Сыр елінде электр желілері жаңарады
Биылғы қаңтардың алғашқы күндері күн райы күрт құбылып, жаңбыр нөсерлете құйғаны бар. Облыс орталығының кейбір аудандары мен бірқатар елді мекенде электр жарығы өшті, кей ауылдарда тұрғын үйлер ауласы суға толып, жұрт әбігерге түсті де қалды. Жарық сөнгендіктен жылу, ауыз сумен қамту қызметтері іркіліске ұшырады. Апатты жағдайға байланысты іле-шала өткізілген жиында жауапты сала жетекшілері облыс басшысынан ескерту естіп, кейбірі сөгіс арқалап шыққан.
Облыстағы инфрақұрылым желілерінің ескіргені осыған дейін де сан рет көтерілген мәселе еді. Әсіресе, электр жүйелерінің тозу деңгейі 68 пайызға жеткені саладағы көп проблеманың негізгісі болатын. Осы көрсеткішті 30%-ға төмендету үшін ғана 153 млрд теңге жұмсалуы қажет еді. Сөйте тұра осыдан 2 жыл бұрын қаладағы үлкен трансформаторлардың күрделі жөндеу жұмыстарына республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген 4 млрд теңге уақытында игерілмей, кері қайтарылды. Бүгінде сол салғырттықтың зардабын сездірмеу үшін әрбір қосалқы стансаның жағдайына талдау жасалып, мамандар күшімен ақаулар ретке келтірілгенімен де түйіннің толық тарқатылмағаны әлсін-әлсін білініп қалатын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде «Инфрақұрылымды дамытуға қатысты ұстанымдарды қайта қарау қажет. Биылғы қыстың қалай өткенін баршаңыз білесіздер. Қыстың көзі қырауда бірқатар аймақта қалалар мен елді мекендер жылусыз қалды» дегені де елімізде бұл проблеманың қаншалықты тереңдеп кеткенін көрсетті.
Сәуір айының алғашқы екі күнінде болған дауылдан өңірдің біраз елді мекені жарықсыз қалды. «Қызылордада жел лүп етсе, жарық жалп ете қалатыны несі?» деген наразы жұртқа аймақтағы электр желілерінің ескіргенін айтып ақталып жату да ретсіз, әрине. Бірақ жағдай шын мәнінде осындай. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бері жаңартылмаған электр бағаналары мен желінің де шамасы белгілі ғой. Көп мәселе қордаланған салада енді ғана қозғалыс пайда болып, мәселені шешудің бастамасы жасалды.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Қайсар Мұстафаевтың айтуынша, аймақта 10 121 шақырым электр желісі, 1 867 қосалқы станса бар.
Осы жылы «Қызылорда қаласында электр желілерін дамыту, қайта құру және жаңғырту» қаржылық-экономикалық негіздемесі аясында бағдарлама дайындалып, 3,1 млрд теңгеге жоба жасалған. Жобаның алғашқы кезеңіне қажетті 1,6 млрд теңге облыстық бюджеттен бөлініпті. Қазір қажетті жабдықтар алынып, жұмыс басталды.
Алдымен 35 10/0,4 кВ қосалқы стансалары ауыстырылып, 27 трансформаторға күрделі жөндеу жүргізіледі. Ауыстыруды қажет ететін 31 шақырымнан астам электр желісі де алғашқы кезең аясында атқарылатын шаруа қатарында тұр.
Өткен жылы «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына 294 млн теңге бөліп, жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған. Бұған қоса, былтыр инвестициялық бағдарлама бойынша
345 млн теңге қаралып, 33 шақырымнан астам электр желісі ауыстырылды. Биыл күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына 311 млн теңге қарастырылып отыр.
Арал ауданындағы 2 мың шақырымға жуық электр желісінің дені өткен ғасырдың 70-80 жылдары пайдалануға берілген. Содан бері жаңартылмағандықтан күн қабағы бұзыла қалса тұрғындар жарықтың өшпеуін тілейді. Теңізді өңір орталығы Арал қаласына 0,4 кВ әуе желісін жүргізу үшін жоба-сметалық құжат әзірленіп, 713 млн теңгеден астам қаржыға бюджеттік өтінім беріліпті. Аудандағылар Сексеуіл кенті, Бекбауыл, Абай, Шижаға, Қаратерең, Аралқұм және Аманөткел ауылындағы электр желілерін жаңарту үшін жобалық құжаттар дайындауға кіріскен.
Қазалы ауданында жеткен мың жарым шақырымнан астам желі және 183 трансформатор жағдайын сараптаған мамандар олардың тозу деңгейін 75 пайыз деп бағалап отыр. Былтыр шағын және моноқалаларда бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша Қазалы қаласының он көшесі жарықтандырылып, ұзындығы 10 шақырымнан астам электр желісі қайта тартылған. Биыл да жалғасатын жұмыстар шеңберінде 16 шақырымнан астам желі ауыстырылмақ. Қосымша Әйтеке би кенті мен Ү.Түктібаев ауылының желілерін қайта жаңғырту үшін әзірленген құжаттар сараптамадан өтіп, тиісті басқарма арқылы республикалық бюджеттен қаржыландыруға ұсынылған.
Қармақшы ауданындағы электр желілерінің тартылғанына да кемі жарты ғасырдан асып тұр. Аудандағы Т.Көмекбаев, Қуаңдария, Ақтөбе және Иіркөл ауылындағы электр желілерін ауыстыру үшін демеушілер есебінен 17 млн теңгеге жоба әзірленіпті. Басқа 7 ауылдың да энергетикалық инфрақұрылымын жақсарту үшін тиісті құжаттар дайындалуда.
Жалағашта жағдай біршама тәуір. Соңғы үш жылда облыстық бюджет қаржысына «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ ауданның 6 ауылындағы электр желілерін алмастырды. Осының арқасында тозу деңгейі 75-тен 45,2 пайызға төмендеген. Өткен жылы Ақсу, Мырзабай ахун, Қаракеткен, Есет батыр елді мекендері бойынша жобалық құжаттар әзірленсе, биыл республикалық бюджеттен Ақсу мен Қаракеткен ауылына 270 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, мердігерлер нақтыланып отыр.
Сырдария ауданында да елу жылдан бері ауыстырылмаған электр желілерін жаңғыртуға қаржы қаралыпты. Енді аудандағы 4 ауылдың электр бағаналары, желі мен трансформаторлар түгелдей жаңарады.
Шиеліде ауданында да осы жылы 56 шақырымға жуық желі мен алты қосалқы электр стансасы күрделі, ал 34 шақырымнан астам желі мен 6 трансформатор ағымдағы жөндеуден өтеді.
Жаңақорғанда да электр желісі түгелге дерлік тозып тұрған. Мамандар осы жылы
3 млрд 422 млн теңгеге кенттегі желілерді қайта жаңартатын мемлекеттік инвестициялық жоба іске асатынын айтады. Былтыр республикадан бөлінген қаржыға ұзындығы 70 шақырым болатын желі жаңарған ауданда осы бағыттағы жұмыс биыл да жалғасады.