Ақтоты Райымқұлова жаңа қызметке тағайындалды

0
91
Фото: qazaqconcert.kz

Ол мемлекет басшылары қабылдаған шешімге сәйкес, Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының басшысы болды

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану ғылымдарының докторы, DBA, профессор, композитор Ақтоты Райымқұлова Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммиті отырысында Түркі мемлекеттері елдерінің мемлекет басшылары қабылдаған шешімге сәйкес, Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті қызметіне тағайындалды.

«Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының хабарлауынша, Ақтоты Рахметоллақызы 2022 жылдың сәуір айынан бастап мекеменің тізгінін ұстап, мәдениет саласындағы ұзақ жылғы тәжірибесі мен біліктілігін 60 жылдан астам тарихы бар қазақ музыка өнерінің қара шаңырағына айналған «Қазақконцерт» ұйымының абырой-беделін асқақтатуға арнады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамаларын іске асыру үшін еліміздің түкпір-түкпіріне мәдени құндылықтардың қолжетімділігін қамтамасыз ету жолында «Ел бірлігі – жаңа Қазақстан» гастрольдік жобасы, әлем елдері мәдениетін, шығармашылық ынтымақтастығын бір сахнада біріктірген ALEM SAZ музыка фестивалі, бабаларымыздан бастау алатын халық өнері мен мәдениетін барынша насихаттау жолында «Ұлыларға тағзым» жобасы, жас көрерменге арналған «Балалар филармониясы» сынды жобаларға мұрындық болып, ұйымның абыройын халықаралық ареналарда асқақтатып, ұлттық өнерімізді әлемге танытуға сүбелі үлес қосты. «Қазақконцерт» қабырғасында жасаған ұлт руханиятын ұлықтаған әр жобасы көрермен тарапынан оң бағаланды. Қазақ эстрадасының күллі маңдайалды дарындарына жолдама берген «Гүлдер» ансамблін жаңғырту жобасының басы-қасында болып, сәтті іске асырып, қазақ би өнерінің брендіне айналған ансамбльді халықпен қайта қауыштырды.

«Қазақконцерт» ұжымы Ақтоты Рахметоллақызын ақылман басшы, іскер ұйымдастырушы, жарқын бастамалардың қолдаушысы ретінде ерекше бағалап, құрмет тұтады, – делінген хабарламада.

Жалпы, Ақтоты Рахметоллақызының басшылығымен 62-концерттік маусымдағы 10 ай ішінде «Қазақконцерттің» шығармашылық ұжымдары мен әртістері, әкімшілік қызметкерлерінің бір арнаға жұмылып, ауызбіршілікпен жемісті қызмет етіп, ел аумағында және халықаралық деңгейде концерттер, фестивальдер, кинокөрсетілімдер, шеберлік сабақтары, дәріс-концерттер, көрмелер және тағы басқа түрлі деңгейдегі 379 іс-шара өткізілген.

Дастан Жұмабекұлы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз