Наурыз мейрамы жаңаша тойланады

0
188
Фото: Halyq Uni

Бүгін Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаев биылдан бастап Наурыз мейрамының қарсаңында оның мән-мағынасы мен мазмұнын байыту үшін жыл сайын 14-23 наурыз аралығында Наурызнама онкүндігін жариялау ұсынылып отырғанын айтты.

Тарихи тұрғыдан алғанда, жаңа жылды тойлау 8-9 күнге жалғасып, оны «Наурызнама» деп атаған. Әрине, бұл туралы деректер ұлы философ-жазушыларымыз Махмұд Қашғаридің, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Абай Құнанбайұлының, Мұхтар Әуезовтің еңбектерінде жазылған, – деді спикер.

Сондықтан оның айтуынша, биылдан бастап елімізде Наурыз мейрамы басқаша пішінде болады. Яғни, 14-23 наурыз аралығында «Наурыз-базарлық» маусымы жарияланады. Бұл күндері сауда орындарында жаппай сатылымдар өткізу, жеңілдіктер жасалады.

Ал, Наурызнаманың қорытынды күні, жаңа жылды қарсы алудың символы ретінде 23 наурыз – Тазару күні деп жарияланды. Бұл күні Қазақстанның барлық аймақтарында жалпыұлттық экологиялық акция өтеді.

Наурыз мейрамына орай ел бойынша 10 мыңнан астам іс-шара болады.

Наурыз мерекесін тойлау аясында елімізде көрмелер, концерттер, фестивальдар, жәрмеңкелер, әдеби-музыкалық кештер, спектакльдер, дөңгелек үстелдер, кездесулер, тарихи-танымдық сабақтар, кино көрсетілімдер мен басқа да іс-шаралар жоспарланып отыр.

Жалпы еліміз бойынша 10 мыңнан астам бұқаралық, мәдени іс-шара ұйымдастырылады. Мерекенің басты іс-шарасы 21 наурызда Астана қаласының ЭКСПО аумағында өтеді. Қазір мерекенің тұжырымдамасы бекітіліп, дайындық жүргізіліп жатыр, – деді Сәбит Барлыбаев.

Наурызнама онкүндігі

14 наурыз күні – Көрісу күні – Амал мерекесі тойланады. Негізінде еліміздің батыс өңірлерінде сақталған мереке енді барлық аймақтарда тойланады.

15 наурыз – Қайырымдылық күні. Бұл күн қайырымдылыққа, мейірім мен тату көршілікке арналады.

16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Бұл күн мәдениетімізді, өнеріміз бен ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға арналады.

17 наурыз – Шаңырақ күні. Осы күні отбасылық құндылықтарымызды дәріптеуге, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасыларға арналған мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады.

18 наурыз – Ұлттық киім күні. Наурызнаманың онкүндігінде еліміздің барлық өңірлерінде ұлттық киімдерімізді насихаттауға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізіледі.

19 наурыз – Жаңару күні. Осы күні көктемгі ағаш егу дәстүрін жалғастыру ұсынылды.

20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Бұл күні елдің барлық аймақтарында ұлттық спорттан түрлі жарыстар ұйымдастырылады.

21 наурыз – Ынтымақ күні. Бұл күннің идеясы – жалпы халық бір-біріне деген сый-құрметтерін арттырып, татулық пен бірлікті насихаттау.

22 наурыз – Жыл басы. Бұл күні еліміздің барлық өңірлерінде жалпыхалықтық мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіліп, стильді этноауылдар мен түрлі жәрмеңкелер ұйымдастырылады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ