Ынтымақтастықты арттыратын құжат

0
180

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палатаның отырысы өтті. Жиын барысында сенаторлар бір ғана заң жобасын қарады. Сондай-ақ депутаттар тиісті мемлекеттік мекеме басшыларына сауалдарын жолдады.

Отырысты ашқан Палата төрағасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының 32-сессиясында тоқталған міндеттерге назар аударды. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту жолында бірлесіп әрекет етудің маңызы зор екенін айтты.

«Президентіміз қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік­ті қамтамасыз етуге арналған бірқатар міндетке тоқталды. Сенат үшін бұл сала – басым бағыттардың бірі. Қазіргі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері – бес әріптесіміз және басқа да сена­торлар этносара­лық ынты­мақ­тастықты арттыруға арнал­ған жұмыстарға белсенді қаты­сып келеді. Сенат алдағы уақыт­та да еліміздегі бірлік пен тұрақ­тылықты одан әрі нығайтуға өз үлесін қоса береді», деді Мәулен Әшімбаев.

Отырыс барысында Палата депутаттары «1996 жылғы 26 тамыздағы Қазақстан Респуб­ликасы мен Қырғыз Респуб­ликасы арасындағы азаматтық және қылмыстық iстер жөніндегі өзара құқықтық көмек көрсету туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хат­таманы ратификациялау туралы» заң жобасын қарап, ма­құл­дады. Бұл Келісім екіжақ­ты ынтымақтастықты кеңейту­ді, азаматтық және қылмыс­тық істер бойынша өзара құқық­тық көмек көрсетуді көздейді. Заң нормаларына сәйкес екі елдің заңнамасын ескере отырып, Шарттың бірқатар бабына өзгеріс енгізіледі.

«Шартқа келесідей өзгерістер мен толықтыруларды енгізу ұсынылған. Шарттың тиісті бабына өзара құқықтық көмек көрсету кезіндегі қатынастарды жүзеге асыратын құзыретті органдарды айқындауды, оған қатысты дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін хабардар етуді көздейтін өзгеріс енгі­зі­леді. Екі мемлекеттің қол­да­ныстағы заңдарындағы өзгеріс­терге байланысты «сот шешім­дері» терминіне қосымша «сот бұйрығы» түсінігін енгізу ар­қылы, сот шешімдерін орындау және берешектерді өндіріп алу мә­се­лелеріне қатысты рәсімдерді реттеледі.

Сондай-ақ қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету мәселелеріне қатысты құзырет Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасына берілуіне байланысты Шарттың 28-бабының күшін жою ұсынылып отыр. Сонымен бірге ішкі істер органдары құзыретінің алып тас­талуына байланысты Шарттың тиісті бабына түзетулер енгізіл­ген. Ұсынылып отырған өзгеріс­тер мен толықтырулар Шарт­тың әрекет етуі мен құқық­тық қатынастарды реттеу мүмкін­діктерін кеңейтеді», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған депутат Нұрлан Бекназаров.

Сонымен қатар отырыста сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады. Сенатор Жанболат Жөргенбаев өз депутаттық сауалында суаратын судың тап­шылығы, ауыл шаруашылығы үшін қосымша ылғал көздерін пайдалану, сондай-ақ Алматы және Жетісу облыстарында суар­малы жерлердің тиімділігі мен көлемін арттыру проблемаларын көтерді.

Депутат Жетісу облысы Панфилов ауданының өзен­дерінде вегетациялық кезеңде су қоймаларының құрылысын салуды маңызды деп санайды. Мұндай тәсіл аудан ауыл­дарының суармалы егістігін қажет­ті сумен қамтамасыз етуге мүм­кіндік береді. Сенатордың пікірін­ше, суармалы жерлерді өңдеу­дің тиімділігін арттыру – еліміздегі азық-түлік қауіп­сіз­дігін нығайтудың бірден-бір жолы болып отыр. Сондықтан бұл саланы дамытуға басымдық беру аса маңызды.

«Осыған орай, «Қорғас», «Өсек», «Тышқан» өзендерінің мүмкіндіктерін ескере отырып, осы өңірде су қоймаларын салу мәселесін қарастырып, Балқаш ауданында орналасқан Ақдала суармалы алқабындағы Тас­мұрын магистралдық каналының бүкіл бойында шөгінділер мен су өсімдіктерінен, бұталардан механикалық тазарту керек. Су заңнамасын жетілдіру, яғни: бiр суару каналында немесе оның бөлiгiнде орналасқан екi және одан көп жер пайдаланушыларға тиесілі суармалы алқаптарды суару үшін суару каналын пай­даланудың тәртібін белгі­лей­тін Ережені бекіту және де «сарқынды» суларды ауыл шаруа­шылығы мақсатында пайдалану және оларды есептеу әдістемесін әзірлеу керек», деді Жанболат Жөргенбаев.

Сенатор Нұрия Ниязова Денсаулық сақтау саласындағы балалар үйлерінде – мекемелерде жұмыс істейтін педагогтердің әлеуметтік мәртебесін көтеруді ұсынды. Ол осы тақырып туралы еліміздің Премьер-министрінің атына депутаттық сауал жолдады.

Депутаттың айтуынша, балалар үйлерінде жетім бала­лар, ата-анасының қамқор­лы­ғынсыз қалған балалар, сон­дай-ақ түрлі аурулары бар бала­лар тәр­биеленіп, кешенді меди­ци­на­лық-психологиялық-пе­да­го­ги­­калық көмек алып келеді. Пе­дагогтар қауымы да медицина саласының мамандарымен қатар осы ұйымдарда бала тәрбиесі­мен айналысады. Алайда олар салалық педагогикалық білімі бола тұрса да «Педагог мәртебесі туралы» заңның аясынан сырт қалып келеді. Бұл жағдай осы мекемедегі мұғалімдерінің әлеу­меттік және материалдық мәр­те­бесін басқа білім беру ұйым­дарын­дағы әріптестеріне қара­ғанда төмендетіп отыр.

«Денсаулық сақтау ұйым­дары­ның, стационарлық және жартылай стационарлық үлгі­дегі медициналық-әлеуметтік меке­мелердің, үйде қызмет көр­сету, уақытша болу ұйым­дарының және жұмыспен қамту орталықтарында ана мен баланы қорғау саласында қыз­мет атқаратын мамандарды әлеуметтік және материалдық мәртебесін көтеру үшін оларды «Педагог мәртебесі туралы» заңға енгізуді тиісті министрліктерге тапсыруды сұраймын. Бұдан басқа, еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лігіне лауазымдық жала­қының белгіленген мөлшеріне бірыңғай түзету коэффициенті туралы мәселені қарау тапсырылсын, бұл оларға тең құқықтар мен мүмкіндіктер алуға мүмкіндік береді», деді сенатор Ниязова.

Сенатор Руслан Рүстемов өзінің депутаттық сауалында Қызылорда облысының мұнайшыларына шетелге көбірек мұнай сатуға рұқсат беруді ұсынды. Депутат келтірген деректерге сүйенсек, Қызылорда облы­сының мұнай өндіруші ком­паниялары өндірілген мұнай өнім­дерінің 80 пайызын ішкі нарық­қа сатады, ал 20 пайызы ғана экс­портқа кетеді. Бұл ретте ішкі на­рықтағы мұнай баррелінің құны әлемдік бағадан 2,5 есе тө­мен. Демек, мұнайшылар айтар­лықтай соманы ала алмайды.

«2017 жылдан бері Энергетика министрлігі Қызылорда облысына мұнай экспорт квотасын ұлғайту мәселесі «Кенкияқ-Аты­рау» реверсі жобасы іске қосыл­ғаннан кейін ғана техника­лық мүмкін болады деген ұстанымда болып келді. Бұл жоба Қызылорда облысының жер қойнауын пайдаланушыларының ішкі нарыққа мұнай жеткізу жүкте­месін 80 пайыздан 50 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік беруге тиіс еді. Алайда 2021 жы­лы аталған реверс қолданысқа беріл­генімен Энергетика ми­нистрлігі Қызылорда облысын­да мұнай көлемінің сарқылуына байланысты квотаны ұлғайтудың мүмкіндігі жоқ екендігін білдіріп отыр. Аталған мәселе Үкімет тара­пынан егжей-тегжей қара­лып, қолдау тапқан жағдайда Қызылорда облысындағы бірқатар өзекті әлеуметтік проблеманың шешімі табылатыны анық», деді Руслан Рүстемов.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ