«Айка тізімі». Жеңгетайлықпен айналысқандарға сот үкімі шықты

0
51
Фото: видеодан скриншот

Алматы қаласының Әуезов аудандық сотында қалталы ер адамдарға интимдік және «эскорт-сүйемелдеу» қызметтерін көрсететін модельдік келбеті бар қыздарға жеңгетай болған блогерге қатысты сот үкімі шықты. Сот отырысы жабық режимде өтті,

Іс материалдары бойынша, тергеу органы М.-ны аса ірі мөлшерде психотроптық затты заңсыз иемденді, сақтады және тасымалдады, сондай-ақ 52 эпизод бойынша бір топ адамдармен жеңгетайлық жасады деп (ҚК-нің 296-бабының 4-бөлігі, 309-бабының 2-бөлігі, 1-тармағы), ал оның сыбайласы Т. -ны бір топ адамдармен 12 эпизод бойынша жеңгетайлыққа көмектесті деп айыптады (ҚК-нің 28-бабының 5-бөлігі, 309-баптың 2-бөлігі, 1-т.).

Сотта анықталғандай, 2023 жылдың мамырында М., аса ірі мөлшерде мефедронды жеке пайдалануға сатып алып, өзімен бірге заңсыз тасымалдаған. Ұстау кезінде полиция қызметкерлері сотталушының сөмкесінен психотроптық зат тәркілеген. Сондай-ақ ол 2020-2023 жылдары ақшаға қызмет көрсетуге дайын келбетті қыздарды іздеп, бай клиенттерді тартумен айналысқан.

Сотталушы қыздарға «демеушілерді» табуға, әлемді аралап көруге және өмірін жеңілдетуге уәде берген. Топқа кіру үшін 300 доллар сұраған. Жеңгетайлық қызметі үшін күдікті клиенттен түскен ақшаның 40%-ын өзіне алып, сыбайласымен бөлісіп отырған. Ал қалғанын қызмет көрсеткен қыз алған. «Кездесудің» құны бір сағат үшін 500 мың теңгеден бастап, әртүрлі бағамен өлшенген.

Сотталушылардың кінәсі куәлардың айғақтарымен, сараптамалық қорытындылармен және іс бойынша басқа да материалдармен дәлелденді.

Жаза тағайындау кезінде сот М.-ның жасаған ісіне өкінетінін, қылмысты ашуға белсенді түрде көмектескенін, жас баласының болуын жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды.

М. ҚК-нің 296-бабының 4-бөлігі, 309-бабының 2-бөлігі, 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған қылмыстар жиынтығы бойынша түпкілікті 6 жыл 6 ай түрінде жаза тағайындалды. Т. ҚК-нің 28-бабының 5-бөлігі, 309-баптың 2-бөлігі, 1- тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған 3 жыл 8 ай түрінде жаза тағайындалды, – делінген сот хабарламасында.

Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетсек, бұған дейін Әділет министрі Азамат Есқараев «Айканың тізіміне» қатысты пікір білдіріп, қазақстандықтардың жеке мәліметі жарияланып кеткені үшін жазаны күшейту мәселесін қарастыруға дайын екенін айтқан болатын.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ