Абай облысының Білім-инновация лицейінің оқушылары жүлделі ІІ орын иеленді

Алматы қаласында өткен халықаралық FAIO 2025 (Fizmat AI Olympiad) жасанды интеллект олимпиадасында Абай облысының Білім-инновация лицейінің оқушылары жүлделі ІІ орын иеленді.
Команда құрамында 10-сынып оқушылары Темірлан Жүнүсов, Асанәлі Микебаев, 11-сынып оқушысы Әлем Аменов бақ сынады. Финалдық кезең жеңімпаздары 31 қазанда Алматы қаласында салтанатты түрде марапатталды.
FAIO – жасанды интеллект саласындағы оқушыларға арналған ең ауқымды халықаралық командалық олимпиадалардың бірі. Биылғы додаға Қазақстан, Ресей, Болгария, Грузия, Қырғызстан, Өзбекстан, Армения, Тәжікстан және Кипр елдерінен 400-ден астам команда (1200-ге жуық қатысушы) қатысты.
Олимпиада тапсырмалары бағдарламалау, алгоритм құрастыру және машиналық оқыту элементтерін қамтыды. Бұл оқушылардың логикалық және сыни ойлау қабілетін, сондай-ақ командалық жұмыс дағдыларын дамытуға бағытталды.
Абай облысы командасының бұл жетістігі – өңірдегі білім беру жүйесінде IT және цифрлық технологиялар бағытына ерекше назар аударылып отырғанының айқын дәлелі.
                			
                                        			








