ТҮРКІСТАН: ТӨЛЕБИДЕГІ КЕЛЕШЕК МЕКТЕПТЕРІНДЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТТІ ҚАЛЫПТАСТЫРАТЫН КЕШЕНДІ ЖҰМЫС ЖҮРГІЗІЛІП КЕЛЕДІ

Қазіргі қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру – өскелең ұрпақты тәрбиелеудің маңызды бағыттарының бірі. Осы орайда Түркістан облысы, Төлеби ауданындағы білім беру ұйымдарында, оның ішінде №10 және «№11 Келешек» жалпы білім беретін мектептерінде оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Аталған мектептерде құқықтық білім беру оқу үдерісімен ұштасып, «Құқық негіздері» пәні аясында 9–11 сынып оқушыларына тұрақты түрде жүргізілуде. Сабақ барысында түрлі пікірталастар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, оқушылар өз құқықтары мен міндеттері туралы жан-жақты мағлұмат алуда. Сонымен қатар, тарих пәні арқылы құқықтық мемлекет ұғымы, адам құқықтарының даму кезеңдері мен заңдардың қалыптасу эволюциясы кеңінен түсіндіріліп, оқушылардың құқықтық танымы тереңдетілуде.
Тәрбие жұмыстары да бұл бағытта жүйелі жолға қойылған. 5–11 сыныптарда «Заң және жасөспірім», «Менің құқығым – менің қорғаным», «Адам құқығы – басты құндылық» тақырыптарында тәрбие сағаттары өткізіліп, оқушылардың заңға деген құрметі мен жауапкершілігі қалыптастырылуда. Мектепішілік тәртіпті сақтау, мектеп формасын ұстану, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету сияқты құндылықтар күнделікті бақылауда.
Құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында құқық қорғау органдарымен тығыз байланыс орнатылған. Төлеби аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлескен профилактикалық кездесулер, «Өз құқығыңды білесің бе?», «Тәртіпке бағынған құл болмайды», «Заңсыз әрекеттің салдары» тақырыптарындағы іс-шаралар оқушылардың құқықтық санасын қалыптастыруға оң ықпал етуде.
Аудан көлемінде ұйымдастырылған «Қауіпсіз балалық шақ» форумы да өз нәтижесін берді. Жастар ресурстық орталығында өткен маңызды жиында құқық қорғау органдарының өкілдері, сала мамандары мен қоғам қайраткерлері балалардың қауіпсіздігі, құқықтық сауаттылық, отбасы тәрбиесі және салауатты өмір салты мәселелерін кеңінен талқылады. Сонымен қатар, облыстық деңгейде ұйымдастырылған онлайн кездесулер барысында оқушылар прокуратура өкілдерімен тікелей байланысқа шығып, өздерін толғандырған сұрақтарға нақты жауаптар алды.
Мектептерде құқықтық апталықтар, зияткерлік ойындар, сауалнамалар мен ашық сабақтар өткізіліп, оқушылардың білімін практикамен ұштастыруға мүмкіндік жасалуда. Сонымен қатар, буллингтің алдын алу, құқықбұзушылықтың салдарын түсіндіру мақсатында психолог мамандардың қатысуымен тренингтер мен пікірталастар ұйымдастырылып келеді.
Оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру да назардан тыс қалған емес. Түрлі спорттық жарыстар, интеллектуалдық ойындар мен жобалар арқылы жасөспірімдердің қызығушылығы артып, жағымды орта қалыптасуда. Қыз балалар тәрбиесіне ерекше көңіл бөлініп, «Аналар мектебі», «Сырғалым» қыздар клубы, «Жеңге мен қайынсіңлі» клубтары аясында қыздардың денсаулығы, тәрбиесі мен мәдениеті бойынша кездесулер өткізілуде.
Ата-аналармен байланыс та жүйелі түрде жүргізіліп, жиналыстарда құқықтық тәрбие мәселелері кеңінен талқылануда. Бұл – мектеп пен ата-ана арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, бала тәрбиесіне ортақ жауапкершілікті арттыруға мүмкіндік беруде.
Жүргізілген кешенді жұмыстардың нәтижесінде оқушылардың құқықтық сауаттылығы артып, заңға деген құрметі мен жауапкершілігі нығая түсті. Олар өз әрекеттеріне саналы түрде қарап, құқықбұзушылықтан аулақ болуға ұмтылуда.
Қорытындылай келе, құқықтық мәдениетті қалыптастыру – үздіксіз үдеріс. Төлеби ауданындағы мектептер бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастырып, құқықтық санасы жоғары, жауапкершілігі мол, саналы ұрпақ тәрбиелеуге өз үлесін қоса бермек.









