Бұл бағдарлама отбасы институтын дамытуды көздейді

0
16

Астанада «Әже, келін, немере. Ата, бала, немере» атты отбасыаралық байқау өтті, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Ұрпақтар сабақтастығы жобасы аясындағы іс-шараға елорданың бес ауданының ең үздік әулеттері қатысты. Оның мақсаты да сол, ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеу, отбасылық құндылықтарды насихаттау, ағайындар арасындағы береке-бірлікті паш ету.

Байқауды Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Ардагерлер кеңесі ұйымдастырды. Үш жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан бұл бағдарлама отбасы институтын дамытуды көздейді.

Байқауға қатысқан барлық отбасы ұлағатты ата, ардақты әже, үлгілі әке, ибалы келін, үкілі қыз, мейірімді бала тақырыбын ашып, өз отбасындағы жетістіктер туралы таныстырды.

Есіл ауданынан шыққан ұшқыштар династиясы – Хамзиндер отбасы бір әулетте авиация саласында 28 адамның жұмыс істейтінін мақтанышпен таныта білді. Әулет анасы Марал Хамзина қазақтан шыққан тұңғыш бортсерік қыз болса, бүгінде немере сүйіп отырған ақ жаулықты әже.

Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов мұндай байқау балаларды еңбекқорлыққа, үлкенге құрмет көрсету, кішіге қамқор болу, жалпы адамгершіліктің барлық ережесін үйренуге, халқымыздың салт-дәстүрін сақтап, оны бағалай білуге тәрбиелейтінін айтты.

Байқау соңында өнер көрсеткен барлық отбасыға арнайы сыйлықтар табысталды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ