БАЛАҒА ҚОЛДАУЫҢЫЗ ҚАЖЕТ! Суицидтің алдын алу туралы психолог кеңестері
Мемлекет пен қоғамның негізгі әрі маңызды бөлігі, оның қозғаушы күші – ол отбасы екені сөзсіз. «Отбасы – шағын мемлекет» деген мақал да осыдан шыққан болар. Дегенмен, кейде түрлі жағдайларға байланысты ең кіші мүшесі – баланың өмірден өз еркімен кетуі осы шағын мемлекеттің негізін шайқап, түбін түсіргендей болады…
Ал, отбасы дегеніміз не? Жай сөзбен айтқанда, «отбасы» ұғымы көбінесе ата-ана мен баланы білдіреді. Халық даналығы айтпақшы, «Үйге еркек кіргенде нұрлы жарық кіреді, әйел кірсе – сүйіспеншілік енеді, бала кірсе – баспананы бақыт мекендейді». Расында да, қайбір қазақ болмасын, санасына о бастан «балам – барым, бақытым, бағалы байлығым» деген қағида терең сіңген болатын. Ендеше, не себептен басты байлығымыз бәрінен бас тартып, өзіне қол салуға барады? Бұл туралы «Сенімен Болашақ» ҚБ психологы Сымбат Әбдірахманованың кәсіби пікірін сұрадық.
«Өзіне қол жұмсаудың түрлі себептері болуы мүмкін. Генетикалық, яғни тұқымында суицидтен қаза тапқан немесе психикалық ауруы бар адамдар болса; есірткі немесе алкогольдің әсері, қатты стресс немесе бірнеше себептің жиынтығы. Мысалы, 13 жасар қыз мектепте құрбысымен ұрысып қалып, үйге қайтып келгенде ата-анасы жанжалдасып, айқайлап жатса, «мен ешкімге де керек емеспін, ата-анам да мені жақсы көрмейді», – деген оймен мұндай қадамға баруы мүмкін», – дейді маман.
Өкініштісі сол, Қазақстан әлем елдері арасында суицид фактілерінің саны көп елдер қатарында. Жыл сайын елімізде 4 мыңға жуық адам өмірден баз кешеді. Оның ішінде балалар мен жасөспірімдердің саны аз емес. Осыған байланысты, өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет отырысында балалар суициді мен мектептегі буллингпен күрестің тиімді тетіктерін жасақтауды тапсырған болатын.
Сіз білесіз бе? Өткен жылы бір ғана өңірдің өзінде кәмелетке толмағандар арасында 8 аяқталған суицид, 5 ұмтылыс жағдай тіркелді.
Демек, қиын сәтте жасөспірімдеріміз үлкендердің қолдауынсыз қалады. Өзін түсіне алады, жанына демеу болады дейтін жақыны болмағандықтан, өз өмірін қиюға бел буады. Міне, осындайда «бөтен бала болмайды» қағидасын ұстанып, өскелең ұрпаққа әрі үлгі, әрі қамқоршы болатын үлкендер қайда деген сұрақ туындайды…
Бұл ретте, ең бірінші ата-ана мәдениетін қалыптастыру, баланы жан-жақты дамыту үшін ата-ананың психологиялық-педагогикалық сауаттылығын арттыру, отбасы құндылықтарын насихаттау әрбір отбасы үшін басты бағыт болуы керек.
Балаңыздың өз-өзіне қол жұмсау туралы ойы пайда болғанын қалай байқауға болады?
Сымбат Әбдірахманованың айтуынша, өмірден түңілген адамның ой-түйсігін көптеген жағдайда алдын-ала байқауға болады. Ондай адам өмірден шаршадым, өмір сүргім келмейді деп айта бастайды, әлеуметтік желіде немесе Ватсапта мұңлы өлеңдер мен афоризмдерді немесе суреттерді статусқа қоюы мүмкін.
Мінез-құлқы да жиі өзгеріп кетеді: көп үндемеу, көңілсіз жүру, ұйқының бұзылуы немесе әдеттен көп ұйықтай беруі, тамақты бұрынғыдан аз немесе көп жеп жүруі ықтимал. Сабаққа немесе жұмысқа барғысы келмеуі, бұрынғы қызығушылықтарын тастап, спортпен немесе хоббиімен айналыспай кетуі де – қорқынышты белгілердің бірі деп айтуға болады.
Ендеше, неге ата-ана оны байқамай қалады немесе байқаса да, балаға қолдау көрсетіп, еңсесін көтеруге асықпайды?
Әрине, қазіргі жұмысы қауырт, уайымы алуан түрлі үлкендер көбінесе оған назар аудара қоймайды.
«Статистикаға сүйенсек, қазіргі таңда отбасында күнделікті қажеттілігін қамтудан басқа балаға көңіл бөле қоймайды. Тіпті, ата-ананың басым көпшілігі 24 сағаттың жарты сағатын да баланың көңілін аулап, онымен асықпай әңгімелесуге бөлмейді. Сондықтан бала ата-анасының қолдауы мен мейіріміне зәру болып өседі», – дейді Сымбат.
Осылайша, баланың бойындағы өзгерісті байқағанның өзінде ата-аналар оны дұрыс түсінбей, жасөспірімнің өтпелі кезеңі немесе жай ғана еркелігі деп қабылдауы мүмкін. Әңгімеге тартып көрсе де, баласын түсінуге тырысудың орнына оны кінәлай шығады, өздерінің қамқорлығын бағаламайды деп қабылдап, ішіндегі сырын айтуға мүмкіндік бермейді.
Баланың жағдайы алаңдатарлық болса…
Егер де сіз балаңыздың көңіл-күйі болмағанын байқап, оның себебін анықтағыңыз келсе, психолог Сымбат Әбдірахманова келесідей қадам жасауға кеңес береді.
Біріншіден, сұрақты дұрыс қоя білу.
Жоғарыда айтылғандай, ата-ананың көбісі баланың мінез-құлқы өзгерген жағдайда оған мән бермейді немесе сұрақ астына алып, қысым көрсете бастайды. Ұлына не қызына қолдау көрсетудің орнына, «Саған осы не болып жатыр? Саған не жетпей жатыр? Сен үшін күні-түні еңбек етсек те, ештеңе ұнамайды», – деп кінәлаған сайын жеткіншектің ашылып сөйлеуге деген ниетін жоққа шығарады. Одан да сұрақты жылы дауыспен, қызығушылығыңыз пен сүйіспеншілігіңізді білдіре тұра қойған дұрыс.
Екіншіден, жауап беруге асықтырмау.
«Саған не болды? Неге көңіл-күйің жоқ, бірнәрсе қажет пе?», – деп сұрағанның өзінде, балаңыз ашық сөйлесіп, сізден көмек сұрауға тартынуы мүмкін. Күмәнданып, ойын білдіруге сөз таппай тұрса, оған уақыт беру қажет. Ойын жинақтап, сенімді болған жағдайда проблемаларымен бөлісіп, көмегіңізге жүгінуі мүмкін.
Үшіншіден, дұрыс тыңдай білу.
Бала үлкендерге ойын айтып, уайымымен бөліскеннің өзінде ата-анасы оған көңіл аудармай, «Ой, осы ма еді уайымың? Оған бола соншама толқудың не керегі бар?» – деп кемсіткендей болады. Керісінше, баланың өміріндегі кез-келген жағдай сіз үшін маңызды екенін көрсету қажет, деп ойын түйіндеді сарапшымыз.
Мария Умарова