Менде әлі де көптеген жоспар бар

0
453

Қазақ тіліндегі дамытушы мультфильмдердің авторы Сымбат Әбдірахманова: «Менде әлі де көптеген жоспарлар бар»

Қызылордалық  Сымбат Әбдірахманова-сегіз қырлы, бір сырлы тұлға:  «Сенімен Болашақ» ҚБ психологы, тәлімгер, аудармашы, қазақ тіліндегі 20 жуық мультфильмнің авторы және «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жалпыұлттық жобасының жеңімпазы. Ана тілінің патриоты өзінің жобалары мен болашақ жоспарлары туралы және қоғамдық маңызы бар қызметпен қалай айналыса бастағаны туралы «Zamandas» порталына айтып берді.

«Мен Қызылорда қаласында дүниеге келдім, № 12 мектепті бітірдім. Мектептен кейін Абылайхан атындағы Алматы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетіне түсіп, сол жерде магистратураны да бітірдім. Алматыдағы Иран Ислам Республикасының елшілігінде жұмыс істедім. Содан кейін тұрмыс құрып, Қызылордаға қайтып келдім. Мұнда облыстық білім басқармасының әдістемелік бөлімінде шамамен 8 жылдай уақыт жұмыс істедім.

«Сенімен Болашақ» республикалық ҚБ психологымын, БҰҰ балалар қорының ұлттық тренері, Еуропа психологтар қауымдастығының мүшесімін. Одан бөлек, парсы тілінен аударма жасаумен және психологиялық кеңес берумен айналысамын», – дейді жас маман.

Осылайша түрлі қызметтерді қатар алып жүрген Сымбат саналы ата-ана және өз елінің азаматы ретінде ана тілімізді дәріптеуге де қомақты үлес қосуда.  Бірде балалар тек орыс тіліндегі мультфильмдерді көріп, соның салдарынан қазақ тілін ұмыта бастағанына назар аудара отырып, ол ана тілінде сапалы мультфильмдер түсіруді ұйғарды. Сымбат демеушілік шығындарды талап етпей, өз шығармаларына сценарийлер жазады. Айта кетейік, Сымбат дайын мультфильмдері үшін қаламақы сұрамай, оларды ана тіліміздің қолдану аясын барынша кеңейту мақсатында тегін таратады және қазір оның шығармалары бүкіл Қазақстан бойынша танымал.

«Мен қазақ тілінде мультфильмдер түсіремін, олар түрлі анимациялық шығармалар байқауларында жүлделі орын алуда және «Балапан» және «Қызылорда» телеарналарында көрсетіледі. Ал, былтыр «Дүниетану» анимациялық мультсериалым жарық көрді», – деді сарапшы.

Айтпақшы, ана тілін насихаттаудан басқа, Сымбаттың мультфильмдері практикалық тұрғыдан да пайдалы. Олардың көпшілігі жас көрермендердің сөйлеу дағдыларын дамытуға арналған және аймақтағы мектептерде ойын оқулықтары ретінде нәтижелі түрде қолданылуда. Ал Қызылорданың 200 жылдық мерейтойына орай қала тарихы туралы қызықты түрде баяндайтын «Сиқырлы килт» мультфильмі түсірілді.

«Осының бәрімен мен 2017 жылдан бастап айналыса бастадым, бұған дейін БҰҰ-ның балалар суицидінің алдын алу жобасының үйлестірушісі болдым. Нәтижесінде біздің облыста балалар суицидінің деңгейі төмендеді. Жоғарыда айтылғандардан басқа, мен ғылыми қызметпен айналысамын, ғылыми мақалалар жариялаймын және әртүрлі зерттеулер жүргіземін. Болашақта осы бағыттар бойынша жұмысты жалғастыруды жоспарлап отырмын. Әрине, менде әлі де көптеген жоспар бар. Құдай қаласа, оларды да қолға алармын», – деп Сымбат Әбдірахманова сөзін түйіндеді.

Мария Умарова

ПІКІР ҚАЛДЫРУ