Зейнетақы реформасының келесі қадамы

0
199

Еліміздің зейнетақы жүйесі көптеген метаморфозадан өтті. 1990-2015 жылдар аралығында зейнетақы жүйесі реформаның шамамен бес кезеңін артта қалдырды. Сонымен қатар «қайта жүктеу» мәселесі қайтадан пісіп, бұрынғы барлық өзгерістің тиімділігіне күмән келтіреді. Жеке зейнетақы қорларынан БЖЗҚ түріндегі мемлекеттік монополияға айналдық. Сарапшылар арасында «мәселе ұйымдық формада емес, макроэкономикалық ортамен байланысты», деген пікірдің бәсі басым бола бастады.

Зейнетақы жүйесін реформалау мәселесі дағдарыстан кейін қайта қоз­ғалатыны дәстүрге айналған. Басқаша айтқанда, дәл осындай жағдайда бар­лық кемшілік су бетіне қалқып шыға келеді. Қазір де мемлекеттік емес зей­нетақы қорлары қоржындарының құрылы­мын тәуекелді бағалы қағаздар­дан мемлекеттік бағалы қағаздардың пайдасына өзгерту қа­жеттілігі өзекті болып тұр. Бір кездері бәсі басым болып көрінген тетіктер де инф­ля­циядан жоғары кірісті қамтамасыз етпеді.

Сарапшылар қауымдастығы арасын­дағы пікірталастың өзегі осы екені қазір белгілі болып қалды. Көңі­ліндегі көп күмән «Рефор­масы­ның келесі қандай болады?» деген сұраққа жауап іздеп тұр.

Кейінгі бір жыл ішінде орташа зейнет­ақы мөлшері небәрі 3 470 теңгеге, 3,3 пайызға өсті. Ал жылдық инфляция 20,3 пайыз. 2022 жыл­дың қорытындысы бойын­ша Ұлт­тық банктің сенімгерлік бас­қа­руын­дағы БЖЗҚ зейнетақы актив­терінің кірісі алдыңғы жылмен салыс­тырғанда 6,55 пайызға дейін төмен­деді. Зейнетақы активтерін «Даму» қорының кепілдігімен шағын және орта бизнеске салуға рұқсат етіл­гені туралы ақпарат қоғамның қызу тал­қы­сына түсті, құп көргендер аз болды.

 

Мың құбылған мүдделер тартысы

ШОБ пен «Бәйтерек» холдингін қолдау идеясы – БЖЗҚ емес, қордың активтерін басқаратын Ұлттық банк­тің бастамасы. Тәуелсіз сарапшылар мен экономистер қор қаржысын ква­зисекторға емес, инфрақұрылым жоба­л­ары мен экономиканың нақты сек­торына, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, магистралды жол жо­басына салу қажеттігін айтады. Энер­госекторда, ЖЭО сег­мен­тінің бетін тырнап қалса, проб­ле­масы мұңын айтып шыға келе­тінін Алматыдағы №1, №2 жылу орта­лықтарына пресс-тур барысында көзбен көрдік. Биік мінберлерден БЖЗҚ қаржысын инвестициялау қажет­тігін жиі айтатын топтардың назарына ЖЭО жобалары ілінбей қалатынын да талай рет байқағанбыз. Қысқасы бұл тұста да мүдделер тартысы да, пікір де әртүрлі картинада құбылып тұр.

Экономистердің біразы БЖЗҚ активтерін салатын бизнес көзі әлі қалып­таспағанын, жылдар бойы жи­налған ақша мен еңбек оңай күйіп кетуі мүмкін екенін айтады. Экономист-сарапшы Арман Бей­сем­биевтің айтуынша, шағын жә­не орта бизнеске ақша жіберу абсурд, таратып айтқанда өз-өзіне қол жұмсаумен бірдей. Бізге ойлануға уақыт бар. Зейнетақы ақшасының бір бөлігін басқаруға құқығы бар. Жаңа Әлеуметтік кодекс бойынша жинақтарымыздың жартысына дейін жеке компанияларға аудара аламыз. Жақында Ұлттық банк Зей­нет­ақы активтерінің кірістілігі 914 млрд теңгеге жеткенін мәлімдеді. 2022 жылы Ұлттық банк 2,4 трлн теңге сомаға мемлекеттік бағалы қағаз сатып алды. Екінші деңгейлі банктердің облигацияларынан түс­кен кіріс 18,8 пайызға дейін өсті. Биыл бірінші тоқсанда Ұлт­тық банк Қаржы министрлігінің мем­лекеттік бағалы қағаздарына 215 млрд теңге инвестициялады. Порт­фельдегі валю­талық активтердің үлесі 28,4 пайыз­ға төмендеді.

Реформаға дейін «елдің монетарлы ұйымдары зейнетақы активтерін пайдалану тиімділігін арттырудың тиімді тәсілдерін шеше алмай отыр» деген пікір басымдау еді. Инвестицияларды басқару 2014 жылы Ұлттық Банкке ауыс­ты. 2018 жылы зейнетақы активтерінің жылдық кірістілігі инфляциядан екі есе асып түсіп, 5,97 пайызға жеткен. Қалған уақытта нақты инвестициялық кіріс инфляцияны әрең жауып, үш жыл бойы кірістің нәтижесі теріс болып келген. 2014 жылғы сәуірден 2023 жылғы қаңтарға дейінгі жиынтық кіріс 116,1 пайыз болған. Таратып айтқанда, 10 жылдан аз уақыт ішінде зейнетақы активтерінің нақты табыстылығы 0,8 пайызға жетті. Жылдық есеппен есептегенде жылына 0,1 пайыздан аздау. Ал БЖЗҚ өкілдері зейнетақы жинақтары ұзақмерзімді инвестициялар болып табылатынын және кем дегенде бір жыл кезеңге арналған инвестициялық кіріс көлемін талдаған жөн екенін, ал қысқа мерзімді апталық, айлық талдаулар нарық конъюнктурасының өзгеруіне байланысты құбылып тұратындықтан, индикативті емес екенін айтады. «Ұзақ­мерзімді перспективада зейнетақы жинақтарының кірістілігі қамтамасыз етілетінін атап өтеміз. Жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған кезеңнен (1998 ж.) 2023 жылғы 1 наурыздағы жи­нақталған кірістілік есептеу әдісі бойын­ша 740,12 пайыз болды, осы мерзім ара­лығындағы инфляция 695,96 пайызды құрады», дейді БЖЗҚ өкілдері

 

Қоғамды қобалжытқан төмен рентабельділік

Инвестициялық нәтижелердің бұлың­ғырлығының себебі әзірге түсі­­ніксіздеу. Кей сарапшылар мұны мем­л­екеттік қорға бірігуіне байланыс­ты мүдделер қақтығысынан көреді. Олардың сөзіне ден қойсақ, мемлекет бір мезгілде зейнетақы қорының иесі және оның реттеушісі бола алмайды.

Кезінде зейнетақы активтерінің мемлекеттік қорға аударылуы себебі оның инвестициялық кірісінің төмен­дігімен түсіндірілген. Еңбек минис­трлігі сол кезде біртұтас мем­ле­кет­тік қор құру қажеттілігін түсін­дір­ген кезде зейнет­ақы шоттарының ин­вес­тициялық кіріс­тілігін артты­рады деп уәде берді. Се­бебі зей­нет­ақы активтерін ШОБ жә­не инфра­құрылымдық жобаларды дамы­туға бағыттау туралы идеялар да сол кезден бастап айтыла бастаған. Бірақ бұл идея да қағаз жүзінде қалды. 2008–2010 жылдардағы дағдарыс кезінде орта өнеркәсіптік кәсіпорындардың кейбірінің жағдайы қиындап, олар­дың зейнетақы активтеріне созған қолы діттеген жеріне жетпей қал­ды. Одан бөлек, нормативтік-құ­қы­қ­тық актілерді қайта қарау рейтинг­тері жеткіліксіз несиелік эми­тент­тердің бағалы қағазда­рына инвес­тиция­лау мүмкіндігін жойды. Тіпті сарап­шылардың кейбірі ШОБ қол­дауға арналған мемлекеттік бағ­дар­ламалар көптеген тартымды эми­тентті ашық нарықтан бөгеп тастаға­нын да айтады.

QAMS атқарушы директоры Данияр Темірбаевтың айтуын­ша, зей­нет­ақы нарығындағы бәсеке­лестік­ті дамытатын кез келді. Дамы­ған нарықтарда зейнетақы актив­терін басқаруды баға­лау бенчмарк (кірістілік эталоны) арқылы баға­ланады. БЖЗҚ активтерін басқарушы үшін кіріс эталонының табысы инфляция деңгейінен жоғары болуы керек. Басқаша болса, мемлекет арадағы айырмашылықты бюджеттен, яғни салық төлеушілер есебінен жабуға мәжбүр. «Өткен жылы БЖЗҚ басқарушысының жалпы кірістілігі инфляциядан асып кеткен жоқ. Зей­нетақы активтерінің кірістілігі инфляциядан тұрақты түрде төмен болса, біз менед­жердің жауапкершілігі туралы айтуымыз керек», дейді QAMS өкілі.

Қолданыстағы реттеудің салда­ры­нан зейнетақы активтерін бас­қа­рып отырған компаниялардың ин­вес­­тициялық стратегиясы мемле­кет­тік бағалы қағаздарын қайтадан са­тып алу, сатып алуға басымдық бер­­­­гені айтылып та, жазылып та жүр. Себебі олардың инвестициялық стра­­те­гиясында айырмашылық аз. Ба­ланс­­тарында мемлекеттік об­ли­­гация­лардан өзге кірістілігі жоға­ры активтер аз. Инфляция мен базалық мөл­шер­леменің пайызы төмендесе, мемлекеттік бағалы қағаздар мен депо­зит­тердің кірістілігі төмендейді. Мұндай ортада БЖЗҚ салымшылары аталған қар­жы құралдарының кірісіне көңілі толмай басқа бала­ма кіріс көздерін іздей бастайды. Сондықтан жеке ком­­пания­лар мен Ұлттық банктің инвес­­тиция­лық стра­тегияларының әртарап­танды­рылуы маңызды», деді спикер.

Бұл ретте Темірбаев отандық реттеу­шінің қор нарығын реттеуде қысым барын да айтып өтті. Оның айтуынша, қаржы нарығындағы кейбір жайттар мемлекеттің банктерге бөлген де­меу­­қаржысына байланысты болып келді. БЖЗҚ дерегінше, 2023 жылғы 1 нау­рыздағы жағдай бойынша мемле­кеттік бағалы қағаздар зейнетақы қор­жы­нының 65,5 пайызын құрайды. Одан кейін корпоративтік облигациялар – 17,24 пайыз, сыртқы басқарудағы активтер – 10,08 пайыз. Қалған қаражат акцияларға, депозиттер мен РЕПО операциялары, тағы басқа активтердің «армиясынан» жасақталған.

 

Мемлекет кепілдігінің мүмкіндігі қандай?

Ұлттық банк шығын қаупіне жол бермеу үшін қайтарымына 100 па­йыз сенетін инвестициялық үдеріске барғысы келеді. Бұл тұста әңгіме зейнетақы активтерінің кірістілігін инфляция деңгейінде немесе одан сәл ғана жоғары ұстаудың бәсі басым болары анық. Себебі мемлекеттің кепілдігі аз шығынмен орындалады. Ал зейнетақы активтері кірістілігін инфляциядан 5-6 пайыздан жоғары қамтамасыз етудің ауылы әзірге алыстау болып тұр. Сарапшылар арасында зейнетақы активтері бюджет пен квазисекторды, коммерциялық банктердің облигацияларын сатып алатын шағын бизнестің бір тобын асырап отыр деген пікір бар. Іс жүзінде зейнетақы активтерін инвестициялық портфелінің 45-50 пайы­зы мемлекеттік бағалы қағаздарға тиесілі екені құпия емес. Осыған дейін мемлекеттік бағалы қағаздар тәуекелсіз құрал ретінде инвестор­ларға инфляция­дан әлдеқайда төмен кіріс ұсынып келген болатын. Бұл инвесторлардың мемлекеттік бағалы қағаздар аукциондарына деген қызы­ғушылығын төмендетіп жіберді.

Ал Қаржы министрлігі үшін зейнет­ақы активтерінің кірістілігін 15 пайыздан жоғары ұстау құны тым қымбат болып тұр. Бірақ сонда да зейнетақы активтері халықтың ағым­дағы қажеттіліктері – емдеу және тұрғын үй мәселелері үшін пай­далануға беру туралы шешім шығарылды, облигациялар айналымға шықты. Бұл шешімді зейнетақы актив­терінің инвестициялық кірістілігі сын көтермейді деген шағымдарға берілген жауап деп қабылдауға болатын тәрізді. Сарапшылар бұл қадам­ның зейнетақы жүйесіне тигізген кері әсерін, соның салдарынан трил­лиондаған теңгенің айналымға шық­қанын, бұл өз кезегінде инфляцияны көтеріп жібергенін айтады.

 

Инвестиция үшін ең қауіпті сегмент…

«2022 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша отандастарымыздың зейнетақы жинақтары 14,1 трлн теңгені құрады, оның 9,2 миллиарды ғана жеке компаниялардың сенімгерлік басқа­руында. Әрбір салымшы қалауы бойынша өзінің жеке кабинетіндегі зейнетақы жинақтарының жай-күйін БЖЗҚ сайтында да, Egov плат­фор­масында да тек­сере алады. Есте­ріңізге сала кетейік, жинақ­таушы зейнетақы жүйесінде зей­нет­ақының жинақталатын бөлігінің төлем­дерінің мөлшері салымшының жұ­мыс істеген уақытында жасаған ауда­рым­дарының сомасына байланысты болады», дейді Қазақстан Қаржыгерлері қауым­дастығының сарапшылары.

Осындай пікірді ҚҚҚ өкілі Ерлан Бурабаев та айтады. Оның айтуынша, азаматтарымыздың арасында дау-дамаймен атын шығаруды ұнататын «диван» мамандары бар, қазір олар зейнетақы қорының ашық еместігін, ол жақта ақшаның мүлде жеткілікті екеніне күмән келтіретінін айтуы мүм­кін. Шын мәнінде, зейнетақы актив­тері мүлдем ашық, кез келген адам БЖЗҚ сайтына кіріп, портфель құры­лымын, оның қалай өзгеретінін, зейнет­ақы активтері қандай қаржы құрал­дарында тағайындалғанын, бар­лы­­ғын әр теңгесіне дейін көре алады.

Е.Бурабаевтың айтуынша, басқа­ру­шы компания рентабельділік бойын­ша орташа деңгейден 70 пайыздан кем болса, онда салымшылардың шығынын өз қаражаты есебінен өтеуге тура келеді. «Активтерді басқару­дың орташа көрсет­кіші 10 пайыз, бас­қарушы компания бар болғаны 5 пайыз болса, онда ол 2 пайызды өз есебі­нен өтеп, көрсеткіштің 70 пайызына дейін жеткізуі керек. «Ал қазіргі Ұлт­тық банктің қарамағындағы жүйе бұл табысты қамтамасыз етпейді, яғ­ни Ұлттық банк табыстылықты өте­­­мей­­ді, адам зейнетке шыққанда оны мем­лекет өтейді. Жекеменшік бас­­қа­­­рушы компаниялардың басқа­руын­­дағы көрсеткіштер Ұлттық банк бас­шы­­­лығы­на қарағанда талапшыл, тіпті кон­сер­вативті», деп түсіндіреді экономист.

Сарапшылардың сөзіне ден қой­сақ, халықаралық нарықта қаржы құралдары мен индекстердің бағасы төмендеді. Бұл, ең алдымен, геосаяси жағдайға байланыс­ты, инфляция өсті, тарифтер көтерілді. Бірақ мұндай құлдырау кезеңдерінің мерзімі тым ұзақ болмайтыны өткеннен белгілі. Бір есік жабылмай, екінші есіктің ашылмайтыны сияқты, құлдырау кезеңінен кейін қалпына келтіру үдерісі басталып, дамыған және тұрақты қаржы нарықтарының бәсі артады. Демек ендігі трендтердің беталысының қандай болатынын жылдың екінші жартысында байқаймыз.

Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ