Павлодарда Жүсіпбектің өз қолымен жасаған сия сорғышы мен сызғышы сақталып тұр

0
142
Фото: Бұқар жырау атындағы музей

 — Ұлт асылдарының бірі Жүсіпбек Аймауытов заманында он саусағынан өнер тамған шебер болыпты. Өз қолымен жасаған ағаш сызғышы, сия сорғышы Павлодардағы Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейіндеде қаз-қалпында сақтаулы тұр.

Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейін аралап жүріп, Ж.Аймауытовқа қатысты кейбір жәдігерлерге еріксіз назар аудардық.

Әсіресе, алаш ардақтысы үнемі жанынан тастамаған «Насихат» қалта сағаты, қағаз кесуге арналған сызғыштар, «Сюзанна» кілемі және ағаштан жасалған сия сорғыш.

экспонат
Фото: Бұқар жырау атындағы музей

Музей қызметкері Әлия Саматова бұл заттардың кейбірін кезінде Жүсіпбектің өзі жасап, күнделікті жұмысында пайдаланғанын атап өтті.

Көне заттар өте қарапайым әрі іс білетін шебер адамның қолынан шыққаны байқалады.

Бұл бұйымдарды 90-шы жылдары музей ашылғанда қаламгердің қызы Мәруа Жүсіпбекқызы қорға тапсырыпты.

музей
Фото: Бұқар жырау атындағы музей

Алаштың арда азаматынан қалған құнды заттарды ұрпақтары көзінің қарашығындай сақтап, қаншама уақыт сандықтың түбінде жасырып келгені таңғалдырады.

Мәруа Аймауытова естелігінде айтып қалдырғандай сызғыштар мен сия сорғышты әкесі өзі жасап, ою-өрнекпен оқалаған.

«Анамның айтуынша, кей-кейде әкем қатты ойға шомған уақытта осы сия сорғышқа қолын қойып, әрі-бері теңселтіп отыратын болған. Бұл затты да өз қолымен жасаған. Мұндағы бейнелерге назар аударсаңыздар, онда баласын тамақтандырып отырған құстың суреті бейнеленген. Әкемнің қолынан шыққан қандай туынды болсын, оның әрбірінде қазақтың философиялық терең мазмұны жатыр. Ал қалта сағатын жанынан тастамаған. Күндіз қоғамдық жұмыстар атқарып, түн ауа шығармашылықпен айналысқан. Әкемнің сағатқа жиі қарайтын әдеті болыпты. Уақытының, өмірінің аз қалғанын сезсе керек…» деп келтіреді ұлы тұлғаның ұрпағы.

жәдігер
Фото: Бұқар жырау атындағы музей

Әкесінің жатын бөлмесінде үнемі ілініп тұрған «Сюзанна» кілемі де жақсы сақталған.

музей
Фото: Бұқар жырау атындағы музей

Оны кезінде Бұқара қаласынан арнайы алдырыпты, бұқарлық шеберлердің туындысы көрінеді.

музей
Фото: Бұқар жырау атындағы музей

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ