СӘБЕҢНІҢ СОЛ БІР САПАРЫ…

0
260

Алматыдағы С. Мұқановтың музейінде жазушы С. Мұқановқа әр жылдары мерейтойына берілген сыйлық-заттар сақтаулы.

Соның бірі – түлкі тымақ. «Керей тымақ» деп аталады екен. Оның маңдайы мен құлақтарының ішкі жағына түлкі терісі тігілген де, сырты қытай жібегімен сырылып тысталған. Астары – қызыл түсті шыт матасымен тігілген. Жазушыға Моңғол еліндегі қазақ жазушылары сыйға берген екен. Бас киімді музейге жазушының жары Мәриям Қожахметқызы тарту еткен. Бұл күнде түлкі тымақты С.Мұқановтың музей-үйінің келушілері қызыға тамашалайды.

Қазақ халқының салт-дәстүрлерін де зерттеген Сәбең өзінің «Халық мұрасы (Тарихтық және этнографиялық шолу,1974) атты еңбегінде: «Тымақ – қысқы бас киім. Оны кедейлер – сеңсеңнен, байлар түлкіден жасайды. Түлкі терісінен жасалған тымақ – ең сәнді, бағалы тымақ саналады…» – деп жазады.

Қаламгер 1967 жылдың жазында Бейбітшілікті қорғаудың кеңестік комитеті делегациясының құрамында ресми сапармен Монғолия қазақтары қоныстанған Баянөлгий аймағына барады. Осы жылдары баянөлгийлік қазақтар арасында Сәбеңнің «Сұлушаш» поэмасы мен «Ботагөз» романы кең тараған кез екен. Халық аяғынан тік тұрып кең далада қарсы алады. Жазушыны қарсы алған топтың ішінде Монғолиядағы қазақ әдебиетінің негізін қалаған, Шәкәрім Құдайбердіұлына жиен болып келетін, «Бүркіт» поэмасы моңғол тіліне аударылып, орта мектептің әдебиет оқулықтарына енгізілген, атақты суырып салма ақын Ақтан Бабиұлы да болған. Сәбең елге оралғанша қасынан Ақтан мен Еңбек Ері, шопан, шежіре қарт Серікбайды тастамай, бірге болады, сыр шертіседі.

Аймақтағы 10 жылдық қазақ орта мектебінің оқу ісінің меңгерушісі, Алматыдан оқу бітіріп келген Қабидаш Қалиасқарұлы Сәбеңе арнап кабинет жасақтап, кітаптарынан көрме ұйымдастырады. Оқушылар шығармасынан үзінді оқиды. Бұған риза болған жазушы көзіне жас алып, үлкен алғысын білдіреді.

Музей кешені қорында Қабидаш Қалиасқарұлының жазушыға 1973 жылы жазған хаты сақталған: «Ассалаумағалейкім, ардақты Сәбе! Өзіңізді соңғы рет 67 ж. Баянөлгий атты ауылымызда көрдім, өзім әңгімелесіп, ақыл-кеңесіңізді алған едім. Мұнда келгелі 2-3 ай болды. Мәлік ағаның басшылығымен зерттеу жүргізгелі 5-6 жыл болып еді… Өзіңізді қабір басында сөз сөйлегеніңізде көріп, өзіңізбен бірге егіліп тұрдым. Кездесуге қолайлы кез емес еді. Бірер рет звандап едім, үйде жоқ екенсіз. Ақыры хатпен хабарласуға тура келді. Бүгін Талдықорғанға кетіп бара жатқандықтан осылай етуге мәжбүр болдым. Ол үшін бас иіп кешірім өтінемін. Мені білуіңізде мүмкін: Баянөлгийде болғаныңызда 1-қазақ мектебін өзіңізге таныстырып, сізге арнайы музей-кабинет ашып, ақын шәкірттерімнің өзіңізге арнаған газетін тарту еткен завуч ініңізбін ғой. Адресімді алғансыз.

1970 ж 1-кітабымды өзіңізге жібергем. Бірақ өзіңізден хат-хабар ала алмадым. Ендігі арман өзіңізбен дидарласып, ақыл-кеңес алып қайту. Еліме қорғаудан соң-ақ қайтамын. Уақытыңызды алғаныма кешірім өтінем, қадірлі аға. Монголиялық ініңіз Қабидаш Қалиасқарұлы. 29/І–73».

Ұланбатырда мемлекет басшысы Ю.Цеденбалмен кездесіп, Баянөлгий қазақтарына деген оң көзқарасына үлкен алғысын айтады. Сәбеңнің осы сапары жайында жазған «Монғолия жерінде» атты шағын мақаласы «Қазақ әдебиеті» (№26/856, 23 маусым, 1967ж.) газетінде жарық көрген.

Рашида ОТАРОВА,

«С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық

музей кешенінің» ғылыми қызметкері

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ