Алғыс айту күні: мереке туралы не білеміз

0
173
Фото: Максат Шагырбаев/Kazinform

 — Бүгін, 1 наурыз – Алғыс айту күні. Елімізде бұл күн 2016 жылы 14 қаңтарда мереке ретінде жарияланған болатын. Осыдан 29 жыл бұрын 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Бүгінгі мерекенің осы айтулы күнмен сәйкес келуі бекер емес.

Бұл – азаматтардың бір-біріне құрмет көрсетіп, алғыс айтатын, елді бірлікке шақыратын мереке. Еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі ұлт өкілдері бейбіт өмір сүріп, ел ертеңі үшін еңбек етіп жатыр. Бұл – еліміздің тарихына құрмет көрсетіп, барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына біріктіретін күн.

Көктемнің алғашқы күнімен қатар келген бұл мерекенің тарихы әріде жатыр. 1946 жылы Кеңес одағында жер аударылған халықтардың жалпы саны 2,5 миллионға жеткен. Кейбір деректерде үш миллионға жуықтаған деп көрсетіледі. Ал осының ішінде Қазақстан аумағына жер аударылғандары 1 миллион 200 мың адам екен. Алайда құжаттарға сүйеніп елімізге көшірілген халықтың нақты санын айту өте қиын. Себебі қоныс аударушыларды әр ай сайын қайта тіркеу, оның ішінде жаңадан қосылғандармен араластырып тіркеу, бір отбасын басқа жерге қайта көшіріп жіберу, туыстардың бөлініп кетуі, кейбір отбасының қайта қосылуы секілді жағдайлар өте көп кездесетін еді.

Әр жылдары 800 мыңдай неміс, 102 мың поляк, Солтүстік Кавказ халықтарының 550 мың өкілдері, Қиыр Шығыстан 18,5 мың корей отбасы жер аударып, көшіп келуге мәжбүр болған деген дерек бар. Жер аударылғандар қазақ даласында көбіне егін шаруашылығымен, мал өсірумен айналысты. Кейін барлық өнеркәсіп саласына атсалысты. Бұл Қазақстан экономикасының дамуына мол үлес қосты.

Кейін 1957 жылы күштеп жер аударылған халықтардың өз Отанына қайтуына рұқсат берілді. Соған қарамастан, олардың көбі қазақ жерінде қалып қойды. Кавказ халықтары мен немістерге, түріктерге ғана өз жерлеріне қайтуға мүмкіндік берілмеді. Жер аударылғандар Сталиннің өлімінен кейінгі Хрущевтің «жылымығы» жылдарында жағдай түзеле бастады. Осы кезде күштеп қоныс аударылған халықтардың қазақ жерінде туып-өскен жаңа буыны өсіп, өркендеді, олар әр салада еңбек етті. Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін де Қазақстанды өз Отаны санайтын буын ел үшін қызмет етіп жүр.

Бұл күннің басты мазмұны – қазақ еліне кезіндегі қолғабысы мен қайырымды ісі үшін алғыс айту. Түрі, діні, тілі, мәдениеті, салт-дәстүрлері басқа этнос өкілдерін бөтенсімей, өгейсітпей көкірегіне басқан қазақтың шексіз мейірімі мен жүрегінің кеңдігін ерекше атап өту керек.

Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл және Түркістан облыстарында бой көтерген «Қазақ еліне мың алғыс» ескерткіштерін еліміздегі түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері тұрғызған. Бұл – еліміздегі түрлі этностық топтардың басына күн туғанда бауырына басқан қазақтың жері мен еліне алғыс білдіруінің белгісі. Сонымен қатар елорда төрінде «Қазақ Елі» монументінің де бой көтеруі қазақ ұлтының айналасына топтасу идеясын күшейте түсті.

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Акбаржан Исмаилов бұл мереке өзара сенім мен қазақстандықтарға деген құрметті арттырғанын айтады.

«Елімізде 1 наурыз – Алғыс айту күні биыл сегізінші жыл аталып өтілуде. Бұл мереке барлық қазақстандықтардың жүрегіндегі мейірім мен достық сезімін еселей түсті. Және де елімізде өзара сенім мен барлық қазақстандықтарға деген құрметті арттырды. Әсіресе, тағдырдың жазуымен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударылған түрлі этнос өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымның белгісін көрсетті. Сол бір қиын-қыстау заманда қазақ халқы олардың басына түскен ауыртпалықты бірге көтере білді. Бұл бүгінгі таңдаеліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды. Осындай ғажап мереке арқылы әр ұлттың қайырымдылық дәстүрлеріжаңғырып, өзара әлеуметтік ынтымағы артады. Репрессия мен жер аудару жылдарында қазақтың өзі де саяси жүйенің зардабын тарта отырып, соның тармағына іліккен өзге ұлт өкілдеріне бауырмалдық танытты. Шексіз мейрім көрсете отырып, қолда барымен бөлісті. Қазақстандық патриотизмнің, достық пен бірлігіміздің тірегі, еліміздегі этностарды біріктіріп, олардың дамуына мүмкіндік беріп отырған туған Отаным Қазақстанды мақтаныш етемін. Осы елде туып-өсіп, өніп жатқан барша замандастарымды этносаралық достықтың жарқын үлгісін жалғастырып, біртұтас халқымыздың бірегей артықшылықтарын арттыруға шақырамын. Тәжік этносы және барлық өзге этнос өкілдері атынан қазақ халқының дархандығы мен кеңпейілі, қонақжайлылығына басымды иіп, алғыс айтамын!» – дейді ол.

Алғыс айту күні әлемнің түкпір-түкпірінде де атап өтіледі

АҚШ-ты алатын болсақ, әлемдік жылнамада 1621 жылы ағылшын колонистерінің бастамасымен күнтізбеге ризашылық білдіретін күн енгізіледі. Қаһарлы қыста аштықтан зардап шеккен жұрттың көңіл күйін көтеру үшін губернатор Уильям Брэдфорд Алғыс айту күнін белгілейді. Айналадағы басқа да көршілер бұл игі дәстүрді жақсы ықыласпен қабылдады. Қараша айының төртінші бейсенбісінде атап өтілетін мереке астық жинау мезгілімен тұспа-тұс келеді. АҚШ-тағы бұл айтулы күні әр шаңырақтың мерекелік дастарқанында көкөністер мен күркетауық тұрады. Ұлттық күнтізбеге енген осы мерекенің түпкі идеялық мәні америкалықтардың өз Конституциясына ризашылық білдіруіне негізделген. Осылайша, Алғыс айту күні нағыз ұлттық мереке ретінде 1863 жылы АҚШ-тағы Азамат соғысы кезінде тараптарды бір дастарқанға шақырудан басталды.

Канадада да Алғыс айту күні қазанның екінші дүйсенбісінде өтеді. Елде бұл мерекенің шығу тарихы ауыл шаруашылығы өнімдерін жинаудан бастау алады.

Германияда алғыс айту мейрамын «Erntedankfest» деп атайды. Ол қазан айының алғашқы жексенбісінде егін алқабында тойланады. Келесі жылы да егін түсімі осылай мол болсын деген ниетпен тамаша табиғатқа, орман, көкөніс, жеміс-жидек тарту еткен тағдырға алғыс айтады. Дастарқанға Германияның дәстүрлі тағамдарын, жаңа піскен көкөніс, жеміс-жидек, дәнді-дақыл, өзге де дәмді-тәттілер қойылады.

Израиль халқы да Суккот мерекесі – алғыс айту күнін 3000 жылдан бері тойлап келеді. Олар шөл далада ауырмай-сырқамай, аман-сау өмір сүріп жатқанына алғыс айтады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ