Бүгін – әз Наурыз мерекесі

0
127
Фото: Kazinform

Қазақстан халқы Ұлыстың ұлы күні, күн мен түн теңелетін Наурыз мейрамын тойлап жатыр.

Наурыз сөзі парсы тілінен аударғанда «Жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Орталық Азия мен Таяу Шығыс, Кавказ, Балқан түбегі халықтары арасында Жаңа жылдың басы болып саналады.

«Наурыз мейрамы айдың 21-інен 22-сіне қараған түні тойланған. Ерте уақытта әр елдің есепшілері күн мен түннің теңелгенін есептеп отырған ғой. Мен жақсы көретін сүйікті авторлар – Фон Герн, Нельсон Фелл қазақ даласында көп болған екен. Сол ғалымдар «Еуропалықтар сағатына қалай қараса, қазақтар да аспанға солай қарайды» деп естелік жазып кетіпті. Бұл біздің дала есепшілерінің, ұлы дала ғұламаларының даналығын білдірсе керек-ті.

Нельсон Фелл: «Қазақтардың Наурызды қарсы алуы өте қызық. Олар алдын ала дайындалады. Ақсақалдар қырдың басына шығып, күн мен түн теңелгенін күтеді. Жаңа ай туды деген уақытта тойлауды бастап кетеді» деп жазыпты. Сондықтан, тура наурыздың 21-і немесе 22-сі деген қатып қалған уақыты жоқ. Барлығы астрономиялық күн қозғалысына байланысты», – дейді тарихшы Жамбыл Артықбаев.

Ұлыс күні қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған. Халық таза, жаңа киімдерін киген. Ауылдың ер адамдары бір-бірімен қос қолдасып, төс қағыстырады; әйелдер құшақтасып, бір-біріне игі тілектер айтады. Бірін-бірі мерекеге арнап дайындалған наурыз көже ішуге шақырады. Оған сүр ет салып пісірілуі – қыс тағамымен (етпен) қоштасуды, құрамына ақтың қосылуы – жаз тағамымен (сүт, ақ) қауышуды білдіреді. Сондай-ақ бұл күні көңілінде кірбіңі барлар татуласады, адамдар бір-бірінің үйіне кіріп, құтты болсын айтады, бұлақ көзін ашады, алдын ала үйін, ауласын кір-қоқыстан тазартады.

Бұл туралы белгілі фольклортанушы ғалым Ақеділ Тойшанұлы Kazinform тілшісіне берген сұхбатында толығырақ баяндайды.

«Наурызды дүние жаралған күн, жалпы адам баласы жаралған күн, жер бетіндегі тіршілік иелерінің жаралған күні, аспанда алғаш күн шығып, жерде алғаш көк көктеген, алғашқы төл туып маңыраған күн деп қабылдаған. Сондықтан бүкіл тіршілік иесі бір жасқа толды деп ойлап, «Бір жасыңыз құтты болсын», «Жаңа жасыңыз құтты болсын» деп амандасатын болған. Қазір ондай амандасу ұмытылып, әркім өзінің туған күнін тойлайтын болған. Ескілікте өзінің туған күнін нақты тоқтатпай мезгіл бойынша межелеп айтқан. Ал барша адамның жаңа жасы Әз Наурызбен бірге тойланған», – дейді тарихшы.

1920-1925 жылдары Кеңес одағы құрамындағы шығыс халықтары бұл мерекені атап өткенімен, 1926 жылы ол «діни мейрам», «ескілік сарқыншағы» деп танылып тоқтатылды. Содан кейін 1988 жылы Алматыда және республиканың көптеген аудандарында Наурыз жалпыхалықтық мейрам ретінде қайта тойлана бастады.

2009 жылдың 30 қыркүйегінде ЮНЕСКО Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне кіргізді. Ал 2010 жылдың 10 мамырында БҰҰ Бас ассамблеясының 64-қарарына сәйкес, 21 наурыз – Халықаралық Наурыз күні болып белгіленді.

2010 жылдан бері Қазақстанда Наурыз мейрамы 21-23 наурыз аралығында үш күн аталып өтіледі.

Биылдан бастап Қазақстанда Наурыз мейрамы 10 күн бойы аталып өтеді. Тарихта Наурызды тойлау 8-9 күнге жалғасқан. Оны «Наурызнама» деп атаған. Бұл туралы деректер ұлы философ-жазушыларымыз Махмұд Қашқаридің, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Абай Құнанбайұлының, Мұхтар Әуезовтің еңбектерінде жазылған.

Осылайша, 14 наурыз Көрісу күні – Амал мерекесімен басталса, 15 наурыз «Қайырымдылық күні» болып белгіленді. Бұл күн ел бойынша қайырымдылыққа, мейірім мен тату көршілікке арналады. 16 наурыз – «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні», 17 наурыз – «Шаңырақ күні» болып, 18 наурыз – Ұлттық киімдерге арналды.

Ал 19 наурыз – «Жаңару күні». Бұл күні көктемгі ағаш егу дәстүрін жалғастыру ұсынылады. 20 наурыз – «Ұлттық спорт күні» етіп белгіленді. Бұл күні елдің барлық аймақтарында ұлттық спорттан түрлі жарыстар ұйымдастырылады. спикер. 21 наурыз – «Ынтымақ күні» деп жарияланған. Оның басты мақсаты – жалпы халық арасында бір-біріне деген сый-құрметті арттырып, татулық пен бірлікті насихаттау.

22 наурыз – Жыл басы. Бұл күні еліміздің барлық өңірінде жалпыхалықтық мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіліп, стильді этноауылдар мен түрлі жәрмеңке ұйымдастырылады. Ал Наурызнаманың қорытынды күні, жаңа жылды тұтас ел болып, жаңа мақсат, жаңа үмітпен қарсы алудың символы ретінде 23 наурыз Тазару күні етіп жарияланады. Бұл күні Қазақстанның барлық аймақтарында жалпыұлттық экологиялық акция өтеді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ