Жеке тұлға банкроттығы қалай жүзеге асады?

0
157
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты өткізген кеңесте «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң қабылдау қажеттігін көтерген болатын. Аталған заң бойынша халық қалаулылары Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы заңды мақұлдады.

Осы ретте, өткен аптаның жұма күні «Amanat» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында Шиелі ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Еркеғали Абдрахмановтың қатысуымен брифинг өтті.
Аталған шараға Шиелі ауданы бойынша МКБ-ның салықтық бақылау және өндіру бөлімінің басшысы Гүлмира Ізбенова, Шиелі ауданы ­бойынша МКБ-ның салықтық бақылау және өндіру бөлімінің бас маманы Фариза Шардарбекова мен бұқаралық ақпарат өкілдерінің қызметкерлері қатысты.
Басқарма басшысының айтуынша, банкроттық туралы заң рәсімінің үш түрін көздейді. Соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Аталған рәсімдерге қарыз алушының өзі бастамашы бола алады. Яғни кредитор борышкердің банкроттығына өтініш бере алмайды.
Брифинг барысында БАҚ өкілдері басқарма басшысына несиелік банкроттық туралы бірнеше сұрақтар қойып, еркін форматта пікір алмасты.
Айта кетейік, азамат өзін-өзі банкрот деп жариялауға арналған өтінішті соттан бөлек, «Egov» порталы немесе Е-салық қосымшасы арқылы беруге болады. Құжаттарды тапсырғаннан кейін жеке тұлғаның басында мүліктің жоқтығы, несиені кешіктіру мерзімінің сақталуы секілді талаптарға сәйкес екендігі тексеріледі. Сондай-ақ ұлттық банктің хабарлауынша, қазір қазақстандықтардың банкке қарызы 6,6 трлн теңгеге жеткен. Өткен жылмен салыстырғанда банк алдындағы берешек 33,3 процентке өскен. Бұл ретте жеке тұлғалардың 1-30 күн аралығындағы өтелмеген берешегі 84 процентке өскен және 333,1 млрд теңгені құрайды. Ал 90 күннен асқан берешек көлемі 12 процентке ұлғайып, 417,7 млрд теңгеге жеткен. Қазіргі таңда елімізде 1 миллионнан астам адам несиелерін төлеу мерзімін бұзып, төлем қабілетінің жоқ екендігін көрсетіп отыр.

Дархан Байтілес

ПІКІР ҚАЛДЫРУ