Ақаңның дәрісі, Смағұлдың төрелігі, Міржақыптың дауысы

0
191

Ұлт тәуелсіздігі, намысы, мұраты жолында жан алысып, жан беріскен Алаш қайраткерлері Ахмет Байтұрсынұлының, Міржақып Дулатұлының, Смағұл Садуақасұлының тұлғалық болмысы, санаткерлік қызметі, ұстаздық, білімділік мәдениеті, шеберлігі, ойлау, сөйлеу, даналық деңгейі, ұшқырлық қабілеті елшілдіктің ерен үлгісі дер едік.

Алтын балық үйіріндей көсем­дердің телегей тәжірибесіне куә болғандар, көзін көргендер, ке­мең­герлік кеңес-ғибраттарын кө­кі­­регіне тоқығандар нақақтан ит­жеккенге айдалды, атылды, кел­местің кемесіне мініп кете барды. Аз-кем тірі қалғандардың естіп-көргендері іштерінде тұншықты… Десек те, аудармашы, журналист Хасен Уахитұлы Өзденбаевтың (29.09.1904 – 02.07.1992) «Өткен өмір белестері» дейтін мемуарлық шығармасы Президент архивінде (Ф.223 – ИЛ. Опись 1. За 1920-2006 гг., 57 д.) сақталған. Атал­мыш қолжазбада Ахмет Байтұр­сынұлы, Міржақып Дулатұлы, Смағұл Садуақасұлы, өзге де Алаш арыстары жайында мол дерек бар. Сонымен қатар Хасен Өзденбаевтың 1924 жылы Орын­борда ұлт көсемі Ахаңмен бірге түскен фотосы бар.

Хасен Өзденбаев 1911-1920 жылдарда Троицк татар медре­се­сінде, орысша, татарша гимназия­да, Орынбор мұғалімдер курсында, Мәскеудегі облыстық газет редакторларын даярлайтын курс­та (1934), Қостанай педагогтік институтында оқыған. 1920-1928 жылдары заң орындарында, 1929-1931 жылдары Қостанай округтік «Ауыл» газетінде фельетон, очерктері жарияланған. 1931 жылдың тамыз айынан бастап «Еңбекші қазақ» газетінің редакциясына ауысып, 1929-1973 жылдары газет қызметінде бол­ған. М.Шолоховтың «Тынық Дон» эпопеясы мен «Көтерілген тың» романын, О.Бальзактың «Шегірен былғары», И.Гон­ча­ровтың «Обломов» романдарын тәржімелеген.

Қазақстанның астанасы ­Орын­­борда Қазақтың үлгі-тәжі­рибе мектебінде (Неплюевская көшесі 34, бұрынғы Неплюев кадет корпусы) мұғалімдер кур­сы ұйымдастырылған-ды. Мұнда курс тыңдаушыларына Қазақстан Орталық атқару ко­ми­тетінің төрағасы Сейітқали Меңдешев, ұлт ұстазы Ахмет Бай­тұрсынұлы, Халық ағарту комиссары Нұғман Залиев, жан-жануарлардың білгірі, профес­сор Саковский, Аспандияр Кен­жин, Есенғали Қасаболатов, Лош­карев, Лозовой секілді май­талмандар лекция оқыған. Олар жас­өспірімдерге барынша дүние құбылыстарын ұқтыруға, ор­нық­тыруға, түсіндіруге ұмтылады. Тұжырымдары келісті, ойлары өрісті, «сөйлеп тұрып, көздерін айнала жүгіртіп, аудиторияны уысында ұстайды».

Хасен Өзденбаев Құдай жа­рылқап, күндей жарқырап ұлт мақ­танышы, ілім-білімнің қазы­насы Ахмет Байтұрсынұлы ортамызда деп былайша жазады:

«Аққұбаның зоры, дәу дене­лі, жалпақ жауырынды, шашы қара, бір қырын бөлініп, екіге жара, маңдай тұсындағысы тік қайырылған, бірақ ақ қылау ара­лас­қан әсем, қою мұрты мен шоқ­ша сақалы сарғыш екеніне таңыр­қадым. «Ер мұрынды келер, ат ерін­ді келер» дегендей, етжең­ді, қыр мұр­нының кеңсірігіне до­ғаша­лы көз әйнек қыстырылған, оң жа­ғындағысының шеткі бір мүйі­сінен әдемілеп өрілген жі­ңіш­ке қара бауы салбырап, бір ұшы сағат қалтасына бекітілген. Қос қара көзі жалтылдап та, жар­­­қылдап та тұрған жоқ, байсал­ды, тіпті мұңды дерлік, тұң­ғиық, терең. Әйтеуір, әйнек ас­ты­нан маған осындай сияқты түй­сінілді. Сөзі де баяу, байсалды. Шаң­қылдақ та, шіңкілдек те емес, бар­қыл­дақ та, гүрілдек те емес, май­да қоңыр дауысы жұп-жұмсақ есті­леді. Сөзді «Ий-я!», деп бастайды екен де, сөз арасында шегініс ретінде сөйлемді үзіп, қайтадан: «ий-я!», деп жалғайды екен.

– Ий-я, жолдастар! – деп сөз бастады Ақаң. – Мұғалім атау­лының дағдысы бойынша, балалар, – деп үн қатуға араларыңда өзім қатарлылар да, сақа жігіттер де, тіпті тым жап-жастарың да бар көрінеді. Алдымен білісіп ала­йық. Мен қатарлыларың ерте­ден келе жатқан, орыс тіліндегі мек­тептерде сабақ беретін мұға­лімдер болсаңдар керек. Орта жас­тағыларың медресе бітіріп, ел­де мұғалім болған шығарсыңдар. Жастар жағың кейінгі кезде ашыл­ған мектептерде оқытып жүр­ген шығарсыңдар. Бұл жағы түсінікті. Ал оқу-құралдарыңның жайы қандай? Орысша кітаптар жеткілікті ғой. Қазақ мектептеріне арнап шығарылған оқулықтар ауыл мектептеріне барып жете алды ма екен? Мектеп үйлерінің жайы қандай? Ел халқының оқу-ағарту істеріне ынтасы, жергілікті өкімет орындарының көмегі, қолғабысы қандай деген сияқты сұрақтар қойып, әбден танысып алды. Біздер қалай оқытып жүргенімізді, кітаптардан оқу құралы мен тіл құралы ғана, есеп кітабы, орысша «Букварь» ғана бар екенін айттық. «Тіл құралынан» оқытқандарың есте­ріңде ме? – деп біразымызды ептеп тексеріп те қалды.

– Ән сабағы өте ме сендерде, ән айта білесіңдер ме? Домбыра шерте, күй тарта білесіңдер ме? – деп сұрағанында сәл жымиып та қойды.

– Араларыңда сүгірет салуды үйрететін мұғалімдер бар ма? Ий-я, бізде бұл өнерге әуес болған, жетілген шебер сүгіретші жоқтың қасы ғой. Әне, анау қабырғада ілулі сүгірет Алексей Васильевич Кольцовтың сүгіреті. Бұл – фото емес. Мұны қолмен салған сүгіретші Торғай елінің қазағы Омар Алмасов. Сүгірет­тің аяқ жағында О.Алмасовтың қолтаңбасы да тұр. Осындай сүгіретші мұғалімдер де бізде көп болуға тиіс.

Мен қол көтердім.

– Троицкі гимназиясында оқып жүрген кезінде сүгірет салу­ға әуестеніп, жақсы сүгіретші болып шыққан Ахметқазы Чутаев Қостанай уезіндегі Меңдіқара болысындағы мектепте мұғалім. Шәкірттеріне ол сүгірет салуды да үйретіп жүрген көрінеді, – дедім тыныш отырмай.

Ақаң содан кейін дәріске кірісті. Әуелі қазақ тілі граммати­касына жақында ғана өзгерістер енгізгенін айта келіп, олар қандай өзгерістер екенін, Ақаңның өз сөзімен айтқанда, байна-байна түсіндіріп берді. Қара тақтаға жазып көрсетті. Дәптерлерге жазып алуымызды өтінді. «Тіл құралы» 1924 жылы дереу бас­тырылып, алдағы оқу жылына жеткізіп беріледі, – деді».

Теңдесі жоқ тұлғаның «ғажа­йып терең лекцияларының» мән-мағынасы өлшеусіз. Мәселенің төркінінен бастайды, тереңнен толғайды. «Жақсының сөзінен – тас балқиды» деген сөз ақиқат екен ғой…

Педагогикалық шеберлік пен шешендіктің қыр-сырын мінсіз меңгерген Ахмет Байтұрсынұлы өзінің 1924 жылдың шілдесінде толтырған жеке анкетасында «халық мұғалімімін», «ғылыми әдістемешімін» деп көрсетіпті.

Хасен Өзденбаев 1921 жылы жат қолында кеткен ата дәулетін даулап, Қазақстан Орталық Ат­қару комитеті мен Халық Комис­сарлары кеңесінің Қостанай губер­ниясындағы төтенше өкілі Сма­ғұл Садуақасұлының қабылдауын­да болыпты. Смағұлдың түр-тұлғасын ол былайша баяндайды: «Мен өзім кішкентай адам болғанға ма, Смағұлдың бойы столдан едәуір асып, маған өте ұзын адам сияқты көрінді. Басы дәу, қара шашы қалың, кейін қайырылған. Өңі қоңырқай, әлде қара сұр, қара қасы қою, қаба­ғы томпақтау, екі көзі де үлкен (қысық көз маған солай көрінуі де мүмкін), мұрны қоңқақтау, танауы делдиіңкіреулі тәрізді. Жоғарғы ерні қалыңдау».

Қайраткер шаруамның мән-жайына қаныққан соң, арызым­ды алды да: «Начальнику Федо­ров­­ской уездной милиции. Калым, уплоченный до издания Каз­ЦИКа, возврату не подлежит. Вер­нуть немедленно и беспрекослов­но. Чрезвычайный уполномочен­ный ЦИК и Совнаркома Казахской АССР С.Садвакасов» деп, ары­зым­ның бір шекесіне қия жазды.

– Малыңды қайтып аласың, – дегеннен басқа ештеңе айтқан жоқ. Әдемі қоңыр дауысы жұп-жұмсақ естілді».

Хасен Өзденбаев Смағұл Садуақасұлының білгірлігіне (мемлекеттер тарихынан мол біліміне), шешендігіне мынадай сипаттама береді: «Смағұлдың ұзақ, аса шешен тілмен, халықты ұйыта, аузына қаратқан баяндамасынан осындай өзіме таныс жайларды ұғып қала алдым, басқа сөздері оң құлағымнан кіріп, сол құлағымнан шығып кетіп жатты. Әйтеуір, байқағаным: әуелі жайлап, қоңыр дауыспен бастап, қыза келе көмейі бүлкілдеп, дауысы саңқылдай шығып, желдей есіп кетсе, одан әрі алқымы ісініп, ағыны қатты судай арындап кетеді екен. Япыр-ай, орысша осынша шебер, әсем етіп, мүдірмей сөй­лейтін қазақты өмірімде тұңғыш көріп отырғаным! Губерниялық атқару комитетінің төрағасы ше­шен де шақар неме екен. Қыза­рақтап, дызалақтап, дауысын көтеріңкірей, айтысқа басты. Дә­лелдер келтіріп, губерниялық мекемедегілердің, өзінің істеген істерін ақтап, тойтарыс бергенсіп жатты ғой деймін. «Сіз жеке өз бетіңізбен билеп-төстеп, ешкімге ырық бермей қойдыңыз ғой» деп, Смағұлға тап бере, соқтыға сөйледі».

Ой-парасаты, ақыл қуаты артықша жаратылған тұйғындай түлеген Смағұл Садуақасов тө­тенше тапқырлық танытып, айбарланып:

– Тыңда, Ряхов! Мен талай бұқаның мүйізін сындырғанмын, ал сен олармен салыстырғанда бұзаудай ғанасың деді.

Мағжанша айтқанда, «Бай­тақ елдің асқар таудай панасы, ағасы» сайып қыран Смағұл Садуақасұлының түр-тұлғасы, өң-әлпеті, мағыналы ой-толғауы, ой мазмұнына сөз кестесінің орайлас туындауы, дауысы, тапқырлығы барынша кемел, толық айтылған деуге болады.

Хасен Өзденбаев Орынборда 1924 жылдың 12-17 маусымында ұйымдастырылған Білімпаз­дар съезіне қатысқан Әлихан Бөкейхан, Халел Досмұхамед­ұлы, Әбілқайыр Досов, Смағұл Садуақасұлы, Нәзір Төреқұлов, Молдағали Жолдыбаев, Сәкен Сейфуллин, Ерғали Алдоңғаров, Рахым Сүгіров сынды ұлт зиялыларын көргенін келтіріп, Мір­жақып Дулатұлына тоқталады: «1920 жылдың көктемінде Троицкі қаласындағы татар кітапха­насынан Міржақып Дула­тов­тың «Оян, қазақ!» өлең кіта­бының ішкі мұқабасындағы сүгі­ретін көріп, басындағы татар та­қиясын, қара шаш, ақ жаға, көбелек галстугін, қара костюмін сүйсіне, қызыға қараған болсам, енді тірі өзін, жанды адамды кө­ріп сұқтандым. Орта бойлы, иықты, шымыр денелі, қоңырқай жүзді, жалаңбас, қара шашын шекесіне таман екі айырып, маңдай тұсындағысына қарсы қайырған. Тіп-тік мұрнының қос танауы сәл делеңдеу, қап-қара екі көзі өткір, жайнап тұр, мұрт жоқ. Үстінде қара костюм (тройка). Сөзі жұмсақ, қоңыр дауысы ақырын естіледі».

Пай-пай, сабаздар-ай! Ар­тына Алатаудай ардақты көркем іс, алтын із, асыл сөз, даналық пен ғибрат қалдырған Ахмет Бай­тұрсынұлының, Міржақып Дулат­ұлының, Смағұл Садуақасұлы­ның жарқын жайсаң тұлғасы, қайраткерлік, қаһармандық болмысы, қимыл-әрекеті, сөйлеу мәдениеті, күмбір қаққан дауысы, рухани болмысы тірілгендей әсерге бөленесіз.

 

Серік НЕГИМОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор

ПІКІР ҚАЛДЫРУ