Үкімет үнімізді ести ме?

0
209

Сауда-саттық – экономиканың елеулі саласы болғанымен, мемлекет үшін жеке өндірістің, отандық өнімдердің маңызы айрықша. Ал азық-түлікпен қамтамасыз ету, оның қауіпсіздігі мен қолжетімділігі одан да көкейкесті. Сондықтан қазір Үкімет «Қазақстанда жасалған» мемлекеттік бағдарламасының Жол картасын талқылап жатқаны аян. Осы орайда елімізде құс етімен айналысып отырған саланың түйткілдеріне қатысты сауалдарымызға «Қазақстан құс өсірушілер одағының» президенті Руслан ШАРИПОВ жауап береді.

– Руслан Исмайылұлы, қазір Үкімет «Қазақстанда жасалған» мемлекеттік бағдарламасының жаңа нұсқасын тал­қылап жат­ыр. Ірі салалық қауым­дас­­тық­тың жетекшісі ретінде осы бағ­дарлама отан­дық азық-түлік өндіру­шілердің жер­гі­лік­ті на­рық­­тағы жағ­дайын жақ­сар­ту­ға қаншалықты сеп­те­се­ді деп ойлайсыз?

– Бағдарлама ең алдымен өз өнімде­рімізді жергілікті нарыққа өткізуді жеңіл­де­туге  жағдай жасауға тиіс. Ал бұл Жол картасында қамтылмаған ба? Бас­ты сұрақ – осы! Үкімет: «Бізде нарықтық экономика және ДСҰ-ның еркін сауда туралы нормалары әрекет етеді. Біз араласа алмаймыз, мүм­­кіндігінше өздеріңіз дамып, осы­ған бейімделіңіздер» деуден әрі аспай келеді. Ал көрші елдерде жағдай басқа. Нарықты жергілікті азық-түлікпен толтыруға, импорт­қа тәуелділіктен арылуға, өндіру­ші­лерге тікелей субсидия беруге баса назар аударылады.

Өзіңіз білесіз, «Қазақстанда жасалған» бағдарламасының Жол картасын талқылау бүгінде онлайн-форматта өтеді де, ша­қыр­ту­лар отырысқа бір күн қалғанда келеді. Салалық одақ­тар­дың өкілдері оған дайын­далу­ға да, қатысуға да үлгермей жатады. Сондықтан бізге салса, өзін ақтайтын жұ­мыс түріне оралып, осы бағдарламаны тал­қы­лау үшін тікелей жұмыс тобын құруды ұсынар едік.

– Отандық құс өндірісі сала­сының бел ортасында, им­порттық өнімдермен бәсе­ке­лесу қан­шалықты қиын екен­ді­гін күнде көріп жүрген адамсыз? Ал оны тұтынатын ел нені біле жүргені жөн?

– Одаққа кіретін біздің отандық кәсіп­орындардың өнімі эколо­гия­лық тұр­ғы­да таза, біз тауықтың бұлшық­етін өсі­­руге арналған препараттарды, ГТА қол­данбаймыз, өнеркәсіптік жағдайда сойылған құсқа салмақ қосу үшін сұйық­тық­пен инъекция жасамаймыз. Біздің кәсіп­орындар құстарын жергілікті бидай дәнімен бағады. Табиғи жемді сатып алу бізге қымбатқа түседі. Сондықтан саудаға шығатын өнімнің өзін­дік құнының 70%-ы жемнен тұратындықтан, өнімдеріміз аса арзан емес. Сонымен қатар біз импортқа да тәуелдіміз – орауыштан бастап қайта өңдеу, сақтау жабдықтарының бәрін сатып аламыз. Ал сауда сөрелеріндегі импорттық өнімдер жергілікті өнімдерге қарағанда арзанырақ, алайда оның қаншалықты сапалы әрі табиғи екендігін еш­кім тексермейді. Импорттық өнім­дер­дің неліктен арзан болатынын біз білеміз, себебі құс еті су немесе тұзды ерітіндімен толтырылған. Иә, бұл арзанға түседі, бірақ оның 40% судан тұратынын біле отырып, мұндай өнімді өзіңіз сатып алар ма едіңіз?

«Қазақстанда жасалған» бағ­дар­ла­масын әзірлеу шеңбе­рінде осындай өнім­дер­дің нарыққа кір­уі­не тосқауыл қо­йып, импорт­пен бәсе­келестігімізді теңес­тіретін іс-ша­­­ра­­ларды көздеу қажет деп са­най­мыз.

Өндіріс үшін бастапқы шарттар тең болмағандықтан да бәсекелесу қиын. Ресей мен Беларусьтегі құс өндірушілер тікелей субсидия­лар түр­інде айтарлықтай қаржылық мемлекеттік қолдауға ие. Бізде бұл мардымсыз немесе мүлдем қарас­ты­рыл­маған. Осының салдарынан отандық пен импорттық өндірушілердің өзіндік құны әр­түр­лі болып келеді. Бұл дұрыс емес. Сауда және кеден одағы шең­берінде мемлекеттік субси­дия­лардың мөлшері бірыңғай болуға тиіс.

– Мәселен, отандық кәсіпо­рын­дарға өз өнімдерімен жергі­лікті сауда желілеріне кіру қиын ба? Өйткені өндірушілердің көп­шілігі нарықтағы жағдайға ұдайы шағымданып жүргені?

– Нарыққа кіру қиын емес, бірақ сауда желілермен жұмыс істеу күрделі әрі тиімсіз. Бірақ ама­лымыз қанша?! Өйткені бар­лық азық-түлік саудасы 70%-ға дейін ірі сауда желілерінде шо­ғыр­ланған.

Біздің ойымызша, мемлекеттік органдар өндірушіге қатысты моно­­полиялық жағдайды ритейл­дің өз мақсаттары үшін толықтай пай­далануына мүмкіндік беріп отыр. Сауда желілері біздің өнім­дерді қымбатқа сатады, ал өндіру­ші­лердің бағасы мен сөредегі бағаның айырмашылығы 40-50% немесе одан да көп деңгейге же­теді. Олардың бағаны неліктен ша­рықтатаныны бізге түсініксіз… Бұдан басқа, біздің тауарлар тобына сауда желілерінің сыйақысы (бонустары) жеткізу көлемінің 5%-ға дейін жетеді, ал біз бонустар мүлдем алынбауы керек деп есеп­тей­міз. Сауда сөрелері отан­дық өндірушілерге алдыңғы қа­тар­дан орын бермейді, ал егер өндіруші өнімін бірінші сөрелерге қойғысы келсе, онда ол қосымша сыйақы төлеуі немесе жаңа жеңілдіктер беруі керек. Шарт бойынша жет­кізілген өнім үшін төлемді кейінге қалдыру 25 күнге дейін, ал іс жүзінде сауда желілері төлемді әлдеқайда ұзақ мерзімге кешік­ті­ре­ді, бұл дегеніңіз сауданы жасырын несиелеу деген сөз.

Жалпы, сауда желілері бү­гін­де елдің азық-түлік нары­ғын­да үстемдік құрып тұр. Олар өздеріне ыңғайлы, бірақ отан­дық өндірушіге тиімсіз ережелер жасап алған. Сауда, әрине, экономиканың қажетті элементі, бірақ өзіндік өндіріс мемлекет үшін маңыздырақ болуы керек. Ішкі өндіріс елдегі тұрақтылықты, сыртқы қауіптерден нақты тәуел­сіздікті қалыптастырады, мем­ле­кеттік бюджетті қалыптас­ты­рады, жұмыс орындарын құ­рады. Өзіндік өндірісті барлық табысты елдер дамытуға және қол­дауға ұмтылады.

Сондықтан біздің Одақ әр­дайым отандық азық-түлік тауар­ларын өндіру­шілерді қорғау, сауда желілерінің сыйа­қы­ла­ры мен басқа да ретро-бонустар алмай, сөрелерге басымдықпен қол жет­кі­зуді қам­тамасыз ету мәсе­ле­ле­рін көтерумен келеді.

– Мұның барлығының айтылуында кемістік жоқ, бірақ бұл елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатымен қаншалықты үйлеседі?

– Азық-түлік қауіпсіздігін сақтау – ұлтты сақтау. Бүгінгі таңда  тағамдық жұмыртқа на­ры­ғы­н 100% қамтамасыз етсек те, бағасы жағынан біз ұтыл­ды­ратын импорттық өнімдер оңай кіріп жатыр. Иә, біздің өнімнің сапасы жақсырақ, бірақ сатып алушының арзан бағада сатып алу мүмкіндігі болған кезде, ол сапаға қарамайды. Ал желілер болса бағасынан ұту үшін төмен сұрыпты, бірақ арзан өнімдерді сатуға қызығушылық танытады.

Құс еті бойынша біз де елдің қажет­ті­ліктерін толық қамтамасыз етеміз. Бірақ же­лілер едәуір арзан, жоғарыда айтып өткендей, Ресей мен Беларусьтен сұйық­тық­пен толтырылған құс еті әкелінеді. Сонымен қатар біздің нарыққа АҚШ-тан «Буш аяқтары» деп ата­латын құс еттері де үлкен кө­лемде келеді. «Буш аяқтары» импортын азайту туралы мәселені бірнеше рет көтерген болатынбыз, себебі олардың өнімдері қажетті сапа өлшемдерімен сәй­кес­пейді. Бірақ біздің еліміз осы аяқ­тар­дың белгілі бір көлемін импорттауға АҚШ-тың алдында міндеттеме алған екен, өйткені олар кезінде біздің ДСҰ-ға кіруімізді қолдаған.

– Сіздің ойыңызша, өз елі­міз­дегі құс етіне деген сұра­ныс­ты өтеп, отандық өнім­д­е­рімізді көр­ші елдерге де экспорт­тауға қол жеткізу үшін не істеу қажет?

– Ең алдымен – құс өндіру­ші­лер­ді Ресей, Беларусь елдерімен бірдей деңгейде мемлекеттік тұр­ғыда қолдау қажет. Сондай-ақ отандық жемшөпті сатып алуды субсидиялау керек. Өйткені бұл мем­ле­кеттік қолдауды аса талап ете­тін іс-шаралардың бірі.

Біз Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігінде, «Атамекен» ҰКП-да, облыс әкімдіктерінде құс шар­уа­шылығы саласы үшін мем­ле­кеттік дәнді жем қорын құруды көздейтін нормативтік-құқықтық құжат құру туралы мәселелерді жыл сайын көтерумен келеміз. Немесе мұны дәнді жем қорын қалыптастыру үшін өңірлердің Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпора­ция­лары арқылы жекеше өндіру­шілер мен фермерлік шаруа­шы­лықтардан астықты резервтеу, сатып алу жолдарымен жа­сауға болады. Бұл бізге де, дәнді өндірушілерге де пайдалы болар еді. Сонда біз құс өнім­дерінің бағасын жыл са­йын қым­бат­тат­паған болар едік.

Мемлекет ет және жұмыртқа бағыты үшін отандық асыл тұ­қым­ды өнімдерді қалып­тас­тыру­мен айналысуы керек. Қазір біз шетелден асыл тұқымды қор сатып алатындықтан, бұл да біздің өнімнің өзіндік құнына әсер етеді және азық-түлік қауіпсіздігімізді төмендетеді.

Сондай-ақ шекарадан өткі­зер­де, бөлшек саудада импорт­тың сапасын бақылауды күшейте түскен жөн. Осылайша, біз отандық өнді­рістің сапалы өнімі үшін нарық­тың үштен біріне дейін босата аламыз.

Сонымен қатар отандық асыл тұқымды құс шаруашылығын да­мыту қажет. Бұған дейін айт­қа­нымыздай, біз импортқа тә­уел­діміз, оған қоса шетелден әкелінетін балапандармен бірге қауіпті аурулар да жететіні рас. Құс өте нә­зік және тәуліктік ба­лапандар үшін ұзақ жол, климаттың өзгер­уі өнімділікке кері әсер етуі мүм­кін. Сон­дықтан біздің кли­мат­тық жағдайларға толығы­мен бе­йім­делетін отандық тұқым­дар­­ды, кросттарды жасауымыз керек. Кеңес заманында біздегі «Алатау» деген жұмыртқа басатын тауық түрі, «Арман» ысылдақ үйрегі, отандық «Медеу» үйрегі бүкіл әлемге танымал болды. Өкінішке қарай, кеңестен кейінгі кезеңде біз отандық құс түрлері қорын толығымен жоғалтып алдық, Құс шаруашылығы институты да таратылды. Біз өз тара­пымыздан Үкімет алдында Құс шаруашылығы институтын құруды және отандық тұқымдарды қайта дамыту туралы мәселесін бірнеше рет көтердік, бірақ әзірге жауап естілмейді.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Айнаш ЕСАЛИ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ