі акциялар мен жеңілдіктер маусы­мы кез келген тауарды сатып алуға мүмкіндік жасайды. Беріліп жатқан жеңілдетілен кредитті рәсімдеп, халық тағы да авто­салонға жөңкіліп, көлік алады. Қаржы ұйымының мобильді қосым­шасы арқылы шотына түскен 100 мың теңге несиеге азық-түлік сатып ала салады. Бірақ жалпы планда халықтың өмір сүру салты көмескіленіп, кіріс мөлшері кері кете бермек. Өйткені қарызы көбейген, сол қарызды жабуға тиіс табысы инфляция­мен иық тірестіре алмайды.

Қазақстан сияқты қазба байлық қоры бірнеше жүз жылдыққа жететін, адами фактор әлеуеті жоғары (бірақ лайықты деңгейде дамымаған) елге бұл тығырықтан шығу бір қарағанда оңай секілді. Оңай дейтініміз, бұл айтылған себептерге тағы мынаны да қосалық. Біз Еуропа мен Азия ортасында жатыр­мыз және көлік, өндіріс, тасымал хабы бола­тын зор мүмкіндікке иеміз. Біз Қытай­мен көршіміз және Қытайдың сауда-экономикалық әлеуетін пайдалану керек. Осы орайда әне-міне жұмысын қай­та жандандырғалы жатқан «Қорғас» ше­кара маңы орталығы, ондағы арнайы эко­номикалық аймақ біз үшін аса маңызды.

Бізге деген Еуропаның көзқарасы оң. Бұл дегеніңіз, біз үшін әлеуетті инвестиция көзі. Бірақ өз ішіміздегі жемқорлықты тыю, әділ сотты орнату, бәсекеге қабілетті кадр даярлау жағынан кемшін қалып жатырмыз.

Біздің табиғи ландшафтымыз туризм­ді өркендету үшін аса қолайлы. Тек соны ұқсата ал­май отырмыз. Біздегі жер бедері, топырақ құнары, әу бастан шаруа­шылыққа икемделген білікті фермерлер ауылшаруашылығын дамытуға сұранып-ақ тұр.

Бұдан өзге де толып жатқан позитивті себеп бар. Бірақ тұсауы кесілмеген баладай кібіртіктей береміз, дуаға түскендей шаруа­мыздың бәрі шатқаяқтап қала береді. Көктемде бидай үсіп кетеді, жазда қуаңшылықтан мал қырылып қалады, қыста жолдарды қар басып, онсыз да қиюы қашқан жолдың бойы жүргіншілер үшін қасірет жолағына айналып жатады. Енді биыл ес жисақ игі еді. Әйтпесе, келер ұрпаққа деп жиған Ұлттық қордан ақша алып, соның көмегімен іс бітіріп, сосын «ел экономикасы осынша пайызға өсті» деп басталатын баяндамаларды естіген сайын ұяттан жер шұқығанымыз шұқыған.

Айтпақшы, «Қымбатшы­лықтың соңы қайда апарады?» деген тақырыбымызға тоқетер жауап айтпай бара жатырмыз. Айтайық, біздіңше қымбатшылықтың соңы халықтың төлем қабілетінің арта түсуіне апарады. Парадокс. Бірақ солай. Халықтың төлем қабілеті не жалақысы өскеннен, не өнді­ріс орындарының жыпырлап ашылғанынан артпайды. Төлем қабілетінің артуына бірегей себеп – қазір халық үшін несие алу, қарыз алу көздері аса қолжетімді. Егер күрт экономикалық бетбұрыс жасалмайтын болса, онда кемі алдағы онжылдық бедерінде біз сондай картинаны көруді жалғастыра береміз.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ