Жалпыұлттық бірлік пен татулық құндылықтарын насихаттау
Шымкенттегі «Достық үйінде» қалалық Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен осындай тақырыпта фестиваль өтті.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Басқа жұрт қазақты киімінен танитын болуы керек. Кейбір ірі компаниялар мен оқу орындары ұлттық нақышта киіну үрдісін енгізіп жатыр. Бұл – өте орынды бастама, оны қолдап, ауқымын кеңейте түскен жөн», – деп атап көрсеткен болатын.
Осы бағытта Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» жобасы аясындағы іс-шараның мақсаты – ұлттық киім тігумен және ұлттық нақышта зергерлік бұйымдар жасаумен айналысатын шеберлердің бұйымдарын дәріптеу арқылы өскелең жас буынды ұлттық рухта тәрбиелеу.
Фестиваль аясында жергілікті қолөнер шеберлері мен дизайнерлер дайындаған ұлттық киімдер мен зергерлік бұйымдар қойылған көрме ұйымдастырылып, «Достық үйінің» үлкен залында этно стильдік және заманауи сәндік киім үлгілерінің көрсетілімі өтті.
Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Айгерім Жұмағұлова, қалалық «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Нұркен Әлімқұлов қатысып, ұлт мәдениеті мен ұлттық құндылықтарды насихаттап жүрген қолөнер шеберлерін құттықтады.
– Біздің мақсат – ұлттық киім тігумен және ұлттық нақышта зергерлік бұйымдар жасаумен айналысатын шымкенттік шеберлердің, суретші-дизайнерлердің туындыларын дәртіптеу арқылы жалпыұлттық бірлік пен татулық құндылықтарын насихаттау, – деді басқарма басшысы.
Ал таяуда ғана Халықаралық деңгейде өткен фестивальде жүлделі 1-орынды иеленген сәнгер Марат Ерімбетов ұлттық киімдерді әлемдік деңгейде танытуды көздейді. «Сән әлемі үнемі жаңарып отырады. Тек денені жабу үшін ғана емес, қазақта сырт киім арқылы астарлы, ойлы сөздерді жеткізетін болған. Бүгінгі фестивальге 2 топтама алып келдім. Бірі ұлттық киімдерді этностильде жаңғырту болса, келесі заманауи стильді қамтыды», – деп атап өтті Марат Ерімбетов.
Фестиваль барысында қазақтың ұлттық киімдерінің этностильдік және заманауи үлгілері бойынша Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті «Ақ баян» сән театрының топтамасы, А.Исмаилов атындағы кәсіптік колледждің топтамасы, Г.Еспай жетекшілік ететін «Ару аналар» топтамасы №5 Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің топтамасы, Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінің «Асыл мұра» топтамасы, Б.Жетібаева жетекшілік ететін «Асыл мұра» топтамасы және Орталық Азия инновациялық университеті «Сән» топтамасын жұртшылық назарына ұсынды.
Өз кезегінде кәсіби мамандардан жасақталған қазылар алқасы фестиваль қорытындысы бойынша үздік деп танылған жеңімпаздарды анықтап, арнайы дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапаттады.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы