S&p: Мұнай экспорты әртараптанса, рейтинг көтеріледі

0
165

Әрине, S&P халықаралық рейтинг агенттігі дәл мұндай мәлімдеме жасаған жоқ. Бірақ Қазақстанға қатысты бағалау мәтінінің астарына үңілсек, осындай емеурінді аңғару қиын емес. Жақында ғана олар Қазақстанның дербес несие­ рейтингін «негативтен» «тұрақтыға» ауыстырды. Былтыр Каспий құбыр консорциумының (КҚК) жұмысындағы бірнеше рет қайталанған іркілістен кейін агенттік Қазақстан экономикасының өсімі баяулауы мүмкін деп қауіптеніп, рейтингті «негатив» деңгейіне төмендетіп тастаған еді. Агенттіктің хабарлауын­ша, ел экономикасының тұрақты фискалдық және сыртқы теңгерімдері – Қазақстанның рейтингін қолдайтын маңызды фактор. Бұл ретте өтімді сыртқы активтердің болуы Қазақстанның фискалдық тұрақтылығына оң әсерін тигізеді.

S&P өз есебінде елдің фис­калдық және сыртқы теңгерімдері тұрақты болып қала беретінін және Каспий құбыр консорциумы (КҚК) жұмысындағы уақытша іркілістерге байланысты мұнай экспортының төмендеуінен туын­дайтын ықтимал әсерді жеңіл­дету үшін жеткілікті болатынын атап көрсеткен. Сондай-ақ сарапшы­лар Қазақстан Үкі­меті жүргізіп жатқан тиімді макроэкономикалық сая­сатты атап өтті. Нақтылай айтқанда, Үкі­мет­­тің макроэкономикалық саясаты инвес­­ти­циялық бағ­дар­ламалар ар­қылы экономиканы әртараптандыруға, инвес­­тициялық ахуалды жақсартуға, мемлекеттің қатысуын қысқар­туға, бәсе­келестікті дамытуға, са­лық саясатын жетілдіруге, мем­­­лекеттік сатып алу саласын ре­фор­малауға, сондай-ақ бизнес үшін әкімшілік кедергілерді азай­туға бағытталған.

S&P Қазақстан экономи­касы­ның 2023 жылы 4,1% және 2023-2026 жылдары орта есеппен 4%-ға өсуін болжайды.

«Алтын-валюта қоры және Ұлт­тық қор қаражатының соңғы бір жарым жылда максимум деңгейге дейін өскенін айтқан болатынбыз. Тек алтын-валюта қорының өзі 2022 жылы 10,2 пайызға өсті. Ұлттық қор қаражаты 7 пайызға арт­ты. S&P сарапшыларының бол­жауын­ша, экономика өсімі алда­ғы 3 жыл көлемінде 4 пайызды құ­рауы мүмкін. Бұған қоса, агент­­тіктің фискалдық саясатты жақ­сар­ту арқылы елдің еге­мен­дік рейтингін жоғарылату мүм­кіндігін атап өткені көңіл қуан­тады», деп пікір білдіреді Tengenomika сарапшылары.

Сарапшы Айбар Олжайдың айтуынша, «тұрақтыдан» «позитивке» өтетін күн де алыс емес. Мемлекетіміздің эконо­микадағы үлесін тез арада қыс­қарта бас­тауы Standard&Poor’s сарапшыларына майдай жағып отыр.

«Агенттік біз мемкапитализ­мен алыс­тай бастасақ, толық­қанды нарық күшейіп, теңгерім тұрақты болады деп санайды. Жаңа Қазақстан олигополияны жеңе білді. Ол елде жаңа бизнестердің пайда болуына әкелуге тиіс. Сонымен бірге, елден заңсыз шығарылған капитал қайтып, әлеуметтік мақсатқа бағыттала (жаңа мектеп, емхана) бастағандықтан, бюджеттің шамадан тыс әлеуметтік жүкте­месін азайтуға мүмкіндік пайда болады. Жаңа Қазақстан эффектісін біз 2025 жылдан бас­тап сезінетін боламыз. Біздің макроэкономикалық парадокс – негізгі көрсеткіштер жақсарса да, қарапайым халыққа еш әсер етпейді. Дәл осы сұрақ қазір Үкімет үшін ең қиын мәселе болып тұр», дейді сарапшы.

Тәуелсіз қаржы сарапшысы Андрей Чеботаревтің пайымынша, ұзақ уақыт мерзімде Қазақстан мұнайының экспорты баяулап қалар болса, онда сыртқы экономикалық позиция әлсірейді, бюджет тапшылығы артады, сәйкесінше аналитиктер рейтингті қайтадан төмен­детуге мәжбүр болады.

«Егер КҚК ұзақ уақыт жұ­мыс істемей қалса, сондай жағдай болуы ықтимал. Қа­рыз алу шығындарының өсуі Үкіметтің қарызға қызмет көрсе­ту ауыртпалығын арттыруды жалғастыра берсе де, рей­тингті төмендетіп тастайды. Қарыздың жинақталу қарқынын төменде­тіп және қарызға қызмет көрсе­ту бойынша талаптарды азайта алсақ, онда ортамерзімді фис­калды траек­тория агенттік күткен­дегіден де жақса­рып, рейтингіміз жоғарылауы мүм­кін. Ал ақша-несие саясатының артуы – не­ғұр­лым қалыпты инфляция, сон­­дай-ақ валюта бағамының икем­ділі­гі­не деген тұрақты мін­дет­теме және аз долларланған экономиканың қалып­тасуына байланыс­ты», дейді сарапшы.

S&P рейтингі өте маңызды, себебі осындағы бағалауға ше­тел­дік инвесторлар ерекше мән береді. Қазақстан үшін инвестиция өте қажет.

КҚК қаупі қайталана ма де­генге әлі толыққанды жауап жоқ. Ең бастысы, Қазақстан өзі­нің экспорттық маршрутын әртараптандыруға шындап кіріс­ті. «ҚазТрансОйл» наурыздан бастап Ақтау порты арқылы Баку портына қарай Қашағаннан өндірілген 7 мың тонна мұнай жөнелтетіндерін хабарлады. Қа­шаған мұнайын тасымалдауды «INPEX North Caspian Sea, Ltd.» компаниясы өз міндетіне алмақ.

Бұған дейін Сыртқы істер минис­трінің орынбасары Роман Василенко мұнай экспорты бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылады деген еді.

«Оның ішіне Ресей арқылы өтетін бағыт та кіреді. Каспий құ­быр консорциу­мы, «Атырау – Са­мара» құбыр желісі, «Маха­­ч­кала – Ақтау» бағыты. Осы жылдан бастап Ақтау – Баку бағыты бойын­ша тасымал басталады. Яғ­ни мұнай Әзербайжан арқылы экс­­пор­тталады», деді министрлік өкілі.

Ол сондай-ақ қазақ мұнайы­ның тек қана Шығыс – Батыс бағыты бойынша емес, Солтүстік – Оңтүстік бағыты бойын­ша тасымалданатынын да атап өтті. Оңтүстік бағыт Түрікменстан мен Иран арқылы өтеді. Сонымен бірге мұнайды Түркия арқылы Иранға тасымалдау мәсе­лесі де қарастырылған.

«Сыртқы саяси зерттеулер инс­титуты» АҚ басқарма төраға­сының орынбасары Амангелді Тәженовтің айтуынша, Еуроодақ елдеріне энергия тасымалдаушысы болу тұрғысынан Қазақстанға қазір тамаша мүмкіндік ашылып тұр.

«Еуропа осыған дейін Ресей газы мен мұнайының басты тұтынушысы болып келді. РФ-ға қарсы салынған санкциялардан кейін жеткізілімдердің бәрі бұзылды. Энергия тасымалдауды жеткізу бойынша енді Қазақстанның рөлі күшейеді. Бұл ретте 2022 жылдың қараша­сында БҰҰ 27-ші конференциясы аясында Қазақстан мен ЕО арасындағы энергия және шикізат жеткізу сала­сындағы ынтымақтастықты кеңейту туралы екіжақты келісім негізінде бұл мәселені алға жылжытуға болады. Өз кезегінде ЕО-ның энергия өндіруші елдерге деген қызығушылығының артуы да еліміздің транзит-логистика саласы үшін жақсы мүмкіндік туғызады. Мұның ел экономикасына алдыңғы қатарлы еуропалық технологиялар мен инновацияларды тарту бойынша да пайдасы орасан», дейді Амангелді Тәженов.

Оның сөзінше, Қара теңіз арқы­лы Еуропаға мұнай тасымалдау мәселесін Баку – Тбили­си – Джейхан бағыты бойын­ша­ жеткі­зілімдерді ұлғайту, сондай-ақ Қазақстан – Каспий теңізі – Оңтүстік Кавказ буынын Қытай­дан Германияға жаңа жүк теміржол бағытын тарту арқылы шешуге болады.

Мұнай-газ саласының сарапшы­сы Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, қазақ мұнайын Каспий теңізі арқы­лы (Әзербайжанға дейін мұнай құбыр­ла­ры­мен, Иранмен своп-операциялар ар­қылы) сату үшін 10 мың тон­наға дейінгі дед­вейтке ие ауқым­ды танкер флоты керек.

«Транскаспий халықаралық транспорт маршруты арқылы жүк тасымалын дамыту үшін «Ақтау теңіз порты» арнайы эко­номикалық аймағында кон­тей­нерлік хаб құры­лады. Инвес­тор ретінде PSA Group, Maersk, MSC сияқты әлемдік ірі контейнер­лік операторлар тартылады. Сон­дай-ақ паром флоты да (10 бір­лік) салынады. Бұл шара әзербай­жандық тасымалдаушыға деген тәуелділікті азайтады. Бір паром­ның құны шамамен 37-40 млн дол­лар аралығында», дейді сарапшы.

Бұған дейін «Kusto Group» директорлар кеңесінің төрағасы, бизнесмен Еркін Тәтішев Транс­каспий дәлізінде шын мәнінде Қазақстанның меншігінде ештеңе жоқ деп сынаған еді.

«Біз үшін керемет саналатын Транс­каспий маршрутында, бізде Каспий теңізінде ештеңе де жоқ. Әзербайжанда 14 паром бар, тоғызы бізге жұмыс іс­тейді. Бірақ қазақтарда түк жоқ. Қа­зақ­стан суперлидер болуға тиіс, өйткені Транскаспий бізге керек. Қазақстан – транзит тұр­ғысынан да, жол қажеттілігі тұр­ғысынан да үлкен бенефициар», деген болатын ол CFO Summit-те.

Жақында Хьюстонда өткен CERAWeek конференциясына қатысқан Энер­­гетика министрі Болат Ақшолақов Қазақстан Кас­пий арқылы жаңа құбыр салуға ниетті деп, ол құрылыстың ша­ма­­мен 5 жылға созылуы мүм­кін екенін, ол үшін мұнай танкер­лерінің жаңа флоты қажет екенін атап өткен еді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ