Болашақты қолдаудың мәні
Бүгін – халықаралық балаларды қорғау күні. Бұл күн елдегі балдырғандар мен балалардың төл мерекесі ретінде сипат алды. Яғни жеткіншектердің шын қуанып, шаттанатын, сыйлық алып, марқаятын мейрамы. Ал шын мәніне келгенде Балаларды қорғау күні – балдырғандарымызға мына әлемнің махаббаттан жаралғанын ұғындыратын, келер күннің жарқын боларына сенім ұялататын күн. Сондай-ақ балалардың өмірі мен құқығын, денсаулығы мен арман-тілегін қорғау, аялау, оларға қамқорлық жасау дәріптелетін күн.
Оқу-ағарту министрлігі Білім сапасын қамтамасыз ету комитетінің деректеріне сүйенсек, елімізде 18 жасқа дейінгі 6 616 774 жеткіншек бар екен. Оның 400 мыңы техникалық ұйымдардың, кәсіптік білім беру ошақтарының студенттері болса, 3,7 миллионнан астамы орта мектептерде оқиды. Ал қалғаны мектеп жасына дейінгі балалар.
Жалпы, балалар мен жасөспірімдерді қорғауға қатысты айтқанда қоғам назарына ата-ана мейірімі, білім мен тәрбие ошақтарындағы кәсіби біліктілік, заң мен құқық тәртібінің талабы ілігерлері сөзсіз. Осы үшеуінің ісі мен сөзі ортақ бір мақсатқа ұштасқанда ғана бүгінгі бала мемлекеттің ертеңгі арқа сүйеріне айналары анық. Бірақ, өкінішке қарай, елімізде балаларға қатысты зорлық-зомбылық, агрессия мен қатыгездік азайған жоқ. Соңғы дерекке сүйенсек, құқық бұзушылықтың басым бөлігі Түркістан облысы, Алматы және Қарағанды өңірлерінде тіркелген. Өзге де аймақтарда жағдай мәз емес. Сонда Қазақстанда балалар құқығы қалай қорғалып жүр?
Балаларға қатысты құқық бұзушылықтың соңғы дерегі бойынша Түркістан облысында – 213, Алматы қаласында – 185, Қарағанды облысында – 165 оқиға тіркелген. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысында мұндай фактілер 39,4 пайызға өсіп, 109-дан 152 жағдайға жеткен. Антирекордты Павлодар облысы аяқтап тұр. Бұл аймақта балаларға қатысты қылмыстардың өсімі 32,8 пайызды құрады. Осы ретте, Ақмола облысының Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Әсем Асаинова бұған көп жағдайда ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың әлсіздігі түрткі болып отыр дейді.
– Негізінде баланың құқығы мен мүддесі бұзылған жағдайда ата-аналар, балалар және басқа да тілек білдірушілер өз өңірлеріндегі уәкілдерден көмек сұрай алады. Біздер баланың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғаны жөніндегі өтініштерді, жергілікті атқарушы органдар мен басқа ұйымдардың әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне қатысты шағымдарды қараймыз. Жыл басынан бері Ақмола облысы халқынан маған 130-дан астам шағым түсті. Олардың көпшілігі отбасындағы зорлық-зомбылық, бала құқықтарының бұзылуы және мектептегі мәселелерге қатысты. Бұл проблемалар ювеналды полиция, қорғаншылық және қамқоршылық органдары, денсаулық сақтау, білім беру басқармаларымен жан-жақты зерттелді. Жалпы, балаларға қатысты құқық бұзушылықтың түп төркіні отбасындағы байланыстың әлсіздігін көрсетеді. Сондықтан шаңырақта балаға көбірек көңіл бөліп, бірге уақыт өткізіп, оның психологиялық қалпын бақылауда ұстау керек, – деді Ә.Асаинова.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректеріне көз салсақ, балалар арасында 155 суицид оқиғасы тіркелген. «Wisevoter» әлеуметтік зерттеу ұйымының есебіне қарасақ, 2023 жылғы 20 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстан суицид статистикасы бойынша 178 елдің ішінде 19-орында тұр. Осы орайда заңгер Халида Әжіғұлова балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту қажет деген пікірін қосты.
– Мектептер мен балабақшалар қауіпсіз болуға тиіс. Балаларға қатысты зорлық-зомбылық, шабуылдар және педофильдердің балаларымызды зорлауының алдын алу мақсатында мектептер мен балабақшалардағы қауіпсіздік шараларын реформалау қажет. Яғни балаларға қатысты қылмыс фактілерін салғырт тергегені үшін құқық қорғау органдарының жауапкершілігін күшейтіп, ішкі істер органдарында балаларға жыныстық зорлық жасағаны үшін сотталған адамдарды өмір бойы электрондық профилактикалық есепке алу қажет, – дейді ол.
Оқу-ағарту министрлігі балаларды зорлық-зомбылықтан, суицидтен қорғау және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірледі. Ол 4 бөлімнен тұрады. Құжат негізінде арнайы индекс жасақталмақшы. Ол проблемаларды уақытылы анықтауға және шешімдерді жедел қабылдауға мүмкіндік береді. Тіпті нәтижесі төмен өңірдің бірінші басшыларына әкімшілік жауапкершілік енгізілмек.
«Елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуде балалардың әл-ауқаты мәселесі маңызды рөл атқарады. Жағдай жасаудың жүйелі мониторингі, сондай-ақ проблемаларды уақытылы анықтау және шешімдерді жедел қабылдау үшін 2022 жылы 56 индикатордан тұратын балалардың әл-ауқатының индексі қабылданды. Сонымен қатар 2021 жылдың нәтижелері бойынша республика бойынша балалардың әл-ауқат индексі небәрі 55,6 балды құрады. Бұл әл-ауқаттың орташа деңгейі саналады. Мемлекет басшысының балалардың әл-ауқатына осы ұлттық мониторингті енгізу жөніндегі тапсырмасын іске асыру мемлекеттік органдардың балалық шақ саласындағы әлеуметтік проблемаларды жою жөнінде қажетті шешімдер қабылдауы үшін өмірлік маңызды болып табылады», делінген құжатта.
Кешенді жоспардағы іс-шаралардың арқасында индекс жыл сайын 1 балға ұлғайтылады. Бұдан бөлек, елімізде ата-аналар кодексі әзірленбекші. Құжатта бұл балалардың тәрбиелік компонентін күшейтуге, әл-ауқатын кешенді қамтамасыз етудегі маңызды бастама деп көрсетілген. Әрі елімізде ата-анасы немесе заңды өкілінің рұқсатынсыз TikTok, Instagram, Facebook, WhatsApp, «ВКонтакте» платформаларында кәмелетке толмағандарды тіркеуді шектеу шараларын қабылдау жоспарланып отыр. Егер жоба қабылданса, оларға заңды өкілдің рұқсатынсыз парақша ашу 2025 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланады. Бұған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, ақпарат және қоғамдық даму министрліктері, сондай-ақ білім министрлігі жауапты.
«Ашық НҚА» сайтында жарияланған Үкімет қаулысының жобасы 6 маусымға дейін көпшіліктің талқылауында болады. Егер кешенді жоспар қабылданып, ілкімді істер жүйелі жүргізілсе, балаларға қатысты, оның ішінде олардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар саны жыл сайын 2%-ға төмендейді. Кәмелетке толмағандар арасындағы суицид те жыл сайын 1,5%-ға азаяды. Сондай-ақ қосымша біліммен қамтылған балалар саны 5%-ға артады.
Баланың қауіпсіз өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыру, оның құқығын қамтамасыз ету – тек мемлекеттің емес, әуелі үйдегі ата-ананың, кейін мектептің жауапкершілігіне жүктелген міндет. Егер осы үш тарап, жүйелі жұмыс атқармаса, түйткілдің түйінін тарқату қиын. Демек отбасы институтын нығайтуда, білім ошақтарындағы кадр әлеуетінің сапасын арттыруда кешенді жоспар оң бастама болмақ.