Бизнесті қолдау тетіктерін қайта реттеу қажет – Мәулен Әшімбаев

0
134
Фото: senate.parlam.kz

 – Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев отандық бизнесті қолдау тетіктерін қайта реттеу қажет екенін айтты. Ол өзінің дамуын тоқтатқан, тек мемлекеттік қолдаудың арқасында ғана күн көріп отырған компанияларды нарықтық экономиканы ілгерілетуге кедергі келтіріп отырған басты себептердің бірі ретінде атады. Бұл жөнінде Палата спикері бүгін Сенаттың жалпы отырысында мәлімдеді.

Атап айтқанда, отырыс барысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы бірінші оқылымда қаралды. М.Әшімбаев атап өткендей, Қазақстанда бизнесті дамыту үшін Дүниежүзілік банктің жуырдағы баяндамасында жарияланған бірнеше жүйелі мәселеге назар аударған жөн.

«Жақында Дүниежүзілік банктің «Қазақстан экономикасы туралы» атты зерттеуі жарияланды. Сол жердегі біздің экономикамыз, оның ішінде бизнестің жағдайы терең талданған бөлімдер бәріміздің қызығушылығымызды тудырады деп ойлаймын. Нақты айтқанда, 2012 жылдан 2022 жылға дейінгі он жыл ішінде бізде өнімділіктің өсуі іс жүзінде болмағаны жазылған. Зерттеуде тиісті деректер де келтірілген. Меніңше, Үкімет ол мәліметтерді зерделеуі керек», – деді Сенат төрағасы.

Мұндай жағымсыз салдар дамымайтын, табыс әкелмейтін және нарықта жаңа ойыншылардың алға жылжуына кедергі келтіріп, мемлекеттік қолдау есебінен ғана күн көретін компаниялардың өсуіне алып келеді. Сондықтан Мәулен Әшімбаев өсуге, өнімділікті арттыруға, инновациялық технологияларды енгізуге ұмтылатын компанияларға ғана мемлекеттік қолдау көрсету қажет екенін айтты.

«Икемсіз мемлекеттік қолдау, оның ішінде «Даму» арқылы қолдау және ауыл шаруашылығына берілетін субсидиялар елімізде зомби-компаниялардың көптеп пайда болуына алып келді. Олар мемлекеттің арқасында ғана «аман» жүр. Ал, өздері еш дамымайды, алға жылжымайды. Қалыпты нарықтық экономикада компаниялардың стартап, қалыптасу, жетілу, кейбір технологияларды енгізу сияқты өмірлік циклі бар. Соған байланысты олар мүмкіндік болса, әрі қарай дамиды, болмаса, жабылады. Яғни, бізде бұл цикл бұзылды. Бізде нарыққа жаңа компаниялар көп кіре бермейді. Ал, дамымайтын «ескі» компаниялар нарықтан кетпейді. Біз бұл туралы бірнеше рет айттық. Бизнесті қолдау тиімді, икемді, нәтижелі болуы керек. Сондықтан бизнесті қолдау тетіктерін қайта реттеудің маңызы зор. Бұл ретте, банкротқа ұшырау да экономиканы тазарту, жаңа компаниялардың пайда болуы тұрғысынан бір механизм екенін ескерген жөн. Одан қорықпау керек. Бұл қалыпты нарықтық экономиканың бір элементі», – деді Мәулен Әшімбаев.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ