Жалған жарнама үшін жауапкершілік күшейтіледі

0
15

Елімізде сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы жауапкершілік күшейтілді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне (ӘҚБтК) өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Президент қол қойған жаңартылған заң 2025 жылғы 10 қаңтарда жарияланып, 11 қаңтарда ресми жарық көрді. Заңда не өзгерді? Оның маңызы қандай? Астана қаласы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Ғалымжан Ілиясов Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте түсіндіріп берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Құжат ресми жарияланған күннен бастап 60 күн өткен соң, яғни 12 наурызда күшіне енеді.

«Соңғы жылдары елдегі бөлшек сауда нарығы қарқынды дамып, бәсекелестік күшейді. Бұл тұтынушылардың әділетсіз сауда тәжірибелеріне байланысты шағымдарының артуына себеп болды. Жаңа өзгерістер аясында жалған жарнама, тұтынушыларды алдау, сауда ережелерін бұзу және баға саясатына қатысты заңсыз әрекеттер үшін айыппұлдар айтарлықтай көбейтіледі.

Енді кәсіпкерлерге қойылатын талаптар күшейтілді. Жалған жарнама үшін жауапкершілік күшейтіледі. Жаңартылған заңға сәйкес, жалған жарнама үшін айыппұлдар айтарлықтай ұлғаяды: жеке тұлғаларға – 100 АЕК, шағын бизнеске – 350 АЕК, орта бизнеске – 500 АЕК, ірі кәсіпкерлерге – 1 000 АЕК. Мысалы, 2025 жылы 1 АЕК 3 692 теңгені құрайтынын ескерсек, ірі бизнеске салынатын айыппұл сомасы 3,69 млн теңгеге дейін жетуі мүмкін. Бұл өзгеріс тұтынушыларды алдауға жол бермеу мақсатында енгізілді. Жарнамалық контентке бақылаудың күшеюі бизнестің жауапкершілігін арттырады», – дейді Ғалымжан Ілиясов.

Ол өз сөзінде жасырын төлемдер мен баға айырмашылықтарына жол берілмейтінін қозғап өтті.

«Сауда орындары үшін бағаның көрсетілуіне қатысты талаптар да күшейтіледі. Енді кәсіпкерлер тауар бағасын міндетті түрде тек теңгемен көрсетуі тиіс және тауардың құнын кассада жасанды түрде өсірмеуі керек. Ережелерді бұзғаны үшін айыппұл мөлшері белгіленді: шағын бизнеске – 6 АЕК, орта бизнеске – 10 АЕК, ірі бизнеске – 30 АЕК. Егер бір жыл ішінде екінші рет дәл осындай құқық бұзушылық жасалса, айыппұл мөлшері күрт артады: шағын бизнеске – 65 АЕК, орта бизнеске – 120 АЕК, ірі бизнеске – 200 АЕК.
Сонымен қатар, тұтынушыны алдау, өлшемді дұрыс жүргізбеу, салмақты кемітіп сату немесе артық есептеу үшін де жаңа айыппұлдар енгізілді: жеке тұлғаларға – 10 АЕК, шағын бизнеске – 20 АЕК, орта бизнеске – 30 АЕК, ірі бизнеске – 50 АЕК (184 600 теңге). Бұл шаралар сауда саласындағы әділетсіз сауда әрекеттерінің алдын алуға және тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталға», – дейді спикер.

Ғалымжан Ильясовтың айтуынша, мұндай заң бұзушылықтар көбіне базарларда және шағын дүкендерде кездеседі. Жаңа айыппұлдар кәсіпкерлерді тәртіпке келтіруге және тұтынушылардың шағымдарын азайтуға көмектеседі.

«Қабылданған түзетулер ашық әрі әділ бизнес-ортаны қалыптастыруға бағытталған. Айыппұлдардың қатаңдатылуы – тұтынушыларды алдау жағдайларын азайтуға, бизнестің сенімділігін арттыруға және нарықтағы бәсекелестікті әділ жүргізуге мүмкіндік береді», – дейді Астана қаласы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ