Бразилияда су тасқыны салдарынан 36 адам мерт болды

0
243

Бразилияның Сан-Паулу штатында толассыз жауған нөсерден 36 адам мерт болды.

Өткен тәулікте өңірде айлық жауын-шашын мөлшері жауған. Қатты зардап шеккен Сан-Себастьян және Бертиогада бұл көрсеткіш рекордтық 627 және 683 мм-ге жеткен.

Табиғи апаттан су тасқыны мен көшкін болып, тұрғын үйлер мен инфрақұрылым нысандары қираған.

Сан-Паулу штатының астанасын жағалау маңындағы аудандармен және көрші Рио-де-Жанейромен байланыстыратын ірі трассаларда жол қозғалысы үзілді.

Жергілікті биліктің мәліметінше, үйінді астынан ондаған адам табылып жатыр.

Бес муниципалитетте ТЖ режимі жарияланды. Көптеген аудандарда су және электр жоқ, ұялы байланыс жұмыс істемейді. Құтқаруға жүзден астам құтқарушы тартылды.

Осыған байланысты жергілікті билік карнавал мерекелеуге арналған ойын-сауық шараларын тоқтатты.

Ел президенті Луис Инасиу Лула да Силва табиғи апат салдарын жоюға көмек көрсетуге уәде етті. Мемлекет басшысы демалысын тоқтатып, дүйсенбіде зардап шеккен ауданға барады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ