Zamandas.kz ақпараттық агенттігі
ЖаңалықтарРуханият

«Абай жолымен»: лицей әкелері мен ұстаздары үш күнде 180 шақырымды атпен жүріп өтті

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Абай облысы мен Есік қаласындағы «Білім-Инновация» лицейлерінің Әкелер кеңесі мен ұстаздары тарихи-танымдық сапарға шықты. Жалпы ұзындығы шамамен 180 шақырым болатын Семей – Бөрілі – Ақшоқы – Жидебай бағытын үш күн жүріп өтті. Бұл сапар Абай әлеміне тағзым ретінде ұйымдастырылды.

Сапар Бөрілідегі Мұхтар Әуезовтің музей-үйінен басталды. Қатысушылар киіз үй тігіп, ұлттық тағам әзірлеп, дастархан жайды. Семейлік әкелер есіктік сапарластарына шапан жауып, ілтипат көрсетсе, Қоңыр әулие басында есіктік әкелер де құрмет білдірді.

Бөрілі мен Ақшоқы арасындағы 36 шақырым жолды атпен жүріп өткен топ Ақшоқыда қонып, келесі күні Құнанбай қажы зиратына барып, Құран бағыштады. Күшікбай батыр бұлағы, Құнанбай Өскенбайұлы мұражайы, Әйгерім бұлағы, Қоңыр әулие үңгірі, Абайдың мұражай-үйі, Жидебай қорымы және Кеңгірбай би кесенесі сынды киелі мекендерде болып, тағзым етті.

Тарихи сапарды Әкелер кеңесі ұйымдастырды. Мақсаты – Абай мұрасына құрмет көрсету арқылы ұлттық рухты дәріптеу, тарихи танымды тереңдету және ата-аналар мен педагогтер арасындағы рухани байланыс пен ынтымақтастықты нығайту.

Сәйкес жаңалықтар

2024 жылдың басынан бері 10,1 мыңнан аса этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

Мемлекет басшысы Вашингтонда отандастарымызбен кездесті

2023 жылы демалуға арналған үздік елдер тізімі жарияланды