Бүгінгі қазақ жігітіне кім үлгі?

0
167

Ұлттың ұйытқысы – қыз дейміз. Ал сол ұлттың ұлт болып қалуы, сақталуы, өсуі – азаматтың арымен сыналса керек-ті. Бүгінгі қазақ жігіті қайда қарап бой түзейді? Адастырар ақылман көп күнде елдің ертеңі, еркегі кімді үлгі тұтса керек? Артық ауыз сөзсіз оймақтай ой ұсындық. Пікір иесі – белгілі алаштанушы ғалым Елдос Тоқтарбай. 

«Қоғамның тірегі – жігіттер-тін. Жігіт, азамат, ер адам деген сөздің қадірін түсіріп алғанбыз, өкінішті әрине. Ұлдан – ұлық, қыздан – қылық кеткен кер заман. Не істемек керек? Қайтпекпіз? Осы сауал ойымнан үнемі кетпейді, рас. Өткен тарихқа көз тастап, Алаш мұрасына үңіліп көрдім. Алаш арыстарының өмірбаянын мұқият зерттеген соң, олардың әлеуетін, қарым-қабілетін таныған сайын өзімнен өзім ұяламын. Алаш тұлғаларының бізден артықшылығы неде еді? Шын иманды болып, ұлты-жұртына жүрегімен, ақысыз-пұлсыз қызмет ете алатындарында еді.

Ең алдымен, осы Алаш ұранды ерлердің бәрі сауатын молдадан ашқан. Діни ілімді терең сіңіріп, жүрегіне ар, ұят, сауап пен обалды берік орнатқаннан кейін ғана дүние ғылымын, әлем пәніне ден қойды. Осы үркердей топтың кез келген тұлғасының өмір жолыңа қараңызшы, олар ана тілінен бөлек неше шет тілін меңгергенін, сан түрлі өнерлі, қабілетті болғанын көресіз. Тәрбиемен негізделіп берілген білім-ғылым расында қайырлы ғой. ондай адамдардың жүрегі таза, жан сарайы кең болады.

Жаңа қазақ қоғамы білімді, әділ һәм ұлтына жүрегімен қызмет қыларлық азаматтарға зәру. Егер, бүгінгі қазақ жігіті иманды болса, қоғам да иманды болады. Бүгінгі қазақ ұланы имансүйгіш, өз ісі мен кәсібіне адал әрі әлеуетті болса, еңбегі берекелі, табысы өнімді болады. Бүгінгі қазақтың бөріктісі өзін-өзі дамытып, ізденіп, жанын да, тәнін де (дене бітімі мағынасында) жетілдіріп, сымбаты келіскен болса кез келген қазақтың қызы соған қарап бой түзеп, ой түзеп, именер еді. Жігіт оқыған сайын, өзін рухани тұрғыда кемелдендірген сайын оның айналасы мейірімді, ибалы әрі инабатты болатыны хақ.

Әбу Дәуіттен жеткен хадисте: «Кісі досының дінінде, сондықтан кіммен дос болып жүргеніне мән берсін!» деген келелі ой айтылған. Ақиқатында, қазақ азаматы өзінің ортасын дұрыс таңдаса, достары да, туған туыстары, әрі кетсек, ұрпағы да көрегенді болар ма еді…

Заманында оқығандар тобының үмітті бөрісі, Алманияда оқыған қазақ Ғазымбек Бірімжан 1921-1922 жылғы ашаршылық нәубетінде «Қазаққа өгіз саусаң да сүт бер»,-деп өзінің қатарластарына үндеу тастаған. Ол осылайша жігіттердің намысын оятып, уайымсыз санасын сілкіген еді. Міне, содан бері арада жүз жыл өтсе де руханият пен тәрбие күресі әлі тоқтамай келеді. Ендігі мақсат – ұлттық болмыс пен бітімді, қалпыңды сақтап қалуға бағытталған күрес.

Данышпан Мұхтар Әуезов: «Ұл тәрбиелей отырып, халықты тәрбиелейміз. Қыз өсіріп, ұлтты тәрбиелейміз»,-деп айтқан екен. Қоғамның өзегіне түскен құртты емдейтін де, жазатын да жігіттер. Ұл өсіріп, қыз баққан әрбір әке балаларына кітап оқып, газет-журнал қарап үлгі көрсете алса, сол үйдің балалары кітапсүйер оқырманның қатарынан табылады. Бала ошақ басынан көргенін істейді. Сондықтан, әке мен ана – бала үшін тәрбие мектебі».

 

Жазып алған: Мадина Оқас

ПІКІР ҚАЛДЫРУ