Ерлан Қошанов Мәжілістің 2023 жылғы жұмысын қорытындылады

0
99
Фото: Кazinform

Бүгін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов осы жылдың соңғы жалпы отырысында Палатаның жұмысын қорытындылады, деп хабарлайды Kazinform.

«Өздеріңіз білесіздер, биыл Мәжіліс көп жұмыс атқарды. Өтіп бара жатқан жыл Қазақстан Парламентінің нағыз жаңару кезеңі болды. Көктемгі сайлау қорытындысы бойынша депутаттар құрамы айтарлықтай жаңарды. Мәжіліске алты саяси партия мен бірмандатты округтерден сайланған депутаттар келді. Бүгінде Мәжіліс түрлі көзқарас пен саяси пікірлер тоғысқан алаңға айналды. Бұл Президентіміздің саяси бағдарын жүзеге асыру жолындағы айтулы қадам болды. Мұның бәрі жұмысымызға тың серпін берді. Әріптестер, сессия басталғалы бері Палатаның жұмысында барлығы 106 заң жобасы болды. 36 заң қабылданып, Сенатқа жіберілді. Ел Президенті 26 заңға қол қойды. Заң шығару жұмысында біз Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыруға, жыл сайынғы жолдауларында айтылған тапсырмаларын орындауға бар күш-жігерімізді салдық», – деді Е. Қошанов.

Оның айтуынша, Әділетті Қазақстанның негізі – сапалы әрі қоғамға қажетті заңдар. Соның бірі – заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару. Осы заңның арқасында елге 1 триллион теңге көлемінде актив қайтарылды.

«Бұдан бөлек, «Ұлттық қор – балаларға» заңы қабылданды. Депутаттардың бастамасымен жер қойнауы туралы заңнамаға түзетулер енгізілді. Енді жаңадан ашылған барлық ірі мұнай-газ кен орындарының 50 пайыз үлесі міндетті түрде мемлекеттің меншігінде болуы керек. Бұл заң Президенттің «Қазақстанның бүкіл табиғи байлығы халыққа тиесілі» деген конституциялық бастамасын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Зиянды жұмыс жағдайларында еңбек ететін азаматтарды әлеуметтік қолдау мәселесі шешілді. Сонымен қатар, бизнеске үлкен қолдау болатын заңды бүгін қабылдадық», – деді Мәжіліс төрағасы.

Е. Қошанов биыл барлық фракцияның депутаттары өз сайлаушыларымен тығыз байланыста болып, ерекше қарқынмен жұмыс атқарғанын айтты. Мәжілісте тұрғындардың көкейінде жүрген өзекті мәселелердің бәрі қаралды.

«Бұл министрлерге қойылған сұрақтарда да, заң жобаларын талқылау кезінде де, депутаттық сауалдарда да анық байқалды. Президентіміз айтқандай, пікірталас, дискуссия көшеде емес, Парламент қабырғасында болуы керек. Сол бастама іске асып жатыр. Сессия барысында барлығы 233 депутаттық сауал жолданды. Парламенттік талқылаудың, депутаттық сауалдың мазмұны мен деңгейі жаңа сатыға көтерілді. Осылайша, бәріміз жаңа саяси мәдениет қалыптастыруға атсалыстық. Биыл депутаттар Мемлекет басшысының «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» саяси формуласын іске асыруға белсенді түрде үлес қосты. Келер жылы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамаларын жүзеге асыру және халықтың мүддесін қорғау бойынша жұртшылықпен тығыз қарым-қатынаста жұмысты жалғастыратын боламыз», – деді палата төрағасы.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ