Биылғы бюджетке өзгерістер енгізілді

0
151

Кеше Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында 2023 жылға арналған бюджетке өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ бірқатар заң жобасы қаралды.

Өңірлерді қолдауға мән беріледі

Атап айтқанда, сенаторлар «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасын талқылады. Құжат бойынша баян­дама жасаған Ұлттық экономика министрінің міндетін атқару­шы Бауыржан Омарбековтің айтуынша, халықаралық қаржы ұйымдары биыл әлемдік экономика 1,7-2,9 пайыз арасында өседі деп болжаған. Осыған сәйкес, 2023 жылға арналған Brent маркалы мұнайдың әлемдік бағасы барреліне 87,3 доллар көлемінде болуға тиіс.

«Жедел деректер бойынша 2022 жылы ішкі жалпы өнім­нің өсуі 3,2 пайызды құрады. Са­ла­лық министрліктердің баға­лауы бо­йынша 2023 жылы эко­но­миканың секторларында бұ­рын мақұлдан­ған мәндерде оң сер­пін күтіледі. Осыған байланыс­ты 2022 жылғы ішкі жалпы өнім бойынша жедел деректер­ге, 2023 жылға арналған әлем­дік экономиканың өсуіне және экспорттық тауарлардың баға­лары бойынша жаңартылған бол­жам­дарға сүйене отырып, елдің мак­ро­экономикалық көрсеткіш­тері бұрын мақұлданған деңгейде сақталды. Яғни ішкі жалпы өнім­нің нақты өсуі 4 пайыз дең­гейінде, мұнай бағасы – барреліне 85 доллар, мұнай өндіру көлемі – 92,6 млн тонна болады», деді Б.Омарбеков.

Ұлттық экономика вице-министрі келтірген деректерге сүйенсек, экспорт көлемі 80,9 млрд доллар, импорт көле­мі 45,7 млрд доллар көле­мін­де сақталды. Сон­дай-ақ Пре­зи­­­денттің сайла­уалды бағ­дар­ла­масы мен қыркүйек айын­дағы Жолдауын қамтама­сыз ету бо­йынша Үкімет алдына қо­йыл­ған міндеттерді іске асы­ру үшін 2023 жылға арнал­ған бюд­жет параметрлері нақтылан­ған. Мәселен, 2023 жылы респуб­ли­калық бюджеттің кірістері бекі­тілген жоспардан 720 млрд тең­геге өсуге тис. Сөйтіп, ішкі жалпы өнімнің 12,1 пайызын немесе 14,6 трлн теңге деңгейге жетеді деп болжанып отыр.

«Республикалық бюджетке қосымша түсімдер кіріс базасын ұлғайту, салықтық және ке­ден­д­ік әкімшілендіруді жақ­сарту, цифрландыру бойынша Үкімет қабылдап отырған шара­лар есебінен қамтамасыз еті­леді. Мәселен, осы жы­лы бюджет кірістерінің біржолғы тү­сімдер есебінен 316 млрд тең­геге, салықтық және ке­ден­дік әкімшілендіруді жақ­сар­ту есебінен 404 млрд тең­геге ұлғая­ды деп есептейміз. Соны­мен қатар ұлттық деңгейдегі әлеу­меттік маңызы бар жобалар­ды және стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру үшін Ұлттық қордан 800 млрд теңге көлемінде нысаналы трансферт қосымша тартылады. 2023 жылы бюджет тапшылығын 3,2 трлн теңге көлемінде немесе ішкі жалпы өнімнің 2,7 пайыз деңгейін­де сақ­тау ұсынылады. Осыны ескере отырып, республикалық бюджеттің шығыстары бекітілген көлемнен 1,5 трлн теңгеге ұл­ғайып, 22,5 трлн теңгені құрай­ды», деді Б.Омарбеков.

Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, биыл бюджет түсімдері 1,5 трлн теңгеге ұлғайып, 19,3 трлн теңгеге жетуі қажет. Қосымша 2,2 трлн теңге шығыс бірқатар бағытқа жұмсалмақ.

«Мемлекет басшысының Жол­­дауы мен Сайлауалды бағ­дар­ламасы шеңберінде айтыл­ған бастамаларды, сондай-ақ өңір­лерге жұмыс сапарлары кезін­де берілген тапсырмаларды іске асыруға қосымша 2 трлн теңге бөлінеді. Бұл – өңірлерді қолдауға, ауыл шаруашылығын, көлік инфрақұрылымын және өңдеуші өнеркәсіпті одан әрі дамытуға, сондай-ақ әлеуметтік саланың жекелеген бағыттарына көзделген шығыстар. Сондай-ақ бұл бағыт аясында жылумен жабдықтау жүйелерін салу және реконструкциялау, электр энергетикасын дамытуға – 144 млрд теңге, қорғаныс және азаматтық қорғауды қамтамасыз ету, оның ішін­де өртке қарсы қызмет қыз­­мет­керлерінің жалақысын көтеруге, азаматтық қорғау орган­­­дарының материалдық-техника­лық базасын нығайтуға – 126 млрд теңге, тұрғын үй сатып алу үшін қарыздар мен тұрғын үй жинақ салымдары бо­йынша сый­лықақылар беруге 92 млрд теңге қарастырылған», деді Е.Жамаубаев.

Сондай-ақ басқа да бірқатар ма­­ңызды міндеттемені іске асы­руға 186 млрд теңге бағыт­тал­мақ. Министрдің сөзіне сүйенсек, бюджетті қайта қарау нәти­же­сін­де экономиканың нақты сек­торы мен өңірлерді қолдауға ере­к­ше мән берілген. Бұл шығыс­тар­дың құрылымының өзгеруі­нен байқалады.

«Атап айтсақ, экономиканың нақты секторын қолдауға қосым­ша 1,3 трлн теңге көзделген. Тиі­сінше, шығыстардың жалпы көле­мін­дегі бұл бағыттың үлесі 5,3 па­йызға ұлғайды. Нәтижесінде атал­ған салаға арналған шығыс­тар 3,5 трлн теңге немесе жалпы шығыстардың 15,6 пайыз мөл­шерінде жоспарланып отыр. Бұл орта мерзімде елдің дамуына оң муль­типликативтік әсер етеді. Әлеуметтік саланың шығыстары 298 млрд теңгеге ұлғайтылып, 8,5 трлн теңге немесе бюджеттің жалпы шығыстарының 37,5 пайызын құрап отыр. Қаражат «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыруға, мектепке дейінгі білім беру мекемелері педагогтерінің жалақысын көтеруге және колледж студенттердің стипендия­ларын ұлғайтуға, әлеуметтік тө­лем­дердің, жәрдемақылардың мөл­­шерлерін арттыруға, денсау­лық сақтау жүйесін одан әрі дамы­туға бағытталады. Күш құ­ры­лымы шығыстары 317 млрд теңгеге өсіп, 2,5 трлн теңге кө­лемінде жоспарланған. Нақтылау кезінде ағымдағы жылы өңірлерге республикалық бюджеттен 7,2 трлн теңге немесе бюджеттің жалпы шығыстарының 32 пайызы бағытталады», деді Е.Жамаубаев.

Ал Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, елде іскерлік белсенділік арта бастаған. «2023 жылдың қаңтар айында іскерлік белсенділік ин­дексі өсу аймағына өтіп, 50,7-ні көрсетті. Ақпан айын­да инди­катор 50-ді құрап, өз­геріс бол­ма­ғанын аңғартты. Бар­лық сек­тор­да та­уар жеткізу мерзі­мі­нің ұзақ­тығы іскерлік белсен­ді­лікті те­жей­тін фактор болып қалып отыр», деді Ұлттық банк басшысы.

 

Кірістен шығыс көп

Сұрақ қою рәсімінде сенаторлар Үкімет мүшелеріне сауалдарын қарша боратты. Мәселен, Серік Өтешов маңызды әлеу­меттік нысандардың құрылыс жұмыстарының үзілу қаупі артып отырғанына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, бюджеттен қаржыландырылатын 230 нысанда құрылыс жұмыстарының мерзімі ұзартылды. Ұзартудың бір себебі – құрылыс құнының қым­баттауы. Депутаттың дерек­теріне сүйенсек, 2022 жылы өткен жылмен салыстырғанда құрылыстағы бағаның өсуі 3,4 пайызды құраса, басқа жұмыстар мен құрылыстағы шығындардың қымбаттауы 7,7 пайызға жеткен.

Оның үстіне мұндай қымбат­тауды заң бойынша жер­гілікті бюджеттен қаржыландыру керек. Қымбаттап жатқан құрылыс нысандарын аяқтау үшін облыс­тарда немесе аудандарда қаржы жеткіліксіз болуы мүмкін екені анық, яғни жобалардың ұзақ мерзімді құрылысқа түсу, тіпті мүлдем тоқтап қалу қаупі бар. Сенатор өз сөзінде, осының кесі­рінен бюджеттен бөлінген қар­жы игерілмей, құрылыс аяқ­талмай, бюджеттің мұндай шығынынан халық пайда көрмей отырғанын тілге тиек етті.

«Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, келесі сұрақтар туындайды: Үкімет көрсетілген жағдайды қалай шешуді жоспарлап отыр? Қазір Үкімет әзірлеп жатқан жаңа Бюджет кодексінде жергілікті және республикалық бюд­жеттен әлеуметтік маңы­зы бар нысандарды салу жоба­лары­ның қымбаттауын қоса қаржы­лан­­дыру мүмкіндігін көздеуге бола ма?», деді сенатор Үкі­мет өкіл­­деріне қарата қойған сұрағында.

Сенатор Шәкәрім Бұқтұғұтов Қазақ­станның мемлекеттік қары­зы бір жыл ішінде 15 пайызға өс­кеніне алаңдаулы. Оның айтуын­ша, 2022 жылдың 1 қаңтарында мемлекеттік қарыз мөлшері 21,9 трлн теңгені құрады, ал бір жылдан кейін бұл көрсеткіш 25,3 трлн теңгеге дейін өсті. «Бізде ішкі қаржыландыру көздері бар – зейнетақы қорында шамамен 15 трлн теңге, екінші деңгейдегі банктерде 14 трлн теңге, сондай-ақ Ұлттық қордың қаржысы бар. Негізінен ішкі көздерден қарыз алғанына қарамастан, қарыздарды өтеуге және оларға қыз­мет көр­сетуге арналған шы­ғыс­тардың 1,5 есе өскені байқа­лады, олар 2023 жылы жалпы шы­ғыстар көлемінің 20,5 пайы­зын құрап отыр», деді Ш.Бұқтұғұтов.

Қаржы министрі Е.Жамау­баевтың айтуынша, мемлекеттік қарыз мәселесі Үкіметтің тұрақты бақылауында. Ведомство басшысы әлемде инфляцияның деңгейі өте жоғары екеніне байланысты базалық ставка да өскенін алға тартты.

«Сырттан қаражат тарту немесе бюджет тапшылығын қаржы­ландыру үшін іштен қарыз алу қымбатқа түседі. Әрине, инфляция деңгейі төмендесе, базалық ставка азайса, бұл жүктеме бір­шама жеңілдейді. Екіншіден, елі­міздегі бюджет тапшылығын біртіндеп азайтамыз. Оның деңгейін биыл 2,7 пайыз шамасында қалдырдық, себебі оны өсі­руге болмайды. Осы орайда оның сомасы 3,2 трлн теңгені құрады. Биылғы нақтылаудан кейін бюджеттің кіріс көзі тағы да 42 пайызға өседі. Бұл тұрғыда салық әрі кедендік әкімшілендіру есебінен 720 млрд теңге қосымша қарастырып отырмыз», деді Е.Жамаубаев.

Сондай-ақ талқылау барысында Сенат спикері М.Әшімбаев та пікірін білдірді. Мәселен, кейінгі 5 жылда бюджет кірісі трансферттерді есептемегенде шамамен 66 пайызға өскен. Алайда осы уақыт аралығында шығындар 120 пайызға ұлғайған. Сенат төрағасы республикалық бюджетті қарау кезінде осы мә­селеге назар аударды. Мәулен Әшімбаев аталған проблеманы шешу үшін министрлерді қаржы тәртібін сақтауға және қаражатты үнемдеуге шақырды.

«Бізде кірістерге қарағанда шығыстардың екі есе ұлғайғаны байқалып отыр. Бұл ретте Үкімет ол ақшаны Ұлттық қордан немесе бюджет тапшылығын арттыру арқылы алатыны түсінікті. Әлде салық базасын ұлғайту керек. Осыған байланысты бәріміз қаржы тәртібін сақтап, Ұлттық қор қаржысын тек стратегиялық мақсаттарға жұмсауымыз қажет. Сондай-ақ бізге Ұлттық қордың активтерін ұлғайтудың нақты стратегиясы керек», деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат төрағасы Ұлттық қор­дың базалық инфрақұры­лым­дық және басқа да стратегиялық шы­ғыстарды қаржыландыруын қолдайтынын, сонымен бірге Мемлекет басшысының Ұлттық қорды 100 млрд долларға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындау қажеттігін атап өтті.

«Қазір Ұлттық қордың қар­жысы азайып барады. Кейінгі 8 жылда қордың қаражаты 73 миллиард доллардан 57 миллиард долларға дейін төмендеген. Ал алдымызда оны 100 миллиард долларға дейін ұлғайту міндеті тұр. Сондықтан Ұлттық қордың активтерін ұлғайту қажет. Соған байланысты одан түсетін табыс балаларға көбірек бағытталады», деді М.Әшімбаев.

Сондай-ақ талқылау барысында инфляцияға қарсы шаралар және оның өсуіне әсер ете­тін факторлар тал­қыланды. Се­нат спикерінің ай­туынша, соңғы уақытта Қытай тара­пын­дағы әріп­тестер саясатты ырық­­­тан­­дырса да, кәсіпкерлер ше­­к­а­ра­­да кө­ліктердің өте ұзақ тұ­рып қа­латыны жөнінде жиі шағымданады.

«Бізге көп тауар Қытайдан келеді. Кептеліс, кезек сияқты қиын жағдай көп болған сайын делдалдар, сыбайлас жемқорлық, алымдар да соғұрлым арта тү­сетіні белгілі. Ал оның бар­лық ауырт­палығын халық тартады. Сондықтан шекарадағы жағ­дай­ды заң арқылы түзеп, кейбір ке­дергілер мен делдалдарды, сыбай­лас жемқорлықтан қалы­птас­қан жолдарды жойып, соның теріс әсерінен пайда болған қымбат бағаның төмендеуіне ықпал етуіміз керек», деді М.Әшімбаев.

Палата төрағасы Сенаттың тиісті комитеті депутаттары да бұл мә­селемен белсенді айна­лысу­ға, тәртіп орнатуға, Қазақ­стан – Қытай шекарасы арқылы тауар тасы­малының өзіндік құнын төмендету үшін барлық кедергіні алып тас­тауға дайын екенін жеткізді.

 

Әлеуметтің әлеуетін арттыратын кодекс

Сондай-ақ жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдары­на Қазақстан Республикасының әкімшілік реформасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» Конс­титуциялық заңының жобасы мен ілеспе құжат бірінші оқы­лымда мақұлданды.

Ұлттық экономика вице-ми­нистрі Бауыржан Омар­беков­тің айтуынша, аталған заң жобалары өкілеттіктерді ажыратудың бірқатар қағидаты негізінде да­йын­далған. Мәселен, Үкі­мет­тен орталық мемлекеттік ор­ган­­дарға салалардағы мем­ле­­кет­тік саясатты қалып­тас­ты­ру мен халықара­лық ын­ты­­мақ­­тастықты жүзеге асырады. Орталық мемлекеттік орган­дар­­­дан жергілікті атқарушы ор­ган­­­дарға мемлекеттік саясат­ты жүр­­гізеді. Жергілікті атқару­шы орган­дардың облыстық деңгейі­нен аудандық деңгейге халық­тың тір­­ші­лік әрекетін қам­та­масыз ету жө­нінде өкілет­тіктерді қайта бөледі.

«Ал Конституциялық заң­ның жобасында Премьер-ми­нистр кеңсесінің Үкімет аппаратына трансформациялауына, Мемлекет Ту мен Елтаңбаның эталондарына, инвестициялық сая­сат пен мәдениетті, білім беруді және басқа да салаларды дамыту жөніндегі мемлекеттік сая­сатты қалыптастыру бойынша Үкіметтің құзыретін алып тас­тауға қатысты өзгерістер ен­гі­зіледі. Екінші заң жобасы бойынша 167 заңнамалық актіге, оның ішін­де 13 кодекске және 154 заң­ға түзетулер қарастырылған. Жал­пы, 513 функцияны басқару де­ң­гей­лері арасында қайта бөлу көзделген», деді Б.Омарбеков.

Депутаттар әуелі Әлеуметтік кодекс жөніндегі заң жобасын ілеспе құжаттарымен бірге екін­ші оқылымда мақұлдады. Баян­дама­шы Ләззат Қалтаеваның айтуын­­ша, Әлеуметтік кодексті әзір­­леу – халықаралық стан­дарт­­тарға сай келетін әлеуметтік қор­­ғау жүйесін құру жөніндегі мем­­ле­кеттік сая­саттың страте­гия­­лық маңызды шешімдері мен нәтижелерінің бірі.

«Әлеуметтік кодекс әртүр­лі заңнамалық актілердің ор­нына әлеуметтік саясаттың құқық­тық негізі болмақ, оның не­­гізгі басым­дығы халықты жұ­мыспен қамтуды ынталандыру және азаматтардың әлеуметтік қор­ғалу деңгейін арттыру. Жүр­гізілген реформалардың нәти­­жесінде халықты әлеуметтік қор­­ғаудың көп деңгейлі жүйесі құры­­лады және әлеуметтік қам­сыз­д­ан­дыруға жауапкершілік мем­­лекет, жұмыс беруші және қыз­мет­кер арасында бөлінеді», деді Л.Қалтаева.

Сонымен қатар жалпы отырыста бірқатар заң жобасы рати­фи­кацияланды. «Қазақстан Рес­пуб­ликасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкі­меті арасын­дағы Еуразия Даму Банкінің төлен­ген жарғы­лық капи­талындағы Ресей Федера­ция­сы үлесінің бір бөлігін сатып алу және сату туралы келі­сімді ратификациялау туралы» заң жобасы Еуразиялық Даму Банкі қызметінің жекелеген мәселелерін реттеуге бағыт­­талғ­ан. Ал «Қазақстан Рес­пуб­ли­касы мен Өзбекстан Рес­пуб­лика­сы арасындағы Қазақ­стан – Өзбекстан мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы шартты ра­ти­фикациялау туралы» жобасы Қазақстан мен Өзбекстан ара­­сындағы мемлекеттік шекараны демаркациялаудың құқықтық негіздерін халықаралық-құқық­тық тұрғыдан бекітуге арналған.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ