Абай елі, Семей өңірі – көптеген спорт түрлерінің Отаны

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Шри-Ланкада өткен бокстан жастар арасындағы Азия чемпионатының жеңімпаздары мен олардың бапкерлерін қабылдап, халықаралық аренадағы жоғары жетістіктерімен құттықтады. Кездесуге Абай облысы бойынша әуесқой бокс федерациясы қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Жақсылық Ильясов пен аталған ұйымның басшылары қатысты.
Жанель Имантаева 54 келі салмақ дәрежесінде Азия чемпионы болып, Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер атанды. Ол 2024 жылы Ресейдің Якутск қаласында өткен Азия балалары спорттық ойындарының қола жүлдегері, 2023 жылы Астанада өткен жастар арасындағы Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері.
Ақнұр Тұрсынғали 57 келі салмақта өнер көрсетіп, Азия чемпионатында алтын медаль иеленді. 2024 жылғы Қазақстан чемпионатында күміс, 2023 жылы өткен ел чемпионатында қола жүлде жеңіп алған.
Аймақ басшысы кездесу барысында боксшыларға және олардың бапкерлеріне Алғыс хат пен ақшалай сертификат табыс етті.
Облыс әкімі құттықтау сөзінде өңірде бокс жоғары деңгейде дамып келе жатқанын атап өтті.
«Абай елі, Семей өңірі – көптеген спорт түрлерінің Отаны. Аймақта футбол, күрес, бокс жақсы дамып келеді.Міне, өздеріңіз облысымызға Азия чемпионы атағын әкеліп отырсыздар. Бұл – өңіріміз үшін мерей, облысымыз үшін мақтаныш. Жоғары жетістіктеріңізбен облыс атынан құттықтаймыз. Жаттықтырушылар Асан Сексенбаев пен Ғайса Ернарға рахмет айтамын. Болашақта Жанель мен Ақнұр бұдан да биік жетістіктерге жетіп, олимп шыңын бағындырады деп сенеміз. Спортшылардың жаттығулары мен жарыстарға баруына қолдау көрсетіп, демеушілік жасап жүрген кәсіпкер, меценат Махат Төрәліге ерекше алғыс айтамын. Өзіңіз облыстың бокс федерациясының тізгінін ұстағалы осындай ақжолтай жаңалықтар жиі болып жатыр. Алдағы уақытта сәттілік тілеймін. Өңірде спорттық инфрақұрылымды дамытуға жіті көңіл бөліп, көптеген ауқымды шаралар атқарып жатырмыз. Биыл облысымыздың қала-аудандарында жүзу бассейні, спорттық модульдер, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынады. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастырамыз» деді аймақ басшысы.
Өңірде соңғы жылдары бокс қарқынды дамып келеді. Күні кеше облысымыздың тумасы Ерасыл Жақпеков Нидерландта өткен «Eindhoven Box Cup» халықаралық турнирінде алтыннан алқа тағынды. Ол былтыр Тайландтағы бокстан Азия чемпионатында қола, биыл 21 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатында алтын медаль иеленген болатын. Осы жарыста жерлестеріміз Ернар Карап пен Руслан Күзеубаев күміс медаль алды.
Айта кетейік, бүгінде Абай облысынан 424 спортшы Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасына енген. 2024 жылы облыс спортшылары түрлі халықаралық жарыстарда 114 алтын, 155 күміс, 211 қола жүлде иеленді.