НӘРЕСТЕНІ ТІЛ-КӨЗДЕН САҚТАУ АМАЛДАРЫ

0
404

Кез келген отбасы үшін жаңа туған нәресте – ерекше қуаныш. Әрине, әке-шешесі мен ата-әжесіне балалары туғаннан-ақ ең ақылды, сүйкімді әрі дарынды, жалпы айтқанда, дүниедегі ең керемет балақай болып көрінеді. Дегенмен, нәрестеге абай болып, оны көз тиюден мұқият сақтау аса маңызды. Қуанышымызбен бөлісеміз деп, сәбидін денсаулығына зиян келтіріп алуы да әбден мүмкін.

Ал, көп көрген-білген қазыналы қарияларымыздың айтуынша, қазіргідей кірпікқағар сәтте тарап кететін ақпарат қоғамында буыны қатаймаған баланы жаман көзден сақтау тіпті қиын. Ата-ана, керісінше, бүлдіршіннің тәтті қылығына сүйсініп, жария етуге бейім. Мұндай әрекеттің кішкентайлар үшін қауіпі зор дейді аға буын өкілдері.

Нағашы апам Күлзия әже 1 жасқа дейін балаға ерекше сақ болу керек дейтін. Бөтен адам түгілі, көрші-қолаң, ауылдастарға да көрсетпеуге тырысатын. Ал, егер бала мазасызданып, жылай беретін болса, «міне, көз тиген» деп, оны қайтарудың мынадай амалын жасайтын. Кішкентай баланың бет-ауызын жуып, «пісміллә» дей тұрып, етегінің ішкі жағымен сүртіп алады. Расында да, осыдан кейін немересі тынышталып, бұрынғыдай көңілді болып қалатын.

«Мүмкін, сіз бұрынғы ырымдарды соқыр сенім деп ойларсыз. Бірақ, саралай келе, халқымыздың ғасырлар бойы жиналып келген даналығы осы күнге дейін өзектілігін жоғалтпағанын түсінетін боласыз. Тіпті қазіргі медицина ғылымының көзқарасымен де ежелгі әдет-ғұрыптар (мәселен, сәбиді адам көп жиналатын жерге алып бармау, оны бөтен адамның қолына ұстатпау және бесігін жауып, жұрттың көзінен сақтап жүру) жоқ дегенде суық тию мен жұқпалы аурулардың алдын алу деуге болады», – дейді Күлзия әже.

Әрине, бұл ырым – жалғыз ғана емес, балақайды тіл-көзден сақтаудың амалдары алуан түрлі. Олардың түр-түрін біз үлкен апа-әжелерден сұрастырып, негізгілерін іріктеп алдық.

Ықылым заманнан қазақтың нәрестені тіл-көзден сақтауға байланысты көптеген салт-дәстүрлері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Қазіргі кезде ең жиі қолданылатындар мынадай:

Иткөйлек кигізу. Жаңа туған нәрестеге өмірінің алғашқы 40 күн ішінде қарапайым ақ жейде кигізетін. Бұл кезең – кішкентайдың ең сезімтал, иммунитеті әлсіз кезі, сондықтан оны тіпті жақын туыстарына да көрсетпейтін. Баланың бесігін тыныш әрі адамдар көп жүрмейтін, көптің көзі түсе бермейтін бұрышқа қойып сақтайтын. Қыста бала ауырып қалмас үшін осы бөлмені мүмкіндігінше жылытып қоятын. Нәресте киімінің сән-сапасына мән бермейтіні белгілі. Киген киімі таза, жұмсақ әрі нәзік терісіне жағымды болса жеткілікті. Сндықтан, қарапайым матадан тігілген ақ жейдеше ол үшін ең тамаша киім.

Бала қырқынан шығып болған соң оны ағайын-туысқа көрсету үшін алғашқы өмір кезеңін өткенін айқындайтын «қырқынан шығару» рәсімін жасайды. Таза суға оны залалсыздандыру үшін күміс зат салып, сол суға сәбиді жуындырады, шаш пен тырнағын алады. Және де балаға көз тимес үшін киімнің ішкі жағына көзмоншақ тігіп қояды немесе қолына көзмоншақтан жасалған білезік тағып қояды. Пейілі жаман адам балаға қараса, көзі осы көзмоншаққа түсіп, кішкентайға зиян келтірмейді деген ырым бар.

Сондай-ақ, балақайды тіл-көзден сақтап қалу мақсатында оған таза, бірақ аса сәнді емес, қарапайым киім кигізетін және бетіне күл жағып қоятын. Бүгінгі күні баланы адам көп жиналатын жерге алып барғанда маңдайына күл немесе басқа да оңай кетірілетін қара бояумен шеңбер салып қояды.

Одан бөлек, бөбектердің төбесіндегі жіңішке тұтам шашын қалдырып, одан айдар өріп қоятын. Қазіргі таңда бұл ырымның мән-мағынасын түсіндіру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Дегенмен, тіпті көңіл-күйі нашар, ашулы адам топ-томпақ, сүп-сүйкімді балақайдың төбесіндегі айдарын көргенде еріксіз күлімсіреп, ашуы тарқайды және балаға ашуының әсері болмайды деген болжам бар.

Жоғарыда атап өткеніміздей, қырық күннен кейін туысқандар сәбиді көруге келеді. Осы кезде оған көз тимес үшін баланы өтірік жамандап қоятын. «Мына бала неткен жаман, көріксіз, мұның несіне ата-анасы қызығады екен», – деп сәбиді жабылып жамандап шығады. Өйткені, мұны естіп қалған жын-перілер балаға назар аудармай, теріс айанлып кетеді деген наным бар. Бұдан әрі көшкентай саналы жасқа келгенше оны көрген адап ырымдап, жамандап қояды.

Бірақ, қанша сақтанғанмен, кейде балақай мазасызданып, жатырқап, жиі-жиі жылап қалуы мүмкін. Егер ата-анасы балаға көз тиді деп ойласа, оны мынадай тәсілмен сақтандыруға тырысады. Бар жамандықты жуып-шайып алу үшін баланың бетін жуып, анасы халат немесе көйлек етегінің ішкі  жағымен бетін сүртіп алады. Таң қаларлық жәйт, бірақ осы әдісті қолданып көргендер расында да пайдасы бар деп жатады.

Және де әлемдегі ұлттардың бәрінде осыған ұқсас салт-ырымдар бар екен. Мәселен, кавказ елдерінде, түркітілдес халықтарының бәрінде, одан қалды, сыған, қытай, корей, жалпы шығыс ұлттарында осы тәрізді салт-дәстүрлер ежелден бері қолданыста бар.

Мақаламызды қорытындылай келе, қазіргі жас әке-шешелерге мынадай ақыл-кеңес айтқымыз келеді. Заманына ілесе, қазіргі жастар әлеуметтік желілерді белсенді пайдалануда. Әрине, балалы болған жас жұбайлар оны қайта-қайта сүретке түсіріп, ғаламторға жариялағысы келеді. Сөзімізге құлақ түріп, жаңа туған балапанның сүретін жарияламауға кеңес береміз. Кейде, көпшіліктен жалығып, «Интернет деген бүкіләлемдік қоқыс алаңы» деп айтатыныңыз рас қой?! Ал ендеше, осы күл-қоқыс, теріс ниетті адамдар толып жататын торға неге еш күнәсі жоқ балақайдың сүретін жария етіп қоясыз? Ағайын-туыс баланың сүретін көргісі келсе, жеке парақшаларына салуға болады. Ал бөтен адамдарға бөбектің сүретін мүлде көрсетпеуге тырысыңыз. Ежелден сақталып келе жатқан салт-дәстүрдің даналығын ескерсеңіз, «Сақтанғанды сақтаймын» деген қағиданы ұстанып жүрсеңіз, кішкентайыңыз да сөзді қашан да қуантып жүреді. Лайым, еліміздің болашағы, ата-ананың қуанышы – балаларымыз қашан да аман-есен болсын!

Мария Умарова

ПІКІР ҚАЛДЫРУ