«АрселорМиттал Теміртау» ресми түрде QARMET болып өзгерді

0
172
Фото: QARMET баспасөз қызметі

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев QARMET жаңа инвесторы Андрей Лаврентьевті еңбек ұжымына таныстырды. Өз кезегінде ол Вадим Басинді компанияның бас директоры деп жариялады, деп хабарлайды Кazinform.

Қазақстандық Qazaqstan Steel Group (QSG) компаниясы бұрынғы ArcelorMittal Temirtau кәсіпорнына инвестор болды.

Компания атынан кәсіпкер Андрей Лаврентьев Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірге ArcelorMittal Temirtau активтерін сатып алу келісіміне қол қойды.

арселор миттал
Фото: QARMET баспасөз қызметі

«Келісім шарты бойынша QSG АМТ активтері $286 млн-ға сатып алынды, сондай-ақ жыл сайынғы 4 рет тең жарнамен төленетін $450 млн мөлшеріндегі қаражат кепілді түрде кейінге қалған төлемді жүзеге асырады. Сонымен қатар, келісім жабылған кезде тағы АМТ-ның өтелмеген топішілік қарызын төлеу үшін 250 миллион доллар төленеді», — деп хабарлады Қарағанды облысы әкімдігі.

Келісімге сай компания кейіннен $3 млрд астам қаржыны инвестициялау міндеттемесін өзіне алады, оның ішінде 1,3 млрд доллар келесі жылы инвестицияланады.

арселор миттал
Фото: QARMET баспасөз қызметі

«Әрине, компанияның жаңа иесінің алдында маңызды міндеттер тұр, бірінші кезекте — еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жағдай жасау, қызметкерлердің әл-ауқатын арттыру, сондай-ақ әлеуметтік жобалар арқылы жергілікті қоғамдастықты дамытуға белсенді қатысып, көмек көрсетуі керек», — деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Кездесуде Вадим Басин QARMET компаниясының бас директоры ретінде таныстырылды.

Ұлттық инвестор қысқа мерзім ішінде жұмыс барысындағы ұжымдық келісімшарт пен кәсіпорын жұмысшыларының еңбекақысын төлеу жүйесінің сақталуын, өндіріс орнының қауіпсіздігін және экологиялық ахуалын одан әрі жақсарту, өндірісті жаңғырту және қайта ұйымдастыру, шығарылатын өнім көлемін, номенклатурасын және түрлерін ұлғайту секілді міндеттемелерді өз жауапкершілігіне алып отыр.

ермағанбет бөлекпаев
Фото: QARMET баспасөз қызметі

Компания кәсіпорынның қызметіне талдау жүргізгеннен кейін нақты мәліметті инвестордың ресми өкілдері арқылы беретінін хабарлайды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ