Отандық фармацевтика өндірісінің көлемі 95 млрд теңгеге дейін артты — Денсаулық сақтау министрлігі
Үкімет отырысында ҚР денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова отандық фармацевтикалық өнім өндірушілерді қолдау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмек импортын алмастыру бойынша жұмыстарын әрі қарай жалғастыруда. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша елімізде отандық фармацевтикалық өндіріс көлемі 95 млрд теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда өсім көрсеткіші 14,5%-ға артты. Бүгінгі таңда, 4 мыңға жуық фармацевтикалық өнім жеткізу бойынша 35 отандық өндірушінің қатысуымен ұзақмерзімді 94 шарт жасалды. Жыл соңына дейін өзге 24 отандық өндірушімен ұзақмерзімді шарт жасалуы арқылы 1 412 дәрілік зат пен медициналық бұйымдардың жеткізілуі қарастырылуда. Алдағы 3 жылдың ішінде жасалған ұзақмерзімді шарттарда белгіленген көлемге кезең-кезеңімен шығу жоспарланып отыр.
«Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар сатып алу кезінде отандық өндірушілерге басым түрде қолайлы жағдай жасалды. Соның нәтижесінде, биылғы 6 ай қорытындысы бойынша 29,5 млрд теңге көлемінде 196 дәрілік зат түрі жеткізілді. Келесі слайдта “Үздік – 10” отандық өндірушінің тізімі көрсетілген. Бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша Бірыңғай дистрибьютордың сатып алу шеңберінде олардың дайын өнімді шығару көрсеткіші ұлғайып, нәтижесінде жалпы өсімі 21%-ға артты», — деп мәлімдеді А. Әлназарова.
Елімізде дәрілік қауіпсіздігінің тұрақты әрі базалық деңгейін қамтамасыз ету мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған кең таралған аурулар тізімінің негізінде басымдық беретін дәрілік заттар тізімін қалыптастырды. Нәтижесінде, 283 дәрілік зат іріктеліп алынды. Бүгінде аталған тізімдегі 107 дәрілік зат (37,5%) Қазақстан Республикасы аумағында өндіріледі. Алдағы уақытта қалған 178 дәрілік зат (62,5%) өндірісін жүргізу басымдыққа ие болады.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысандарын жобалау және салу кезінде отандық өндірушілердің медициналық техника өнімдері міндетті түрде енгізіліп, жарақтандыру көрсеткіші 72%-ды құрады.
Министрдің айтуынша, алдағы уақытта, отандық өндірушілерге одан әрі қолдау көрсету аясында Министрлік тарапынан келесі шараларды жүзеге асыру жоспарланған:
- Отандық өндірушілердің медициналық техникасын сатып алу үшін «ҚазМедТех» АҚ базасында қаржылық лизинг механизмін қайта енгізу;
- Отандық фармацевтикалық өнімдердің басекелестігін арттыру үшін құрамында спирті бар өнімдерді шығару кезінде пайдаланылатын этил спиртіне қосымша акциз төлеуден босату.
Айта кету керек, қазіргі кезде енгізілген қосымша акциз құнын төлеу салдарынан өзіндік бағасы артып, оның бәсекелестікке кері әсері тиюде.
Отандық өндірушілерді ынталандыру мақсатында әрі жергілікті заттармен қамту үлесін арттыру үшін Министрлік келесі шараларды іске асыратын болады:
- мемлекеттік сатып алу кезінде жергілікті қамту үлесі неғұрлым жоғары отандық тауар өндірушілер үшін жеңілдік тетігін қарастыру;
- оқшаулау тереңдігіне байланысты ұзақмерзімді шарттардың қолданылу мерзімін анықтау.