Араны ашылған алаяқтар

0
257

Бүгінгі қоғамды алаңдатып отырған қылмыстың бірі – алаяқтық. «Аңқау елге – арамза молда» кейпіне енген алаяқтардың араны ашылып-ақ барады. Жеңіл жолмен табыс табуды көздегендердің қатары азаяр емес.

Атырау облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Закарьян Разғалиевтің айтуынша, соңғы жылдары алаяқтық қылмысты жасайтындар, оның ішінде интернеттегі алаяқтық күрт көбейген. Мәселен, өткен жылы Атырау облысында интернеттегі алаяқтықтың 720-дан аса дерегі тіркелген.

– Былтыр тіркелген қылмыстық деректің басым көпшілігі та­уарды онлайн сатып алу мен онлайн несие ресімдеуге қатысты болып отыр. Өткен жылы дәл осындай қылмыстың саны 9,7 пайызға өскені байқалды. Қазір 130 қылмыс ашылып, тергеу жүріп жатыр. Ал жыл басталғалы бері интернеттегі алаяқтық 10 пайызға артып отыр. Осындай қылмысқа баратындар банк немесе құқық қорғау органдары қызметкерлерінің атынан қоңырау шалады. Әсіресе несие ресімдеу жөніндегі алаяқтық ерекше белең алып тұр. Бұл дерек­ бойынша былтыр тіркелген қылмыстың саны 70-тен асты, – дейді Закарьян Разғалиев.

Облыстық полиция департа­менті баспасөз қызметінің ақпара­тына сүйенсек, алаяқтардың қыл­мыс­тық «кәсібі» алуан түрге бөлі­неді. Жеңіл жолмен табыс тауып,­ баюды көздегендердің дені – әйелдер. Алаяқтардың арбауына­ түсірген құрбандарының ақ­шасын қайтармай, тіпті із-түзсіз «жоғалып» кетеді. Мәселен, аты­рау­лық 24 жастағы тұрғын екі жыл бойы алаяқтық жасаған әйел­ден 1 млн 350 теңгесін қайтара ал­мағаны анықталған. Алаяққа бер­ген ақшасын зарыға күтіп, амалы таусылған жәбірленуші по­лицияға шағымдануға мәжбүр болған. Жәбірленуші 2019 жылғы 4 тамыз­да­ 32 жастағы әйелдің Атырау қала­сында жаңадан бой көтерген «Береке» шағын ауданынан екі бөлмелі пәтер алып беремін деген уәдесіне сен­ген. Сөйтіп, оның қолына ­­1 млн­ 350 мың теңгесін ұстата қой­ған.­­ Содан бері пәтерді де ал­ма­ған,­ алаяққа берген ақшасын да кері қайтара алмаған. Полиция қызметкерлері жедел іздестіру жүр­гізу кезінде 1989 жылғы әйел­ді ұстады. Тексеру кезінде 32 жастағы әйелдің үстінен осындай алаяқтығы үшін 11 адамның арызданғаны белгілі болды.

Тағы бір дерекке тоқталар бол­сақ, Атырау қалалық полиция басқармасына 22, 27 және 35 жас­тағы жергілікті үш тұрғыннан арыз түскен. Олар 37 жастағы аза­маттың жоғары оқу орнына ақы­сыз түсіруге уәде бергенін айт­қан. Күдікті алаяқтық жолмен жә­бірлену­шілердің бірінен 600 мың, екіншісінен 292 мың, ал үшіншісінен 350 мың теңге алған. Алайда осы кезге дейін уәде етілген оқуға түсірмеген, не алған ақшаны кері қайтаруды ойына алмаған. Төрт адамның сеніміне кіріп, пәтер алып беру үшін 98 млн теңгесін жымқырған әйел 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылған. Темір торға қамалған алаяқтың тағы да 6 адамды әлгіндей әдіспен алдап, 25 млн 700 мың теңгесін қалтасына басқаны анықталды. Полиция қызметкерлері бірнеше адамды арбауына түсірген алаяқтың заңсыз әрекетіне байланысты тағы да тергеу жүргізуге мәжбүр болды.

Толғауы тоқсан тіршіліктің қиындығымен пәтер жалдайтындар да алаяқтардың «қармағына» ілініп жатыр. Мәселен, 1980 жылғы әйел 20 адамға элиталық пәтерді көңілге қонымды бағамен жалға беруге уәде еткен. Көптің көңіліне күдік ұялатпаған алаяқ келісілген соманың жартысын алдын ала төлеуді ұсынып, ұлының жеке есепшотына аудартып отыр­ған. Криминалдық полиция бас­қармасының қызметкерлері кү­дікке ілінген әйелге қатысты 20 де­ректі дәлелдеді. Алаяққа алдан­ған­дардың арасында 9 атыраулық бар. Бұдан бөлек, Астана, Тараз, Алматы, Қарағанды, Қостанай қаласы мен Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары да сан соғып қалған. Өзге қалалардағы жәбірленушілердің алданғанына байланысты 11 дерек анықталып отыр.

Мұнайлы Атырауға өзге өңір­ден келіп, алаяқтықпен айналысатындар да бар. Мәселен, Қарағанды облысының тұрғыны жергілікті тұрғындарға екінші деңгейлі банк­тер арқылы тауарлық несиелер алып беруге уәде етіп, қаражатты қалтасына басқан. Күдікті Атырау облысының 40 тұрғынын алдап, 40 млн теңгеге жуық залал келтірген.

«Ауырдың үстімен, жеңілдің ас­тымен» дегендей, алаяқтық әре­кетке баратындар танымайтын адамдарды ғана емес, өздері­нің туыстарын да алдауға бейім екенін аңғартып отыр. Сондай алаяқтың бірі – қайын атасын ал­даған күйеу бала. Атырау қала­сының 1956 жылғы тұрғыны банк­терден «несие қарызын тө­леу бойынша келісімшарт талабын орындамадыңыз» деген қо­ңы­рау­лар жиілегеніне күмән кел­тіріп, мәселенің мән-жайын анық­тауға кіріскен. Сол кезде 4 млн теңгеден аса несиесі бар екенін білген. Алайда бұл несиені өзі алмаған. Сол себептен, полицияға жүгінуге шешім қабылдаған. Ал полиция қызметкерлері шағым­да­ну­шының 34 жастағы күйеу ба­ласын ұстады. Тергеу кезінде күдіктінің қайын атасының атына­ 2020 жылдың қарашасынан 2021 жыл­­ғы қазан айы аралығында банк­­­тер мен қаржы ұйымдарынан 55 мың теңгеден 2 млн теңге кө­ле­­­мінде несие алып келгені анық­тал­­ды. Күдіктінің алған несиесінің жалпы сомасы 4 млн 499 мың 542 теңгені құраған. Тағы бір Атырау қаласының тұрғыны алаяқ­тық жолмен 35 адамның ақ­шасын алып, қалтасына басқан. Алаяқ алдымен өзінің туыстарын қа­ладағы «Нұрсая» шағын ауданы­нан арзан бағамен пәтер алып беремін деп арбауына түсірген. Жә­бірленушілерден Kaspi.kz қосым­шасы арқылы банк карточ­касына, тіпті кейбіреулерінен қолма-қол ақша алған. Өзінің қызмет құнын 300 мың теңгеден ­­5 мил­лион теңгеге дейін бағалаған. Сөйтіп, азаматтардың 29 млн 300 мың теңгесін жымқырған. Ал алдын ала төлем жасап, пәтер күткен қала тұрғындары өздерінің алданғанын алаяқ әйел телефонын өшіргенде бір-ақ білген. Ал 1983 жылғы әйел өзінің таныстарына күйеуінің компаниясына үлескер болу үшін қаражат құйып, кейін түскен табыстан пайда табатынына сендірген. Алайда жиған-терген қаржысын үлескерлікке салған 18 тұрғын ешқандай пайда көрмеген. Тіпті ақшасын қайтара алмай, тығырыққа тірелген. Полиция түскен шағымға байланысты тергеу кезінде аса ірі көлемдегі алаяқтық күдігіне ілінген ерлі-зайыптылардың 18 жәбірленушіге 150 млн теңге залал келтіргені анықталған. Сот үкімімен ерлі-зайып­ты алаяқтар 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Әрине, полиция қызметкерлері тұрғындарды алдап-арбау амалдарын қолданып, сеніміне кіру ар­қылы бөтеннің мүлкін жым­қырудың жолын кесуге байланыс­ты іс-шараларды жалғастырып келеді. Алайда жүргізілген түсін­діру жұмыстары мен ескертулер­ге­ қарамастан, тұрғындардың алаяқ­т­арға алданып қалу дерегі азаяр емес. Мәселен, былтырғы 23 қараша мен 3 желтоқсан ара­лы­­­ғында 45 жастағы әйел Атырау қаласының 1988 жылғы тұр­ғы­ны­нан 6 «Iphone 13 Pro» ұялы телефонын арзан бағаға алып беру үшін 2 млн 196 мың теңге, 31 жастағы тұрғыннан тұрмыстық техника үшін 1 598 500 теңге, 1995 жылғы тұрғыннан «Iphone 13 Pro»­ телефоны үшін 498 000 теңге, 2004 жылғы тұрғыннан 3 «Iphone 13 Pro» телефоны үшін 1 млн 174 мың­ теңгені алаяқтық жолмен иемденіп алған.

Ешкімнің ала жібін аттамайтын адал жандарды алдайтындар тек үлкен шаһарда ғана емес, аудандардан да шығып жатыр. Облыстық полиция департаментінің баспасөз қыз­метінен мәлім еткендей, 24 жас­тағы алаяқтың Махамбет ауда­­­­­нында тұратыны анықталып отыр. «Алаяқтық іспен айналысқан күдік­ті­ 2022 жылғы желтоқсаннан бері «Kaspi» және «Freedom Finance» банктерінен тауарлық несиені ақшалай алып, үстіне бонус қосып беремін деп 30 адамды алдаған. Сөйтіп, 40 млн теңгені иемденіп алғаны анықталды. Қазір алаяқ ұс­талды. Қазір күдікті уақытша ұстау изоля­торына қамауға алынды», деп хабар­лады департаменттің бас­па­сөз­ қызметі.

Облыстық прокуратураның ақ­паратына қарағанда, онлайн-не­сие берумен айналысатын ми­кроқаржылық ұйымдар саны көбейген. Бұған осындай ұйым­дардан несие алудың тез әрі оңай болатыны әсер етіп отыр. Мұны алаяқтар өз мақсатына пайдаланып, ештеңеден күдіктенбейтін адамдарға микроқаржылық ұйым­дардан онлайннесиелерді ре­сім­деуде. Бұл туралы жәбір­лену­ші­лер өздерінің банктік шот­тары бұғатталған кезде немесе сот орындаушыларынан қоңы­раулар түскен кезде ғана біледі. Мәселен, Ч. деген ер адам өзге­лердің жеке мәліметтерін пай­да­ланып, микроқаржылық ұйым­дардан онлайннесиелерді заңсыз ресімдеген. Оның осындай заңсыз әрекетінен 97 атыраулық зардап шеккен.

Араны әбден ашылған алаяқтар­дың арбауына түспеудің амалы бар ма? Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Атырау өңірлік департаментінің басқарма басшысы Асланбек Қабесовтің айтуынша, алаяқтардың құрығына түспеу үшін сақтық шараларын естен шығармау қажет.

– Белгісіз нөмірден қоңырау ша­лып, бірден ақша жайында әңгіме қозғаған адамға, тіпті өзінің кім екені туралы айтса да сенбеген жөн. Бейтаныс адамның айтқан нұсқауларын орындамау, әсіресе оған өзіңіз туралы ақпарат бермеу керек. Мобильді телефонға күмән туғызатын қосымшаларды жүктемеу қажет. Өзінің ақшасынан айырылып қалмауын, бөтеннің кредиті ресімделмегенін қалаған адам өзінің дербес және төлем деректерін ешкімге бермеуге тиіс, – дейді Асланбек Қабесов.

Ал жақында Атырау облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасы «Атамекен тұрғын үй», «Baisanat Residence» және «Saraishyq Invest Group» тұрғын үй-құрылыс кооперативіне қа­тысты алаяқтық дерегімен қыл­мыстық іс тергеліп жатқанын ха­барлады. Демек, алаяқтық қыл­мыс­қа ба­ратындарға әлі тоқтам бол­май тұр.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ