Сапалы әрі қызықты қазақша мультфильмдерді көруге тиіс

0
43
Фото: Halyq Uni

Қазақ тілінде мультфильмдер шығаруға 350 миллион теңге бөлінеді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды zamandas.kz Halyq Uni.не сілтеме жасап.

Оның айтуынша, қазір қазақ тілінде мультфильмдер саны өте аз, ал YouTube сияқты қолжетімді платформаларда мүлде жоқтың қасы.

Бүгінде бұл – үлкен мәселе, өйткені балалар теледидардан гөрі интернет пен YouTube-ты көбірек таңдайды. Балалар «Синий трактор» мен «Маша и Медведь» сияқты мультфильмдермен шектелмей, сапалы әрі қызықты қазақша мультфильмдерді көруге тиіс, – деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Депутат осы мақсатта келесі жылдың бюджет жобасын қарастыру барысында қазақ тілінде мультфильмдер жасауға 350 миллион теңге бөлуді және олардың тек теледидарға емес, интернетке, соның ішінде YouTube-қа жүктелуін қамтамасыз ететін норманы заңға енгізгенін атап өтті.

Сонымен бірге Асхат Аймағамбетов қазақ тілді контент сапасын арттыру қажеттілігіне назар аударды.

Қазақша балалар контентін жасауда белгілі бір қиындықтар бар. Мәселен, «Балапан» телеарнасының контент жасаушыларға төлейтін қаражаты өте аз болғандықтан, олар тек қазақ тілін қолдау мақсатында жұмыс істеп, көбіне волонтер сияқты әрекет етеді. Сондықтан, осы бюджет арқылы бөлінген қосымша қаражат қазақша контенттің сапасын арттыруға ықпал етеді деп сенеміз, – деді депутат.

Оның айтуынша, балалар арасында қазақша контентті тұтыну бойынша сапалы ғылыми зерттеу жүргізу қажет. Осыған байланысты депутаттар Ғылым және жоғары білім министрлігіне тиісті ұсыныс жасаған.

Сонымен қатар, әлемге танымал мультфильмдерді де мемлекеттік тілге аударып, YouTube-қа жүктеу маңызды. Бұл үшін авторлық құқық иелерімен ауқымды жұмыс қажет. Әзірге бұл мәселе толық шешілген жоқ, бірақ алдағы уақытта осы бағытта жұмысты жалғастыруды жоспарлап отырмыз, – деп түйіндеді сөзін Асхат Аймағамбетов.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ