ҚАЗҰУ-ДА ҚЫТАЙЛЫҚ СТУДЕНТТЕРГЕ АРНАЛҒАН ЖАЗҒЫ ЛАГЕРЬ ӨТУДЕ
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Қытай Халық Республикасы Сиань қаласының студенттері жазғы лагерьге келді.
Бір апта ішінде Қытайдың 10 жоғары оқу орнының 37 студенті мен 3 оқытушысы Қазақстан тарихы және ата-бабаларымыздың мәдени мұрасымен танысады. Сонымен қатар қытайлық студенттер әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қызметімен танысып, тарихына үңіледі.
Бұл бастама әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Қытайдағы Солтүстік-Батыс политехникалық университетімен тығыз ынтымақтастығы арқасында жүзеге асып отыр. Қос ЖОО арасында академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы оқытушылар мен студенттер алмасу жұмысы жөнге қойылған. Бүгінде ҚазҰУ базасында Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің филиалы табысты жұмыс істейді.
«Жазғы лагерьдің мақсаты – Қазақстанның тарихымен таныстыру, еліміздегі жоғары оқу орындары туралы ақпарат беру, отандық ЖОО-ларға магистратураға оқуға түсуге қызықтыру. Студенттермен қатар Қытай тарапынан оқытушы-профессорлар да қатысып жатыр. Аталған лагерьде басымдық тарих және мәдени салаларға беріліп отыр», – деді тарих факультетінің деканы Досбол Байқонақов.
Сонымен бірге ұйымдастырушылардың айтуынша, студенттер Алматы қаласындағы өзге де университеттерді аралап, музейлерге, тарихи ескерткіштерге, демалыс орындарына барады.
«Менің атым – Венди. Мен Қытайдағы Солтүстік-Батыс политехникалық университетінде оқимын. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аумағына кіргенде бұл жердің тарихы тереңде екенін бірден сездім. Экскурсия барысында оқу ордасының шежіресімен танысып, тарихи фотосуреттерді көрдім. Бұл сапар ерекше әсер қалдыруда. Қазақстанға, соның ішінде ҚазҰУ-ға келгеніме өте қуаныштымын», – деді жазғы лагерьге қатысушы Венди.