АҚШ президентінің ұлы заңсыз қару сақтағаны үшін кінәлі деп танылды

0
360
Фото: edition.cnn.com

 – АҚШ президентінің ұлы Хантер Байден қаруды сақтау ережелерін бұзғаны үшін кінәлі деп танылды. Ол 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Қазылар алқасы АҚШ президентінің ұлы Хантер Байденді қаруды сақтау ережесін бұзды деп тапты, деп хабарлайды CNN.

Америка тарихында алғаш рет ел басқарып тұрған президенттің баласына ауыр қылмыс жасады деген айып тағылып отыр.

Прокурорлардың айтуынша, 54 жастағы Хантер Байден 2018 жылы тапанша сатып алған кезде тізілімге жалған ақпарат көрсеткен. Атап айтқанда, ол өтініш бланкілеріне өзінің нашақорлыққа тәуелдігі туралы жалған ақпарат берген.

Кейінірек Хантер қарудан құтылу үшін оны тастай салған. Қару Делавэр штатының Гринвилл қаласындағы азық-түлік дүкенінен табылған. Осылайша тергеу басталды. Ақырында тергеушілер президенттің баласы сатып алу кезінде толтырған құжатқа тоқталды.

Хантер 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы және 750 000 долларға дейін айыппұл төлеуі мүмкін, бірақ CNN ең жоғары жазаны екіталай деп атайды, өйткені бұл — оның бірінші ауыр қылмыс үшін сотталуы.

Сот үкімі әлі белгіленген жоқ, бірақ ол әдетте 120 күн ішінде, яғни қазан айының ортасында жарияланады.

Джо Байден сот үкіміне реакция білдіріп, нашақорлыққа тәуелділігін жеңген ұлын қолдады.

– Мен президентпін, бірақ, сонымен қатар әкемін. Джил екеуміз ұлымызды жақсы көреміз және бүгін оны мақтан тұтамыз… Мен бұл істің нәтижесін қабылдаймын және Хантердің апелляциялық шағымын қарастырған сәтте сот процесін құрметтеймін, – деді ол.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ