Президент Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығына барды

0
141

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы қаласына сапарының екінші күні Наурызбай ауданында орналасқан мектеп жасындағы балаларға арналған инновациялық шығармашылық орталығының жұмысымен танысудан басталды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Орталықта оқушыларды ғылыми-техникалық, көркем-эстетикалық шығармашылыққа баулып, олардың экологиялық-ботаникалық дүниетанымын кеңейтетін, болашақ мамандығын таңдауына бағыт-бағдар беретін клубтар мен үйірмелер жұмыс істейді.

Мемлекет басшысына орталықтағы кәсіби бағдарлау кабинетінің және авиамодельдеу, виртуалды зертхана, баламалы энергия көздері секілді үйірмелердің жұмысы таныстырылды.

.

Орталықты аралап көру барысында Мемлекет басшысы жеткіншектермен әңгімелесіп, оларды бүгінгі мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ балалардың дарынын, қабілетін дамыту үшін осындай орталықтар өте қажет екенін атап өтті.

Президент балалар өздеріне ұнаған іспен айналысса, өмірде үлкен жетістікке жететінін, қоғамда құрметті азамат атанатынын айтып, оларға сәттілік тіледі.

.

Үш қабатты ғимаратта орналасқан инновациялық шығармашылық орталықта 1000-нан астам бала бір мезгілде түрлі үйірмеге және спорт секциясына қатыса алады. Бұдан бөлек, мұнда психологиялық-педагогикалық түзету, дефектолог, логопед кабинеттері жұмыс істейді, сондай-ақ 300 орындық көрермен залы, медиакөрме, интерактивті ойын және коворкинг алаңдары бар.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз