Қобыланды батыр бір жыл қыстаған – Қараүңгір
Әрбір тауы мен тасы, ойы мен қыры тарихтың қатпарлы сырына толы Ақмола өңірі түрлі тарихи ескерткіштерге бай, ашылмаған құпияларға толы десек қателеспейміз. Ғалымдар мен археологтар қаншалықты зерттеп-зерделеді, қағазға түсірді десек те біз білмейтін сыр сандықтар әлі де жетерлік. Солардың бірі өңірдегі бірнеше үңгірдің ашылмай, әлі толық зерттелмей келе жатқандығын айтпасқа болмайды. Тұнған тарихтың бедерлері мен ерте кездегі адамдардың өмір сүргендігін дәлелдейтін фактілер біртіндеп табылып жатқаны да Ақмола үңгірлерінің тарихының әріден басталғанын айғақтайды. Осыған орай, «Алаш айнасы» тілшісі зерттеуші-ғалым, ұстаз, өлкетанушы, «Көкше» академиясының профессоры Жеңіс Темірханды әңгімеге тартып, өлке тарихындағы көпшілікке беймәлім, бірақ туризмге сұранып тұрған тарихи жерлер туралы бірқатар тың мәліметтерге қаныққан еді.
Үлгілі үңгірінің ашылмаған сыры әлі де бар
«Зеренді ауданындағы Жыланды тауының теріскей беткейінде орналасқан Үлгілі үңгірі әлі де зерттеуді қажет етеді. «Біз бір кезде бұл үңгірден қорықтық. Өйткені мұнда сонау ерте тарихи кезеңдердің куәсі болған үңгір» деуші еді аталарымыз. Үңгір тарихына тереңнен қарап, зерттеу жұмыстарымды осы жерде туып-өскен ақсақалдарынан сұраудан бастадым. Көбіне бұл өлкенің әр тауы мен тасына дейін жатқа білетін нағашы атам Томан Хасеновтен көптеген құнды мәліметтерді анықтап, таң-тамаша қалдым», – деген Жеңіс Темірхан үңгірлер тарихы туралы қызықты әңгімелерін бастап кетті.
Зерттеу жұмыстарын жүргізген Жеңіс ақсақалдың айтуынша, Үлгілі үңгірі кезінде қарақшылардың жасырынған ордасы болған көрінеді. Тіпті, бұрындары үңгір биіктігі адам тік жүре алатындай болған екен. Аңыз бойынша үңгірдің тереңдігі сол жерден үш шақырымдай жердегі Жыланды тауына дейін жеткен. Бұл жаугершілік заманында жаудан тығылып, таудың етегінің тұсынан қашып шығып кетуге мүмкіндік беруі мүмкін, – дейді ғалым.
Зерттеу жұмыстары 2010 жылы да жалғасын тауып, үңгірден он текше метрге дейін күл-қоқыс пен балшық шығарылыпты. Ал, 2011 жылы зерттеу жұмыстары нақ шарықтау шегіне жеткен сияқты. – Зерттеу жұмыстарына сақадай сай әзірлікпен барған топ жергілікті ауыл тұрғындарын да қазба жұмыстарына тартып екі апта ішінде 20 текше метрде артық балшық пен құмдақ шығарады. Осы жылы ойламаған жерден үлкен олжаға тап болдық. Ол мына бір қыш ыдыс, – деген Жеңіс ақсақал қыштан жасалған заттай дерек туралы баяндап берді.
Астанадағы археологиялық зерттеу институтына жіберген үңгірді зерттеушілердің алғашқы табысы қыш ыдыстың осыдан 3,5-4 мың жылдық бұрын қолданылғанын айғақтапты. Археологиялық институт ғалымдары аталған заттың үңгір ішінде май шам жағу үшін жасалған құрал деген қорытындыға келген. Ал, солтүстік өңірлерді зерттеу экспедицияларын жүргізуші археолог Зайберттің болжамы бойынша үңгірден табылған зат қыш ыдысқа темекі салып, түтік арқылы соратын затқа ұқсайды. – Бұл тіпті шындыққа жанасатын сияқты. Өйткені қыш ыдыстың ішінде күйген заттың қалдықтары бар. Сондай-ақ ыдыстың сырты саңылаулар мен иректер бедерленген. Саңылаулар саны ешқандай арифметикалық заңдылыққа бағынбайды. Сондықтан менің ойым бұл зат кәдімгі әшекей зат ретінде қолданған деп ойлаймын, – дейді ғалым.
Бұдан кейін зерттеу жұмыстары барысында үңгірден әр түрлі аң-құстардың сүйектері шойын ыдыстар мен ағаш пен темірден жасалған заттар табылыпты. Қазу жұмыстарының арқасында үңгірдің жалпы ұзындығы 17 метрге жетті.
–Бірақ, Үлгілі үңгірінде біз білмейтін әлі де көп тарихи мәліметтер болуы мүмкін. Өйткені, тарихи жерде әлі ашылмаған 200 текше метрге жуық балшық шығару қажет. Ал былтырдан бері қаражат төленбейтін болған. Жұмсалуы тиіс қаражат есебін түгел беріп, тендерге қатыссақ та, туризмді дамытуға болатын жерге қаржы шығарылмай отыр, – деп қынжылады Жеңіс Темірхан.
Расында да өлкеде туризм кластерін дамыту нөмірі бірінші мәселеге айналған тұста, тарихтан сыр шертетін үңгірлерді зерттеуге неліктен қаражат бөлінбейді екен? Бәлкім әлі де болса көңіл бөлінбей, назар аударылмай келе жатқан Салеонтология яғни Үңгіртану ғылымын дамыту үшін мемлекеттік бағдарлама жасап, зерттеуді қажет ететін, туристерді тартуға қолайлы жерлерге қаражат бөлу қажет те шығар.
Қобыланды батыр бір жыл қыстаған – Қараүңгір
Ақмола өңірінде зерттеуді қажет етіп, туристтік орынға сұранып тұрған тарихи орынның бірі – Қараүңгір.
Зеренді мен Щучье қаласының ортасында орналасқан үңгірге тіпті кезінде Қобыланды батыр келіп бір жыл қыстаған деген де әңгіме бар. Бұл үңгірдің жаугершілік замандарда, мүмкін қалмақ соғыстарында тіпті одан да бұрын аса ірі тарихи оқиғалардың құнды мұралары мен деректерін ішіне бүгіп жатқанын айғақтайды.
–Ашық жатқан үңгірді кезінде ауыл адамдарды бала-шаға немесе мал түсіп кете ме деген қауіппен жауып тастапты. Сондықтан, оны қазір ашып, туристтер назарына ұсынуға жағдай болмай тұр. Қаражат бөлу туралы ұсынысым құрдымға кеткен судай жоғала береді. Бәлкім бұл үңгірден де біз білмейтін тарихтың парақтары шығып қалуы ғажап емес. Ең бастысы, өлке тарихы тереңірек ашылып, өңірдегі үңгірлер туралы жаңа мәліметтер табылған болар еді.
Үңгірді зерттеуге болатын георадар деген құрал бар. Бірақ, бағасы қымбат болуына байланысты ол біздің қолымызға түспей тұр. Құралдың кереметтілігі сол 100 метр шамасындағы бос жерлерді дәл анықтай алады. Аталған георадар құралы тіпті біздің геологтарда да жоқ. Ресей геологтарында бар екен. Алайда, бұл үңгірді де қаражаттың тапшылығынан толық зерттеу мүмкін болар емес, – Жеңіс Темірхан.
Кезінде казактарға қорған болған Лабан үңгірі қараусыз
Өлкедегі үңгірлер ішіндегі зерттелмей келе жатқан үңгілердің бірі Лабан селосының іргесіндегі көлдің ортасын қақ жарып өтетін үңгір дейді ғалым. Бұл үңгір кезінде казактардың жауларынан жасырынып, тонап әкелген заттарын әшекей бұйымдарын қоятын орыны да болуы мүмкін.
–Бұдан кейін ақтар мен қызылдар соғысқан азамат соғысы жылдарында да жауынгерлердің тығылған үңгір болғаны туралы там-тұм деректер бар.
Табиғаттың ерекшелігі ғой. Әйтпесе көлдің нақ ортасында судың астында үңгірдің болатыны үш ұйықтаса түске келмейді ғой, – дейді ғалым.
Егер аталған тарихи үңгірге де қаражат бөлінсе көлді кесіп өтетін үңгір де туристтер жапа-тармағай келетін тарихи орынға айналуы мүмкін емес пе?!.
Бір қызығы Лабан селосының жанындағы үңгір туралы сол жерде тұратын казактардың ұрпақтары ауыз ашпайды. Бұл казактардың ұрпақтарына «ешкімге айтпаңдар, бұл біздің арамыздағы құпиямыз» деген өсиетінен де болуы мүмкін.
Кенесары ханның орталық штабы болған үңгір
Туристтерді молынан тартуға болатын тарихи құны жоғары үңгірлердің бірі Бурабай баурайында орналасқан – Кенесары үңгірі.
Өлкедегі үңгірлердіңішіндегі ең ірі әрі көпшілікке таныс үңгірдің қазіргі жағдайы адам шошырлық болып тұрғаны алаңдатады. Бұлай деуге себеп, ханның есімі берілген тарихи орын жын-шайтанның ордасына айналыпты. Үңгірдің айналасы шашылған қоқыс пен алкоголді ішімдік шынылары басып кеткен. Үңгір қабырғалары да шимайланған жазбаларға толып кетіпті.
Ал, ғалымның айтуынша үңгірге хан Кененің есімінің берілуінің де мықты себебі бар. Яғни, 1837 жылдан 1847 жылдарға дейін 10 жылға созылған патша отаршылдығына қарсы ұлт азаттық көтерілісте Кенесары хан дәл осы үңгірден жауды бақылап отырған. Былайша айтқанда үңгір соғыс тәсілдерін қолдануға стратегиялық орын болғанға ұқсайды. Бір жағынан үңгірдің қалтарыс қуыстарының болуы жаудан тасалануға қолайлы болған.
Бәлкім осындай туристтерді тартуға болатын, тарихи жәдігерлерге бай үңгірлер арқылы шетелдік туристерді де тартармыз. Өйткені өзіміз аузымыздың суы құрып тамсанатын, Америкадағы Колорадо, Маккензи үңгірлері, Жапония аралдарындағы, Оңтүстік Америкадағы Анд тауындағы үңгірлер сияқты біздің де шетелдер ізде жүріп келетін орындар жетерлік емес пе? Сондықтан, әлі де болса қаражат бөлінбей, тарихы танылмай келе жатқан жерлерді өзіміз біліп, содан туристерге білгізетін уақыт жеткен сияқты.
Абзал Алпысбайұлы,
Ақмола облысы