Семей қасіреті

0
528

Адамзат тарихы алуан оқиғаға толы. Оның қайғысы мен қуанышы қатар жүреді. Жаһан жұрты үшін осындай жайсыз жағдай аз болған жоқ десек, қазақ даласы да сол қасіреттің дәмін ұзақ татты. Бүгінгі ұрпақ Семей полигонын не деп таниды? Оның зардап-залалын бағамдай ала ма?

Нақты ақпар Семейде азап шеккен адамның санын 1 жарым миллионнан асады дейді. Дұрысы – олар әлі де зардап тартып келеді. Ресми дерекке сүйенсек, 1949 бен 1989 жылдардың аралығында қазақ даласында 500-ге тарта ядролық сынақ жасалыпты. Оның 116-сы ауада, 340-ы жер астында жүргізілді. Ал осы аймақтағы радиацияның қуаты мен жұртты жайпаған көлемін зерттеушілер Хиросимаға тасталған бомбаның күшінен 2 жарым мың есеге көп деп бағалап отыр. Оқырман апаттың ауырлығын бірден бағамдай алуы үшін мынадай мәліметтерді ұсынамыз: Семей полигоны 18 мың 300 шақырым аумақты қамтып, 1949-1989 жылдар аралығында 468 зерттеу, 600-ге тарта ядролық, термоядролық сынақтарды өткерді. 1951 жылы уран бомбасы, 1953 жылы 480 килотонна қуатпен сутегі бомбасы, ал 1961-1962 жылдары 50ге жуық жер асты, әуе жарылыстары болды.

Бұл- бірер сөйлемге сыйған сан болғанымен, санаға сыймайтын дүние, сүйекке түскен таңба. Кім біледі, қоғам қайраткерлері үндеу тастап, билікке талап қоймағанда, әлі де тағдырдан тартар зардабымыз таусылмас па еді? Сонау, 1989 жылғы “Невада-Семей” қозғалысын қалың бұқара қолдамағанда, асты мен үсті байлыққа толы кең-байтақ атамекен ошақтың орнындай үңірейіп тұрар ма еді? Қозғалыстың белді өкілі, асылдың сынығы Мұрат Әуезов осы оқиғаға қатысты естелігін бөліскен еді.

Мұрат Әуезов:  «Семей қозғалысы халықтық қозғалысқа айналды. Неліктен? Өйткені, ел радиацияның зардабын жан-тәнімен түсінді. Бұл оқиға тек қазақ жұрты үшін емес, жалпы Қазақстанда өмір сүріп жатқан әрбір ұлттың ортақ қасіретіне айналды. Қозғалыс басталғанда қаншама демеуші күштер болды. Олардың әрқайсысы біздің үніміздің тиісті орындарға жетуіне үлкен септігін тигізді. Мен Америкаға барып, екі елдегі антиядролық қозғалыс туралы мәлімет жинадым, әрі олардың өзара байланысын шолып шықтым. Ынтымақ орнатып, тиісті мамандармен келісіп, талабымызды халықаралық ұйымдарға ашық айттық. Кейіннен сол ұйымның адамдары бейресми түрде сынақ алаңына келді, жағдайды бағдарлап, біздің айтқандарымызды көзбен көрді. Сонда ойлаңызшы, жарылыс алаңынан алты-ақ шақырым жерде тұрып біз кезекті сынақты қарап тұрдық».

Жалпы, Семей ядролық полигоны негізгі сынақ алаңы саналатын Курчатов қаласынан 50 шақырым, ал Семей қаласының өзінен 130 шақырым жерде орналасты. Ол бір ғана қаланың атымен аталғанымен, үш бірдей облыс аумағына кіріп жатқан еді. Олар: Қарағанды, Павлодар және сол кездегі Семей облысы. Ал сынақ өтетін негізгі аумақтың дәл ортасында жерасты дүмпулеріне арналған ұңғымалар пайда болды. Шығыстағы- Балапан, Батыстағы- Сарыөзен мен оңтүстіктегі – Дегелең, Мыржық, Ақтан Берлік, және Телкем сынды орындар сол ұңғыма ошақтары еді.

Семей полигонындағы ең алғашқы жарылыс 1949 жылдың 29 тамызында болған. Мұнараға қойылған бірінші бомба РДС-1 деп аталды. Ал батыста бұл жарылғыш Сталиннің құрметіне ДЖО-1 деген атауға ие болды. Жоғарыда айтқанымыздай, атомдық бомбаның қуаты 22 килотоннаны көрсетті. Бұл Нагасакидегі плутонды бомбадан да әсерлі еді…

Қас қағым уақытта жер-әлемді шарпыған “отты шар” тек полигон аймағын емес, алыс-жақын орналасқан тұрғындарға да ауыр зардабын тигізді. Бастапқыда бейхабар жұрт болған оқиғаны түсінбестен, от шашқан жалынға қарсы қарап тұрыпты. Сол қасіретті жылдарды көзімен көрген антиядролық қозғалыстың ардагері Аман Мұстафин: «Жұрт сол жерде металлом жинап кетті. Жарылыс болған аумақта әскерилердің қалдырған темірлері мен кабельдерді жердің астынан қазып, біздің қаракөздеріміз соның бәрін жинайтын-тұғын»,- дейді.

       Жарылыстың зардабы радиациялық сәулеленудің ықпалынан басталды. Қысқа мерзімді болса да, қалдықты радиациялардың кесірінен болатын генетикалық мутация көбейді. Жалпы есепте, қатерлі ісік түрлері 3 есе өсті. Әртүрлі ауытқулар мен тәндік ерекшеліктердің әлі куәсі болып келеміз. Зұлмат жылдардың артта қалғанына ширек ғасыр өтсе де, жаңа туған сәбилердің бойында сан түрлі мутациялық кемшіліктер әлі де бар. Тек адамдар емес, жан-жануарларда да осы процесс орындалып келеді. Уақыт өткен сайын жиналған радионуклидтер жердің құнарлығын азайтады. Мұның барлығы қастандықпен жасалған зерттеу жұмыстарының заманалар бойында, тағдырлар тоғысында жазылмайтын жарасы.

Қоғам қайраткері Мұрат Әуезов: «Біз бұл сынамаларды тек адамға қауіпті деп таяз ойлап жүрдік қой. Ал шын мәнінде, тек қана адам жаны емес, табиғаттың өзі қалай сезінді?! Қаншама көптеген жәндіктер жер астында-ақ уланып қалды, ойлаңызшы?!

6-тамызда Қарауылға үлкен дайындықпен бардық. Ерік-жігеріміз жүзімізден көрініп-ақ тұрды. Мықты эколог Мэлс Елеусізов, ақын Дүйсенбек Нахыпов та бар, үлкен жиналыс өткізгіміз келетінін тиісті адамдарға айттық. Бізді қолдап келген ағайында есеп жоқ еді. Қарауылдың бір шетінен қарасаң, Құдай-ау, бір алып күш келе жатқандай көрінді ғой сол кезде. Тек біз емес, шетелдік мамандардың бәрі бар, сынаманың азабын анықтадық, даланы аластап, ырым жасадық. Айтпақшы, біз жиналған жерге әр адам өзімен қара тас ала келгені тағы бар. Бұл сол сынаққа, оның зардабына, жалпы көрген қиындыққа деген лағнетіміз еді… Қатарда болған көп азаматтардың ішінде сол кездегі жас ақын Ұлықбек Есдәулет те бар. Оның жазған өлеңі сол рух жиынының әнұранындай болып кетті. Шынын айтайын, мен сол қозғалыстағыдай сұрапыл күшті одан кейін қайта сезінген жоқпын».

Бұл рухты қозғалыс осы кездесуде-ақ КСРО мен АҚШ президенттеріне мораторий жолдауға жалғасты. Іле-шала ядролық сынақтардың қатері жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарында да кең жариялана бастады. Азап көрген елдің мұң-зары мен қарсылығы, белсенділердің белді әрекетінің арқасында 1991 жылдың 31-тамызында «Семей ядролық сынақ алаңын жабу туралы Жарлыққа» қол қойылды. Қазақстан өз жерін Кеңес Одағының ядролық арсеналынан тазарту ісіне кірісті.

Ядролық сынақ – қарапайым терминдік сөз емес. Ол ауыр азаптың, ғасырлық зардаптың символы. Белсенділер бел сыбана кірісіп, халық қолдап, мемлекет шешімін шығарған Қазақстан тұтас адамзатты бейбітшілікке шақырудан шаршамақ емес. Ел боп ендігіде қойған мақсат- бір. Ол- 2045 жылға дейін ядролық қарусыз әлем құру. Сол әлемде ғұмыр кешу.

 

Мадина Оқас

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ