Қызылордада тағы бір адам кене шаққаннан қайтыс болды

0
230

Қызылорда облысында конго-қырым қанды безгегіне қолайсыз 106 елді мекен анықталды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде айтылды.

Өңірде кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр. Жауапты сала мамандары тұрғындарды барынша сақ болуды айтып, дабыл қақты.

Қызылорда облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өңірде конго-қырым қанды безгегін жұқтыруы мүмкін деген күдікпен 29 науқас тіркелді. Оның ішінде 10 жағдай нақтыланып, 3 адам қайтыс болған деп жазды sputnik.kz.

«Адамның ауруды жұқтыруы кене шаққан жағдайларда және қанында вирусы бар жануарларды сою кезінде, сондай-ақ науқас адамға күтім жасау кезінде немесе мәйіттің қанымен, ластанған медициналық құралдар арқылы да жұғуы мүмкін. Сондықтан облыс тұрғындарын барынша сақтануға шақырамыз», – деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шайымбетов.

Мамандардың айтуынша, жыл сайын облыстық бюджеттен тиісті қаражат бөлініп келеді.

«Қазіргі таңда қолайсыз елді мекендердегі тұрғын үй аумақтары мен мал қораларына кенеге қарсы ерітінді қолданылып жатыр. Облыс бойынша көктемгі залалсыздандыру жұмыстарының орташа тиімділік көрсеткіші 97,2 пайызды құрады», – деді Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Жұмылдыру және шұғыл жұмыстар орталығы» директорының міндетін атқарушы Бауыржан Садықов.

Қызылорда – конго-қырым қанды безгегінің табиғи ошағы. Сондықтан қала және барлық ауданда кенеге қарсы көктемгі жұмыстар 2 кезеңмен жүргізіледі.

Конго-қырым қанды безгегі – өте қауіпті аурулардың бірі. Бұл аурудың ең алғашқы белгілері: адамның басы айналады, жүрегі айнып, дене температурасы көтеріледі, әлсіздік пайда болады, іші ауырады. Егер адам өзінен осындай белгілерді байқаса міндетті түрде медициналық көмекке жүгінуі керек.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ