«Адасқанның айыбы жоқ…»

0
128

Атырауға нәпақа табу үшін өзге елден келетіндер көп. Солардың қатарындағы Қырғызстан мен Өзбекстанның азаматтары жетерлік. Алайда шекарадан өткен соң із-түзсіз жоғалып кететіндер де бар. Сондай жандарды түн ұйқысын төрт бөліп, кіндік қаны тамған туған жеріне жеткізер жолына сарғая қараған ата-анасының, бір туған бауырының алаңдауы ойлантпайтын секілді.

Мәселен, қырғыз қызы әпкесімен бірге 2011 жылдан бері мұнайлы шаһардағы базарда түрлі киім-кешек сатып жүрген. Бастапқыда туыстарымен телефон арқылы байланысып, әпкесі екеуінің амандығын білдіріп тұрған. Бірақ әпкесі еліне оралуға жиналғанда, сіңлісі Атырауда қалуға шешім қабылдапты. Қырғызстанға аман жеткен әпкесімен 2013 жылы айшылық алыстан хабар алғызатын телефон арқылы сөйлескен екен. Алайда сол сәтте әпкелі-сіңлілі екеуі бір-бірімен ұзаққа ажырайтынын білмеген шығар. Неге екені белгісіз, Атырауда қалған қыз 2013 жылдан кейін не әпкесімен, не өзге туыстарымен байланысқа шықпай қойыпты. Туыстары оны сонау Қырғызстаннан әлденеше рет іздеп келіп, таба алмай кеткен. Өздері таныстары арқылы іздеп көргенімен, таба алмаған. Амалы таусылған әпкесі жергілікті полицияға жүгіну­ді жөн көріпті. Облыстық полиция департаменті бастығының бұйрығымен шетелдіктің шағы­мына орай жедел іздестіру тобы құрылды. Кейін криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері қырғыз қызының туыстарымен ренжіскенін анықтады. Бір ауыз сөзден көңілі қалған болуы керек, қырғыз қызы он жылдан бері туыс­тарымен «жасырынбақ» ойнауға бекініпті.

«Бір-бірімізді 11 жыл бойы көрмеген едік. Күні-түні сіңлім аман-есен табылса екен деп тіледім. Өйткені оны қатты сағындым. Енді міне, қуанышымда шек жоқ», деп көзіне жас алды сіңлісін құшағынан ажыртпаған әпкесі.

Атырауда тұратын әпкесімен 40 жылдан кейін кездескен ресей­лік әйелдің оқиғасы да осыған ұқ­сас. Биыл ақпанда Ресей Феде­ра­ция­­сындағы Санкт-Петер­бург қаласының 1947 жылғы тұрғы­ны Атырауға келді. Мақсаты – әпкесі­мен кездесу. Ал­­дын ала әпкесінің тұрақты мекенжайын анықтамапты. Бәлкім, әпке­сіне тосын сый жасап, қуанту­ды көздеген шығар. Бірақ бұл ойы іске асқан жоқ. Өйткені мұнайлы шаһардан апайын таба алмай, ошарылып қалған. Содан кейін полиция қызметкерлерінен көмек сұраудан басқа амалы қал­­мапты. Көрші елден келген қо­нақтың өтінішімен Атырау қала­лық полиция басқармасының учас­­келік полиция инспекторлары, полиция майоры Самалбек Бега­лиев пен полиция капитаны Арон Кенжебекұлы жан-жақты тексеру, іздестіру жұмысын жүргізді. Қи­налған жанға қол ұшын созған полицейлер ресейлік әйелдің туыс­тарын тауып берді.

«Туған апайым осы қалада тұратын еді. Бір-бірімізді 40 жыл бойы көрген жоқпыз. Бауырға де­ген сағыныштың жөні бөлек. Сағы­нышты бетпе-бет кездеспей, басу мүмкін емес. Сол себептен апайым­ды іздеп келгенде, оның тұратын мекенжайын білмей, әбден дағ­дардым. Амалым қалмаған соң полиция қызметкерлерінен көмек сұрадым. Жедел әрекет еткен полиция қызметкерлері туыстарымның мекенжайын тауып, олармен кез­дес­­тірді. Шетел азаматы болсам да, олар менің өтінішіме атүсті қара­ған жоқ. Өздерінің кәсіби мін­де­тін адал атқаратынына куә болдым. Шара­сыз жанға көмектескен поли­ция қызметкерлерінің жұмы­сына ри­зашылығымды білдіремін» деп алғысын айтты туыстарымен қауыш­қан ресейлік әйел.

Ал Өзбекстан Республикасының 48 жастағы тұрғыны 2017 жылдан бері Атырауда тұратыны «Миг­рант» іс-шарасы кезінде анық­талған. Ел шекарасынан бері қадам басқанына екі жыл өткен соң туыс­тарынан байланысын үзген. Алыста жүргенін желеу етті ме, әлде басқа себебін бар ма, оны түсіндіре алмайды.

«Мұндай іс-шараны өткізудің бірнеше мақсаты бар. Біріншіден, көші-қон зандылығын бұзған шетел азаматтары анықталады. Екіншіден, өзге ел азаматтарының ел аумағын­да заңсыз жүруін болдырмау, үшін­шіден, Қазақстаннан өз еркімен шығу туралы сот қаулысын орында­маған шетелдіктерді анықтау көзделген», деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Тәртіп сақшыларын тек шетел­діктер емес, атыраулық балалардың да жиі жоғалатыны алаңдатып отыр. Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Абзал Әліпқалиевтің дерегіне сүйенсек, жыл басынан бері кәмелетке толмаған 89 бала жоғалған.

– Атырау облысында балалар­дың жоғалу дерегі көбейіп барады. Бұл – алаңдатарлық жайт. Полиция қызметкерлеріне балалары үйіне оралмағаннан кейін 73 ата-ананың шағымы тіркелді. Мектеп қызметкерлерінен 6 хабар түсті. Тұрғылықты мекен-жайын таба алмай адасқан балалар туралы 9 адам хабар берді, – дейді Абзал Әліпқалиев.

Оның айтуынша, ата-аналар кәмелетке толмаған жасөспірімдер үйге келмеген кезде өздері іздегенді құп көреді. Тек өздері таба алмай, үміті үзілуге айналғанда ғана по­лицияға хабар береді. Тегінде баланың жоғалғанын білген сәтте полицияға хабарлаған жөн. Бұл жоғалған балаларды іздестіру жұмысының сәтті аяқталуына сеп­тігін тигізеді. Көп жағдайда ата-аналар балаларының үйге келуін күтіп, оқиғаны жасыруға тырысады. Де­генмен полиция қызметкерлері жоғалған 89 баланың бәрін тауып, ата-анасына тапсырған.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ