Ахмед Яссауи негізін қалаған ясауизм дала халқының рухани өмірінде маңызды рөл атқарды

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп «Қазақ даласындағы дәстүрлі ислам құндылықтары» VІ республикалық форумға қатысты.
Сенатор өз сөзінде қазақ халқының рухани және мәдени өміріндегі ислам рөлінің маңызы туралы айтты. Ол X–XII ғасырларда түркі тайпалары исламды қабылдағаннан бері мұсылман діні дала халықтарының өмір салтына кіріге түсіп, ислам қағидалары мен түркі дәстүрлері үйлесім тапқан ерекше сипатқа ие болғанын атап өтті.
«Түркі тайпалары арасында мұсылман діні миссионерлер мен саудагерлер және сопылар арқылы кеңінен таралды. Сопылық тарикаттар, атап айтқанда Ахмед Яссауи негізін қалаған ясауизм дала халқының рухани өмірінде маңызды рөл атқарды. Оның ілімі исламды көшпелі мәдениет жағдайына бейімдеп, рухани тазару, ізгілік пен қоғамға қызмет ету құндылықтарын паш етті», – деді Нұртөре Жүсіп.
Нұртөре Жүсіп ақсақалдарды құрметтеу, қонақжайлық пен ұжымшылдық, әділдік пен мейірімділікке ұмтылу сияқты исламдық және дәстүрлі қазақ құндылықтарының үйлесім тапқанына ерекше мән берді. Сенатор сонымен қатар қыркүйек айында Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алдағы VIII съезінің маңызына тоқталды.
«Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі халықаралық дипломатия мен қазіргі әлемнің рухани өміріндегі маңызды оқиға болды. Жаһандық қақтығыстар мен тұрақсыздық жағдайында бұл съезд әртүрлі дін өкілдеріне адамзаттың өзекті мәселелерін ашық және өзгені құрметтей отырып талқылауға мүмкіндік берудің жарқын мысалы болып табылады. Ол жай конференция ғана емес – халықтар арасындағы бейбіт қатар өмір сүру және өзара түсіністікке ұмтылудың символы. Ол рухани көшбасшылардың жаһандық мәселелерді шешуге үлес қосуы тиіс екенін және оған қабілеті бар екенін айқын көрсетеді. Бұра тарту мен шиеленіс қатты сезілетін әлемде мұндай алаңдар үйлесімділік пен орнықты бейбітшілік жолындағы басты бағдарға айналады», – деп атап өтті депутат.