Ақмола облысына қалмақ тұқымды 4 300 бас ірі қара әкелінді

0
17

Ерейментау ауданының Торғай ауылында ет кластері инвестициялық жобасын іске асыру үшін «Торғай» ЖШС, «Соколинки и К» және «Агрофирма НОМАД» компанияларынан құралған консорциум құрылды. Бүгінгі таңда жоғары өнімділігімен және климаттық жағдайларға төзімділігімен ерекшеленетін, ет бағытындағы қалмақ тұқымды 4 300 бас асыл тұқымды аналық ірі қара әкелінді. Барлық мал ветеринариялық есепке қойылды.

«Тағы 5 мың бас асыл тұқымды аналық мал әкелу жоспарланып отыр. 2031 жылға дейін асыл тұқымды репродукторлардағы ірі қара мал санын 22,5 мың басқа дейін жеткізу және бордақылау кешенінің қуаттылығын 30 мың басқа дейін арттыру көзделген. Ет кластерін құру жоғары сапалы сиыр еті нарығындағы позицияларды нығайтуға, экспорттық әлеуетті арттыруға және өңір тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Ақмола облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадыраков.

Айта кетейік, Ерейментау ауданында жайылымдық жерлердің ең үлкен алқаптары шоғырланған, бұл ауыл шаруашылығын дамыту үшін зор әлеует қалыптастырады. Қазіргі таңда ауданда «Жана Береке репродуктор» және «Ерейментау – Астық 2014» ірі бордақылау алаңдары жұмыс істейді, сондай-ақ 100-ден 550 басқа дейінгі орта және ірі ет бағытындағы бірқатар шаруашылықтар бар.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ