Хазіреттерге төнген қара бұлт

0
266

ХХ ғасырдың басында қазақтан шыққан дін қайраткерлерінің өмірбаянына қарап көрсек, олардың әрдайым ұлт шаруасы үшін алғы шепте жүргенін байқаймыз. Советтік репрессия кезінде аяусыз қуғындалып, тағдыры тәркі болған тұлғаларды қасиетті рамазан айында бір еске алып қойған артық болмас.

Президент Қ.Тоқаевтың Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша құрылған комиссияның батысқазақстандық жұмыс тобы соң­ғы екі жыл ішінде жергілікті және рес­публикалық архивтердің қорларында сақ­талған жүздеген құжатты ақтарып шықты. Нәтижесінде бірнеше кітап, құжаттар жинағы жарық көрді. Бұл еңбектерден сталиндік репрессияның ақылға сыймас ауқымы, аяусыз қатыгездігі анық көрінеді.

 

Үрейді алған үш толқын

Белгілі тарихшы, тарих ғылымдары­ның докторы Нәзира Нұртазина «Борь­ба с Исламом. Религиозная политика Со­ветской власти в Казахстане в 20-40-е годы ХХ века» (Алматы, 2008) кітабында Қазақстандағы дінге қарсы күресті екі кезеңге бөледі. Оның біріншісі – 1917-1927 жылдар – алғашқы либералдық кезең болса, екіншісі – 1928-1938 жылдар – жауынгер атеизм кезеңі. Аты айтып тұрғандай, осы екі кезеңде дін өкілдеріне қарсы репрессия қарқынды жүргізілген.

Кейінгі жылдары жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Батыс Қазақстан өңірінде дін өкілдерін қудалау бірнеше сатыдан тұрғанын байқадық.

Оның біріншісі – Кеңес үкіметіне сенімсіз элементтерді сайлау пұрсатынан айыру (1923-1927); Бұл кезеңде облыс аумағындағы барлық діни ғибадат орындары және дін қызметкерлері есепке алынып, молдалар «жат элемент» ре­тінде сайлау және сайлану құқынан ажыратылған. Бұл науқан сайлау құқынан айырылғандарға үстеме салық салуымен, ол уақытылы төленбеген жағдайда халық сотының шешімімен мал-мүлкін саудаға салып, салық қарызын өтеп, өздерін соттау және жер аудару жазасын беруімен ерекшеленеді.

2022 жылы баспадан шыққан «Сенім үшін сергелдең» атты еңбегімізде 1923-1927 жылдар аралығында сайлау құқынан айырылған 896 мұсылман діні өкілінің, 107 христиан діні өкілінің аты-жөні, өмір­баяндық деректері жарияланған еді. Сайлау құқынан айыру науқаны кезінде әсіресе дін өкілдері ерекше қуда­­ланды. Мұны сол кездегі кеңестік сарап­шылардың өзі де мойындаған. Мысалы, 1924 жылы Орал уезінде даусы алынған 907 адамның – 355-і, Гурьев уезіндегі 1495 адамның – 310-ы, Елек уезіндегі 1207 адамның – 528-і, Жымпиты уезіндегі 4207 адамның – 2286-сы, яғни барлық даусы алынған тұлғалардың шамамен 40 пайызы дін өкілі болыпты. Бұлардың бәрі дін қызметкері емес, арасында дін ұстаған қарапайым жандар көп болатын.

Батыс Қазақстан облыстық мем­лекеттік архивінде сақталған тағы бір құжатта былай дейді:

«Өткен сайлау науқанында Жым­питы уезі бойынша РСФСР Консти­туциясының 65-бабына сәйкес сайлаудан аластатылғандардың сипаты мынадай:

Саудагерлер (предприниматели) – 306, еңбек табысына өмір сүрмейтіндер – 365, алыпсатарлар – 182, дін өкілдері – 2286, бұрынғы полиция мен жандарм агенті – 103, ақыл-есі ауысқан және бағымдағылар – 7, сот үкімімен сотталғандар – 958, барлығы – 4207 адам.

Секретарь ГИК-а Бекқалиев, Зав. Оргчастью Кунаев, инструктор Дюйс…

№4195, от 6/V/1925».

Көріп отырғанымыздай, репрессияның негізгі салмағы дін өкілдеріне түскен. Қудалаудың алғашқы толқыны кезінде-ақ көптеген ишан-хазірет туып-өскен жерінен, ел-жұртынан ажырап, жер ауда­рылуға немесе қуғыннан қашып, өз еркі­мен жат жерді паналауға мәжбүр болды. Батыс Қазақстан өңірінде белгілі дін қайраткерлері Ғұбайдолла Ахметұлы, Лұқпан Тұрсынұлы, Құрманғали Қуа­ныш­қалиұлы, Жарман (Жармұхамед) Айт­мұхамедұлы, Жанұзақ Өрбісінұлы, т.б. тағдыры осындай болды.

пчр

Дін өкілдерін қудалаудың екінші кезеңі 1928 жылмен сәйкес келеді. Бұл кезде саяси репрессияның екпіні күше­йіп, бай-молдаларды, жат элементтерді тәркі­леумен, панисламистік топтарды әшкерелеудің алғашқы оқиғаларымен сипатталады.

Қазақстанда кәмпеске науқаны ресми түрде 1928 жылы 27 тамызда бас­талды. Қазақ Кеңестік Социалистік Авто­номиялық Республикасы Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссар­лар Кеңесі «Бай шаруашылықтарын кәмпескелеу туралы» қаулысын (декретін) жариялап, әр округ бойынша кәмпескеленетін байлардың санын көрсетті. Бұл «жос­пар» бойынша Орал округінен бірінші категория бойынша 56 ірі бай және 15 «аса қауіпті элемент» – барлығы 71 адам­ның мал-мүлкі тәркіленіп, Жетісу округіне жер аударылатын болды. Осы 71 адамның ішінде Ғабдолғазиз Кө­беев, Халық Мәшекенов, Қуанай Қос­дәулетов, Махмуд Сүйінішәлиев атақты хазірет­тер болатын.

Бұл аталғандардың ішінде Халық Мәшекеновтің тағдыры бізге белгісіз. Ол отбасымен Алматы округіне жер ауда­рылғанымен, кейін НКВД қызмет­керлеріне пара беріп, қамаудан босап шығып, Ресей жеріне қашып кеткен.

Тергеу құжаттарында «Бұқарада жо­ғары діни білім алған, 500 мүриді бар ишан, Жымпиты үйезі Ащысай болы­сының №1 ауылында мешіт ұстаған» деп сипатталатын Махмуд Сүйіншәлиев те Алматыға жеткен соң қайта сотталып, Ресейге жер аударылады. Сол сергелдең сапарда ауруға ұшырап, 1930 жылы Орынбор облысында қаза тапқан. Ал Қуанай Қосдәулетов пен Ғабдолғазиз Көбеев кәнпескеден кейін де қайта-қайта жауапқа тартылып, ақыры 1937 жылы атылып кетті.

явпр

Сталиндік репрессияның дін өкіл­деріне қатысты соңғы, қорытынды үшін­ші кезеңі 1937-1938 жылдарға сәйкес келеді. Бұл кезеңде адам тағдыры шыбын ғұрлы болмай, үштіктің шешімімен жаппай ату жазасына кесілген.

«Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Алматы және Батыс Қазақстан облыстарында кең жайылған, негізінен молда, ишан, бай-феодал және басқа діншіл-байшыл белсенділерден құралған антисоветтік ұлтшыл панисламистік ұйым әшкере­леніп, жойылды. Бұл ұйым басында антисоветтік ұлтшыл пантүркистік ұйым­ның тармақталған бағыттары болға­ны­мен, кейіннен бірігіп кеткен. Бұл ұйым­ды Орталық Мұсылмандар Діни Басқармасындағы (ЦДУМ) Тәржіманов және басқалары басқарған жапон бар­лау агенттерімен тікелей қарым-қаты­наста болған беделді молдалар мен ишан­дар басқарған. Осы ұйым бойын­ша контрреволюциялық локал­ды топтар мен жекелеген тұл­ғаларды қоспағанда 1363 адам белсенді мүшесі ретінде тұтқындалып, үштік шешімімен сотталды. Оның 829-ы І категорияға жатқызылды. Осы ұйым мүшелері ретінде сотталғандардың ішінен 771 адам өз қылмысын мойындаған» делінген Қазақ ССР НКВД мекемесінің 1937 жылғы №00447 бұйрығын жүзеге асыру жөніндегі есепте.

Батыс Қазақстан облысында дін өкіл­дерін қудалау негізінен «Уфадағы Орталық мұсылмандар діни басқармасы (ЦДУМ) өкілдері Тәржіманов пен Мақұ­лов басқарған контрреволюциялық пан­исламистік антисоветтік көтерілісшіл шпиондық-диверсиялық ұйымымен» бай­ланысты қаралады. Қылмыстық құжат­тарда «ЦДУМ ісі» деп таңбаланған бұл «ұйым мүшелеріне» «Қазақстанда Кеңес үкі­метін күшпен құлатып, Жапонияның ық­палындағы буржуазиялық ұлтшыл мем­лекет құрмақ болды» деген айып тағылған.

Әрине, бұл қылмыстық істің бар­лы­ғы ойдан шығарылып, қолдан құрас­ты­рылғаны, айыптаушылардың мойын­дау жауаптары психологиялық және физи­ка­лық тұрғыда күш көрсету, қысым жа­сау арқылы алынғаны кейін толық дәлел­денген.

 

Айыптау хаттамасының үлгісі

Батыс Қазақстан облыстық Ішкі істер департаменті арнаулы архивінде сақталған Қуанай Қосдәулетовті айыптау ісінің 2-томында 1937 жылғы қылмыс­тық істің қалай жүргізілгені жөнінде НКВД қызметкерлерінің өздері берген жауап­тары хатталған. Бұл хаттамаларды өлкетанушы, ҰҚК ардагері Қуаныш Қитаров «Қосдәулетов Қуанай хазірет» (Орал, 2009) кітабында, «Саяси қуғындар тағдырлары» (Орал, 2011) кітабында жариялаған.

явр

«Кейін, Сталин өлген соң Кеңес ода­ғындағы репрессия құрбандарының ісі қайта тексеріле бастайды. 1955 жылы тер­геушіге берген жауабында осы оқиға­ның куәгері, НКВД қызметкері Ахмет Әбузаров былай деген:

«…Шамамен 1937 жылдың тамыз айы­ның соңында немесе қыркүйек ­айында ІІХК (НКВД) Батыс Қазақстан облыстық басқармасы жанынан «ерекше үштік» құрылған соң Орал қаласына ҚазССР Ішкі істер халық комиссарының орынбасары Володзько келіп, баяндама жасау үшін жедел уәкілдерді, ішінде мен де бармын, шақырып алды. Баяндама барысында Володзько біздің «облыстағы контрреволюциялық ұйымдарды әлі күнге дейін әшкерелемей отырғанымызды» сынап, қолда бар тіркелген материалдарды жинақтауды тапсырды.

Менің есімде, Володзько өңір­дегі мұсылман дін қайрат­кер­лері туралы мате­риал­­дармен та­ныс­қан соң өзі айтып отырып бір бұйрықты қа­ғаз­ға түсіртті. Ол бұйрықта Ба­тыс Қазақстан облысында контрреволю­циялық, бай-молдалардан құ­рылған, бү­лікшіл ұйымның әшкере­леніп жо­йыл­ғаны айтылған, осыған байланысты біз өңірдегі барлық байлар мен мол­даларды тұтқындап, әлгі ұйымға қа­тыс­­ты екенін анықтауымыз керек болды.

Жұмыс барысында мені басқарма бас­тығы Ромейконың кабинетіне шақырды. Онда Володзько маған бір тұтқынның тергеу хаттамасын көрсетіп, қалай дұрыс толтыруды түсіндірді. Ол маған: «Жақсы бір хаттама жасап алу керек, осының негізінде өзге де хаттамаларды толтыру қажет, тек қатысушылардың аты-жөнін өзгертіп, бәрін де ұйымға мүше ретінде қосу қажет», деді. Істерді қалай қарау жөнінде де ақылын айтты: «Ұйымның басшысы ретінде 10-15 адамды ерекше іске тіркеп, айыптауды көбірек қосып, Әскери алқаға жібереміз, олар бірінші дәреже бойынша өтеді. Ал төменгі қатар­дағы мүшелерінің барлығын бірінші дәрежеге жатқызып, «Үштік» арқылы өткіземіз. Бұл жұмыстың бәрін облыстық басқармадағы Голованов пен Испанский біліп отыруға тиіс…».

Бүгінде облыстық ІІБ архивінде сақ­талған қылмыстық істермен таныса оты­р­ып, «Батыс Қазақстан облысында кең тармақталған контрреволюциялық пан­исламистік бай-молда, бүлікшіл, шпион­дық, диверсиялық ұйым мүшелерін» әшкерелеген қылмыстық істердің дәл осы тәртіппен жүргенін көреміз.

чпоо

Деректерге қарағанда «Уфадағы Орталық Мұсылмандар Діни Басқармасы төрағасының орынбасары Кашафутдин Тәржіманов пен Мағди Мақұлов бас­қарған астыртын ұйымның мүшесі» деген айыппен Оңтүстік Қазақстан облысынан – 119 адам, Ақтөбеден – 72, Атыраудан – 12, Қазақстанмен шекаралас Ресей облыстарынан 25 адам (негізінен қазақтар) сотталып, атылған екен. Батыс Қазақ­стан облысы бойынша толық мәлімет болмағанымен, жазықсыз жазаланған дін қайраткерлері саны аз болмағанын қазірдің өзінде аңғарып отырмыз. Репрессия құрбандарын түбегейлі ақтау жөніндегі жұмыс тобының алдындағы зор міндеттің бірі осы.

1937 жылы мұсылман элитасын, көрнекті дін қайраткерлерін баудай тү­сірген әйгілі «Орталық Мұсыл­ман­дар Діни Басқармасы ісі» («Дело ЦДУМ») бойынша Уфадағы діни бас­қарма төрағасының орынбасарлары Кашафутдин Тәржіманов пен Мағди Мақұлов басқарды делінетін астыртын топ алдымен сотталса, осы ұйымның Батыс Қазақстан өңіріндегі қанатына жетекшілік етті деген желеумен белгілі дін қайраткерлері Қуанай Қосдәулетов пен Хасан Нұрмұхамед­ұлы бастаған бір топ адам 1937 жылы 29 қазанда тұтқынға алынды. НКВД жендеттері жасы 80-ге таяған, төсектен тұра алмай жатқан қазіретті түрмеге зем­білге салып алып кеткен.

«Батыс Қазақстан облысында кең тар­мақталған контрреволюциялық пан­исламистік бай-молда, бүлікшіл, шпион­дық, диверсиялық ұйым әшкереленді. Ұйымның мақсаты – Кеңес үкіметін құлатып, Қазақстанды СССР-дан бөліп алып, Жапония протекторатындағы бур­жуазиялық ұлтшыл мемлекет құру бол­ған». Қуанай қазіретті, оның ұлы Мұхамед-Закирді және бірнеше адамды айыптаған қылмыстық істің айыптау жолдары осындай еді.

 

Тергеушілердің мойындауы

1937 жылы айыпталушы тұтқындардан қалай жауап алынғаны жөнінде де деректер бүгінде белгілі болған. Батыс Қазақстан облысы УНКВД-сында 1933 жылдың тамыз айынан 1939 жылдың қазанына дейін жұмыс істеген Юдин Павел Петровичтен жауап алған 1956 жылы 19 маусымдағы хаттамаға көз сала­йық. Ол контрреволюциялық Алаш Орда ұжымы мен мұсылман дініне қатысты істерді жүргізіп, жекелеген кінәлілерден, Кеңес үкіметіне қарсы ұлттық көтеріліс жасау әрекетіне байланысты ұсталған тұтқындардан жауап алуға қатысқан.

Сұрақ: Олардың контрреволюция­лық ұйымға қатысы және кінәсі қандай айғақтармен дәлелденді?

Жауап: Ол кезеңде тергеушілер мен милиция қызметкерлерінің қолында тұтқындардың мойындауынан басқа ешқандай айғақ болған жоқ. Менің есімде Батыс Қазақстандағы жаппай тұт­қындау Алматыдан тұтқын Ізмұқан Құрамысовтың жауабы алынғаннан ке­йін басталды. Оның жауабында облыс территориясында контрреволюциялық, шпиондық ұжым бар екені айтылған.

Сұрақ: Сіздің тарапыңыздан және басқа да қызметкерлер тарапынан тергеу барысында қылмыстық кодекс нормалары бұзылған жоқ па?

Жауап: Мен өз басым топтап жауап алуға қатысқаным болмаса, тәртіп бұз­ған жоқпын. Бірақ қызметкерлер Тихо­миров, Колесников, Торопов, Жгуттар жүйелі түрде қылмыстық істі жүргізу кодексінің нормаларын бұзып жүрді. Олар тұтқындарды ұрып-соғып, үздіксіз жауаптап, «қылмысын» мойындататын.

Облысымызға КСРО НКВД-ның ха­лық комиссарының орынбасары Во­лодьзко келіп және УНКВД бастығы болып Узликов тағайындалған соң тергеу барысында тәртіп бұзу жүйелі түрде басталды. Узликов тұтқындарды ұрып-соғуға жарлық берді.

I.Құрамысовтың мойындаған жауабын алғаннан кейін мен және басқа да қызметкерлер Володьзко мен Узликовтен «тұтқындалғандардың барлық хаттамасын Құрамысовтан жауап алу хаттамасымен бірдей қылып жазуға» бұйрық алдық. Солай істедік те. Кейбір хаттамаларды мен және басқа да қызметкерлер жөндеуге СПО-ның бастығы Афанасьевке немесе бас­қарманың басқа да басшы қызмет­керлеріне беріп отырдық».

«1958 жылы 3 сәуірде куәгер Н.Е.Го­ло­вановтан жауап алу хаттамасынан көшірме. Ол Батыс Қазақстан облысының НКВД-да 1921-1941 жылдары жұмыс істеді.

Сұрақ: Тұтқындардың Кеңес үкі­ме­тіне қарсы ұйымға қатысы және олардың практикалық қылмыс әрекеті қандай айғақтармен дәлелденді?

Жауап: Контрреволюциялық әрекеті үшін 1937-1938 жылдары тұтқындардың үстінен куәлердің жауаптары болды. Олардың қылмыстық іс-әрекетін дәлел­дейтін ешқандай айғақ болмады. Іс бо­йынша менің алдыма келген тұтқындар кінәсін мойындап отырды. Олар камераларда «сауықтырудан» өтумен қатар менің кабинетімде жауапта болған кезде өкіл Тихомиров Василийдің кабинетінен бақырған дауыс естілді.

Заңдылық бойынша кінәсін мойын­да­маған тұтқынға ерік-күшін сындыру үшін таяқ жұмсалды. Тұтқындарды жауап алғанда тұрғызып қойдық, ұйықтат­пастан конвейер жүйесі бойынша жа­уап алдық. Мен өз басым жауап алғанда тік тұрғызып «конвейер» жүйесін қол­дандым. Тұтқындар жауап үстінде орын­дықта отырса, біз сөгіс алатынбыз». Бұл деректер «Бөкейорда тарихы» кітабында келтірілген.

Сталиндік репрессия кезінде қуда­ланған хазіреттердің өмір жолын зерделе­ген кезде олардың төңкеріске дейін де қоғамдық-саяси істердің ортасында жүр­гені «Қазақстан», «Айқап», «Қазақ» газет­терінде жарияланған мақалалар­дан анық көрінеді. Ал 1917-1920 жылдар ара­­лығында Алаш қозғалысына қа­тыс­­ты құжаттарда Ғұмар Қараш, Қа­йыр­ша Ахметжанұлы, Қажығали Мәулім­бер­­­ді­ұлы, Дәулетияр Айсарыұлы, Са­ғи­­дол­ла Ізтілеуұлы, Қуанай Қос­дәулет­ұлы, Хасан Нұрмұхамедұлы, тағы бас­қа­ла­рының есімі жиі аталады. Сая­си қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойын­ша құрылған комиссияның батыс­қазақ­стандық жұмыс тобы соңғы жылдары Орталық мемлекеттік архивінің, Пре­зи­дент архивінің, Батыс Қазақстан облыс­тық мем­лекеттік архивінің қорындағы жүз­деген құжатты тарихи айналымға қосты. Сондай-ақ зерттеу барысында Алматы қалалық және Батыс Қазақстан облыстық ІІД арнайы архиві қорындағы құжаттармен танысуға мүмкіндік жасалды. Соның нәтижесінде саяси қуғын-сүргін жылдары жазықсыз жазаланған арыстардың, дін қайраткерлерінің есімін, ерен еңбегін ел біле бастады. Бұл халқымыздың тарихи санасын жаңғырту бойынша атқарылған үлкен бастама дер едік.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ