Қазақстан аумағында 13 743 шетел азаматы еңбек етеді
2024 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 13 743 шетел азаматы еңбек етеді.
Шетел жұмыс күшін (бұдан әрі – ШЖК) тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 564 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 585 рұқсат (екінші санат). Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 4 913 және 999 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 1 186 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 3 496 адам тартылды.
Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 744 жұмыс беруші бар. Оларда 388 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96,5% – ы.
Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында – 5 390 адам, өңдеу өнеркәсібі – 1 455 адам, тау – кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 355 адам, әкімшілік және көмекші қызметтер – 1 305 адам, ауыл, орман және балық шаруашылығы – 1 237 адам.
Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 4 881 адам, Өзбекстан – 1 273 адам, Түркия – 1 203 адам, Үндістан – 1 095 адам.
Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді және бөледі. 2024 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,23% немесе 22 мың бірлік мөлшерінде белгіленді, осы жылы қарашадан бастап министрдің бұйрығымен 17,2 мың бірлікке дейін қысқартылды.